Ақтөбе облыстық ауданаралық мамандандырылған сотында облыстық білім беру басқармасы мен оның еншілес мекемесі «Ақтөбе-Дарын» аймақтық ғылыми-практикалық қосымша білім беру орталығына» қатысты іс қаралды деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
«BILIM Aktobe» ЖШС аталған мекемелерді әрекетсіздіктері үшін жауапқа тартуды сұраған. Бір қарағанда күнделікті іс болып көрінгенімен, оны ақтару барысында неше түрлі жайттар анықталды. Мәселен, облыстық білім беру басқармасы балалардың білімі мен дамуына бөлінген ақшаны Тұрсынбек Қабатов пен Ninety one тобына жұмсаған.
Істі тексеру кезінде компанияның оқу-танымдық лагерьді ұйымдастыруға арналған нысанды сенімді басқаруға алғаны белгілі болды. Ал шенеуніктер бұл қызметтерді сатып алу бойынша тендерлерді болдырмаған.
Мемлекеттік сатып алулар сайтында жарияланған техникалық спецификацияға сәйкес, әкімдік 12-15 жас аралығындағы балаларды оқыту мен жаттықтыруды ұйымдастыруға ақша бөліп отырған. Жоспар бойынша, оқушылар (негізінен ауылдық) әр ауысымда жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар бойынша тереңдетілген білім алуға қол жеткізуі керек еді. Мұнда ең маңызды әрі қажетті деген пәндер таңдалған: дүниежүзі тарихы, Қазақстан тарихы, қазақ тілі, ағылшын, орыс тілі, неміс тілі, химия, физика, математика, география, информатика.
Одан бөлек, лагерьде жас спортшыларға, ақындар мен болашақ журналистерге арналған іс-шаралар қарастырылған. Басқаша айтқанда, балалар білімдерін жетілдіріп, олимпиадаға дайындалуға тегін мүмкіндік алар еді.
Бастапқы ой керемет болғанымен, кейін ол дұрыс жүзеге аспады. 2019 жылы шенеуніктер лагерьді ұйымдастырмайтын болды. Өйткені қатысушылардың қажетті саны жиналмады. Оны қайта ұйымдастыру туралы да хабар болмаған. Тергеу ісіне де себеп болғаны осы.
Облыстық білім беру басқармасы мен оның еншілес мекемесі «Ақтөбе-Дарын» аймақтық ғылыми-практикалық қосымша білім беру орталығының» әрекетсіздігі заңсыз деп танылды. Олар байқауды ұйымдастыруға немесе әлеуетті қызмет жеткізушілердің бірімен келісім-шартқа отыруы тиіс еді.