Балқашта қаскүнем зейнеткердің ұялы телефонын тартып алды деп хабарлады turkystan.kz.
Тонау оқиғасы жайлы 1 сәуірде Қарағанды облысы Балқаш қаласының полиция бөліміне хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобына 72 жастағы жәбірленуші ер адам көпқабатты үйдің ауласында болғанын және ұялы телефонмен сөйлескенін түсіндірді. Кенет зейнеткерге белгісіз біреу жүгіріп келіп, ұялы телефонды алып, қашып кеткен. Шығын мөлшері 140 мың теңге деп бағаланған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 36 жастағы күдікті ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін толық мойындады. Заттай дәлелдемелер алынды.
ҚР ҚК-нің 191 бабы («Тонау») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.