Бала тәрбиелеп, ұрпаққа білім үйретумен ерекшеленген жандар қашанда құрметке ие.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Елімізде қазан айының алғашқы жексенбісі Ұстаздар күні ретінде бекітіліп, жыл сайын мұғалімдерді ұлықтау дәстүрге айналған. Биыл да көне шаһарда аталған дәстүр жалғасын тауып, «Жастар» саябағында ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев қатысып, ел болашағы үшін мұғалім мамандығының қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар кеште көне шаһар ұстаздарының мерейі қашанда үстем екендігі айтылып, талай додаларда топ жарып, толағай табыстарды еншілеген ұстаздар марапат төрінен табылса, білім саласындағы білікті 10 қызметкер қала әкімінің ақшалай сыйақысына ие болды.
Ағымдағы жылы қаладағы мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен арнаулы орта мектептерде 8252 педагог еңбек етеді. Ал биыл біліктілігін арттыру курсынан өткен 5 мыңнан аса ұстаздың жалақысы 30 пайызға артты. Ұлағатты жандарды ұлықтауға арналған салтанатты шарада жыл санап мұғалімдер мәртебесінің артып келе жатқандығы да айтылды. Биылғы оқу жылында қаладағы ұстаздар саны тағы 371 жас педагогпен толықты. Өз кезегінде жас мамандар сахнаға көтеріліп, кәсібін мінсіз атқаратындығын айтып, ант қабылдады.
– Адам баласына көмектесу игілікті істердің бастамасы екенін білемін. Мұғалім болу – менің бала күнгі арманым. Міне, мен де арманыма қол жеткізу арқылы ел болашағын тәрбиелеуге өз үлесімді қосатын боламын. Ендігі алға қойған мақсатым – білікті ұстаздардың қатарынан көріну, білімді жастар тәрбиелеу. «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің міндеті деп ойлаймын. Қазір жас маманмын, болашақта ұлағатты ұстаз болу – басты арманым, – дейді жас маман Ислам Дүйсенәлиев.
Сондай-ақ мерекелік кеште мәртебелі мамандық иелеріне облыстық «Araı», «Білім шырағы» және қалалық «Jambyl-Taraz» газетіне 1 жылға тегін жазылым сертификаты табыс етілді. Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының оқушыларының әзірлеген концерттік бағдарламасы кеш көркін қыздырып, соңы отшашумен түйінделді.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған