Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Балағат сөздер айтты»: суицид жасаған Бекееваға қарсы мәлімдеме жасалды

0 200

Шымкент қалалық ПД баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева әлеуметтік желіге ведомство басшылығын өзіне қысым көрсетті деп айыптаған жазба жариялап, содан кейін өз-өзіне қол жұмсау әрекетінен кейін комаға түскен еді. Ал қазір департамент өкілдері оның өзіне қарсы айғақтарын алға тартып отыр деп хабарлады turkystan.kz.

«Наурыз айының соңында Youtube арнасында департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі полиция қызметкеріне қарсы балағат сөздер айтты деген жазба пайда болды. Осыған байланысты Шымкент қалалық Полиция департаментің басшысы қызметтік тексеру тағайындады. Нәтижесінде Ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері баспасөз қызметінің басшысымен әңгімесін жазып алған полицейді анықтады. Қызметкер қарт ата-анасының жалғыз асыраушысы болғандықтан, бұл әңгімені өзін жұмыста қалдыру үшін өткен жылдың желтоқсан айында жазып алғанын түсіндірді», – деп хабарлады ведомстводан.

Жергілікті ПД мәліметінше, Мөлдір Бекеева күн сайын жанжал шығарып, балағат сөздер айтып, қызметкерінің ар-намысын қорлаған және оны жұмыстан шығарамын деп қорқытқан көрінеді. Ал оған төзбеген қызметкер жазбаны достарымен WhatsApp желісінде бөлісіп, «өзі моральдық және психологиялық қысымға төтеп бере алмай, ауруханаға түскен». Оның сөзін баспасөз қызметінің өзге қызметкерлері мен 5 жүргізуші растапты. Содан кейін ол қызметкер Бекееваның үстінен қылмыстық іс қозғау туралы шағым түсірген.

«Оның арызы ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы («Билік өкілін қорлау») бойынша тіркелді. Өтініш бойынша сотқа дейінгі тергеуді анықтау бөлімі жүргізеді. Ал Қаратау аудандық полиция бөлімінде өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге итермелеу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір Мөлдір Бекеева ауруханада жатыр», – деп мәлімдеді Шымкент қалалық ПД Ішкі қауіпсіздік басқармасы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.