Бангладештегі тұрмыстық жанжал кезінде қазақстандық азамат қаза тапты. Қазақстанның тағы бір азаматы ауыр жарақат алып, ауруханада жатыр деп хабарлады turkystan.kz zakon.kz-ке сілтеме жасап.
«26 наурызда Үндістандағы ҚР елшілігінің консулдық бөліміне Бангладеш аумағында бір компания қызметкерлері арасында тұрмыстық жанжал туындап, салдарынан Қазақстан азаматының қаза тапқаны туралы хабарлама келіп түсті. Марқұм пышақ жарақатынан көз жұмған», – делінген ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, елшіліктің консулдық бөлімі аталған оқиғаға қатысты толық ақпаратты анықтау және мәйітті Қазақстанға жеткізуге көмектесу үшін компания өкілдерімен және марқұмның туыстарымен үнемі байланыс ұстап отыр.
«Оқыс оқиға салдарынан тағы бір қазақстандық пышақтан зардап шеккен. Қазір ол Дакка қаласындағы ауруханалардың бірінде ем алып жатыр»,- делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, қазақстандықтар Бангладешке Руппур қаласында атом электр станциясын салумен айналысатын ресейлік компанияда жұмыс істеу үшін барған.