Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің қабырғасында гуманитарлық ғылымдар жоғарғы мектебінің «Қазақ филологиясы» кафедрасы жанынан құрылған «Жасын» әдеби-шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әкелер мен балалар» ойталқы шарасы өтті.

Арайлы Жақсылық

Қоғамның кейінгі көңілге қаяу салар дағдыларының әсерінен қазақы болмысымыздан ажырап, ұлттық дәстүрімізден адасып бара жатқанымыз жасырын дүние емес. Үлкеннен өнеге алып, кішіге жол көрсетуге бағытталған бұл ашық алаңға өңірге белгілі Елен Әлімжан, Болат Бекжанов, Рахым Садықбеков сынды қаламгерлер, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов және бірқатар қоғам қайраткерлері мен журналистер, ақындар арнайы қатысты. Ежелден қалыптасқан бабалар дәстүрін бүгінгі дәуір жастары қаншалықты орындап жүргені турасындағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, үлкендер мен кейінгі буынның пікірін тыңдау үшін ұйымдастырылған шара «Әкелер мен балалар» атты диалогтық композициямен ашылды. Одан соң бала өміріндегі әке рөлі турасында жан тебірентерлік бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Мұнан соң аталған оқу орнының мақтанышы, «Жасын» әдеби бірлестігінің мүшесі Көркемжан Бақытжанқызы сахна төріне қос буын өкілдерін шақырып, пікірлесіп, ойталқы жүргізді. Ортаға «Әкелер, үлкендер кейінгі буынды тәрбиелеуде нені ескермей жүр?» деген сауал тасталды. Ең алғаш сөз алған жазушы Елен Әлімжан өткен ғасырдағы, ерте замандағы әке өнегесі, қазақ қоғамындағы әке рөлі турасында ой қозғап, тыйым көрмей өскен баланың келешекте көрер қиындықтары да мол болатынын айтып, әңгімесін түйіндеді. Ал белгілі ұстаз, профессор, қаламгер Рахым Садықбеков болса, бала тәрбиесіне келгенде әрбір әке көркем әдебиетке жүгінуі тиіс деген бастама көтерді.
– Қазір кітап оқитындардың қатары сиреп кетті. Кітапханаға барып, баласына көркем әдебиет іздейтін әке некен-саяқ. Тіпті кейбір студенттеріміз «Абай жолын» оқымайтынын мақтан көреді. Бұл – өте түйткілді мәселе. Көркем әдебиеттің баламен қоса тұтас ұлтты тәрбиелеуде қауқары орасан. Біз соның маңызын жете түсінбей жүрміз. Қазақтың бар боямасыз болмысы көркем әдебиетте. Осыны ұмытпауымыз керек, – дейді ұлағатты ұстаз.
Жас буын атынан сахнаға көтерілген журналист, облыс әкімінің баспасөз қызметінің инспекторы, ақын Нұрболат Сатымқұл болса, Тәңір жазуымен әкеден ерте айырылғанын, әкесі турасында жылы естеліктерді жиі еститінін айтып, көпшілікті риза етті.
– Әкем бала кезімде дүниеден озды. Алайда өзі кетсе де, жақсы адамның жасаған игі істері көптің есінде қалады екен. Әзірге өзім отбасын құрған жоқпын. Әке тәрбиесі жөнінде ауыз толтырып ештеңе айта алмаймын. Алайда балаларыммен барынша ашық болуға, ата дәстүрімізді де ұмыт қылмай, бүгінгі күннің ағымына ілесіп тәрбие беремін деп ойлаймын. Барлығы уақыттың еншісінде, – деді Нұрболат Ақынғалиұлы.
Сонымен қатар жас буын атынан шыққан Нұрболат Сатымқұл мектептегі ұстаздар қатарын ер азаматтармен толықтыру қажеттігін баса айтты. Себебі қоғамда ер адамның рөлін ешкім баса алмайды. Әр балаға ата-анасынан кейінгі үлгі тұтарлық азамат – әлбетте мектептегі мұғалім. Мұғалімге бала еліктеп өседі, берген білімін санаға тоқып өседі. Жас педагогтарды даярлап отырған білім ордасының студенттері бұл пікірге ризашылық білдіріп, қошемет көрсетті.
Әрі қарай ойталқы алаңына Болат Бекжанов, Еркінбек Солтыбаев, Темірбай Мұқашев, Хамит Есаман, Бауыржан Мурбеков сынды азаматтар көтеріліп, көкейдегі біраз түйінді тарқата түсті. Көрермендер тарапынан да сауалдар қойылып, мардымды жауаптар айтылды. Жиын барысында күй күмбірлеп, ән шырқалды, студенттер әзірлеген видеосауалнама көпшілік назарына ұсынылды. «Жасын» бірлестігінің жас ақындары жыр оқып, жиынға келген тұлғаларды тәнті етті.
Шара соңында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2-курс студенті, «Жасын» әдеби бірлестігінің мүшесі Әлихан Наргеев Ұлыбританияның тұңғыш әйел Премьер-министрі Маргарет Тэтчер туралы өзі жазып жатқан деректі кітабы туралы аздаған аңдатпа келтірді. Сонымен қатар жасындық жас ақындардың латын қарпіндегі «Жастықтың оты жалын жыр» атты жыр жинағы көпшілік назарына ұсынылып, оқу ордасының ректоры Ержан Әмірбеков пен жазушы Елен Әлімжан жаңа туындының тұсауын кесіп, жастарға шығармашылық табыс тіледі.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған