Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балаларымен бірге биік үйден құлап қаза болған әйелдің туыстары марқұм туралы айтты

0 564

  Бір күн бұрын Алматыда үш баласымен бірге тоғызыншы қабаттан құлап қаза болған әйел Бақтыгүл Қыдырбаеваның Шымкентте тұратын жақындарына жұрт көңіл айтып, қайғыларына ортақтасып жатыр. Туыстарының айтуынша, марқұмның жаназасы 24 қарашада Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Үлгілі ауылынан шығарылады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі сайтына сілтеме жасап.

Марқұмның анасы Анар Мырзабекованың хәлі ауыр. «Қандай ауыр еді…Бұған шыдай алар емеспін» деді өксігін баса алмаған ана. Жұрт оған көңіл айтып жатқан кезде қатты жылап, қайта-қайта талып қалып жатты.

Туыстары 28 жастағы Бақтыгүл Қыдырбаеваның мінезі жайлы, ашық болғанын айтады. Ол Өзбекстанның Шыршық ауданында туған. Бастауышта оқып жүрген кезде әке-шешесімен бірге Қазақстанға көшіп келген. Шымкенттегі орта мектептердің бірінде білім алған. Мектепті үздік бітірген. Мамандығы – дәрігер-терапевт. Үйдегі үш баланың ортаншысы: бір әпкесі, бір сіңлісі бар.

Бақтыгүл Қыдырбаева оқиға болардан бір күн бұрын анасымен WhatsApp желісінде хат жазысқан. Ол күні тұрмыс құрғанына 7 жыл толған. Сол күні күйеуінің де туған күні екен. Анасы қызының жағдайын білмек болып видеомен хабарласқан кезде қоңырауды кері қайтарған. Артынша анасына «бәрі жақсы» деп жазған.

Бақтыгүл Қыдырбаева және оның күйеуі. Отбасы архивінен алынған сурет. Туыстары суретті жариялауға рұқсат берген.

Ақпаратқа қарағанда, 6 жылдан бері Алматыда тұрып жатқан отбасының тұрақты табысы болмаған. Олар «Жетісу» шағын ауданындағы бір бөлмелі пәтерді айына 100 мың теңгеге жалдап тұрған. Екі жақтың туыстары отбасына көмектесіп отырған. Бірақ туыстары «тұрмыстық қиындыққа бола ғимараттан секірді» деген болжамға күмәнмен қарайды.

«Бір нәрсе жиналып қалған болуы мүмкін. Бірақ не екенін білмейміз» дейді туыстары.

Жақындары «оқиғаға тұрмыстық жанжал себеп болды» деген болжам жөнінде ештеңе айта алмайтынын жеткізді. Олардың сөзіне қарағанда, күйеуі Бақтыгүл Қыдырбаеваға туыстарымен «жиі араласуына шектеу қойған». Бірақ Бақтыгүлден отбасындағы жанжал, ұрыс-керіс жөнінде ештеңе естімеген. Дегенмен кейбірі «Бақтыгүлдің өзі туыстарымен жиі араласқысы келмеген» деген пікірде.

Ақпаратқа қарағанда, оқиға болған кезде күйеуі үйде болмаған.

22 қарашада Алматы полициясы бір әйел үйдің тоғызыншы қабатынан үш баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен деп хабарлаған. Қайғылы оқиға Жетісу ықшам ауданында болған. 28 жастағы әйел мен оның алты, бес және екі жастағы үш баласы көз жұмған.

«Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, оқиға себебі мен жай-жапсарын анықтау үшін жедел тергеу тобы құрылған.

Алматыдағы бір әйел мен үш баласының өлімі. Оқиғаның анық-қанығы
LG
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.