Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балаларды қуантып…

0 355

Елімізде қазан айының екінші жексенбісі Мүгедектер күні ретінде аталып өтіледі. Айтулы датаға байланысты облыс орталығында түрлі шаралар ұйымдастырылды.

Толғанай АТАБАЙ

Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамнан шеттетілмейді, оларға мерекеде ғана емес, барлық уақытта көңіл бөлу парыз. Тап осындай ұранмен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Шамшырақ-Тараз» мүгедектердің қоғамдық бірлестігімен бірлесіп мүмкіндігі шектеулі 50 баланың басын қосып, мерекелік шараға мұрындық болды. Бұл күні бүлдіршіндер үшін «Төрткүл» ұлттық-мәдени керуен сарайының есігі айқара ашылып, орталық іші думанға ұласты. Онда ұлттық спорттық ойындар ойнатылып, келушілер құрметіне демеушілер тарапынан ұлттық тағамдар тарту етілсе, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының өнерпаздары құлақ құрышын қандырар әндерін шырқады.
– Кембағал жандар мерекесі жыл сайын кең көлемде аталып өтіледі. Бүгінгі шараны облыстық халық шығармашылық орталығы қолдап, қаладағы «Дим-Ка», «Санта Круз» кондитерлік фабрикалары өздерінің өнімдерін шара қонақтарына ұсынып отыр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған мерекелік кеште балалар мен үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің қызмет алушыларына қала тарихымен жете таныс болу үшін «Төрткүл» керуен сарайында өткізуді жөн көрдік. Осылайша, балаларға туған жерінің тарихын танып, мерекені жақсы көңіл-күйде өткізуіне сеп боламыз, – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше меңгерушісі Жанар Жолдыбаева.
Тағдырдың жазуымен мүгедектіктің қамытын киген әр жастағы балалармен жұмыс істеу әлеуметтік сала қызметкерлерімен бірге ата-аналар үшін оңай шаруа еместігі белгілі. Балғын балалардың бойындағы өнерге деген қабілеті тіптен ерекше. Тек, әттең, туа біткен кемістігі болмаса дейсің іштей. Бұл күні балалар бір сәтке болса да көңілдері қуанышқа толып, мейірімді жандардың жүрек жылуын сезінді. Тіпті олар сахнада шырқалған әндерге қосыла кетіп, күмбір күйдің ырғағымен тербеліп отырды. Бұл үшін ата-аналар да ұйымдастырушыларға алғысын айтып жатты.
Сондай-ақ атаулы күнгі мерекеге Лондон олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, паратхэквондодан әлем чемпионы Нышан Өмірәлі, сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы Ғабит Есжанов пен пауэрлифтингтен әлем біріншілігінің жүлдегері Ерболат Кәрібай арнайы қатысып, жас жеткіншектерге ақжарма тілегін білдірді. Шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан қызмет алушыларға тәтті толы сөмкелер сыйға тартылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.