Қалалық қоғамдық-саяси газет

Байзақтағы қоныстой

0 84

Республика күні мерекесі қарсаңында ынтымақ пен бірлікті ту еткен сарыкемерліктер «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы көпке үлгі көрсетті. Осылайша байзақтықтар аудан орталығында тұратын тұрмысы төмен отбасының біріне баспаналы болу қуанышын сездірді.

Қуанышқа толы қоныстойда аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков, ауыл тұрғындары атынан еңбек ардагері Қыдыралы Оралов, «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл жүрекжарды лебіздерін арнады. Содан соң жаңа баспананың салтанатты лентасы қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Тұрғын үйдің кілті отағасы Жолдасбек Асқарға табыс етілді.
Сондай-ақ осы күні Қостөбе елді мекенінің тұрғыны Жәнібек Рахманбердиев те жемісті жобаның арқасында баспана бақытына кенелді. Қостөбедегі шарада аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов, еңбек ардагерлері Мария Александровна мен Қадыр Зулуфов жүрекжарды лебіздерін арнап, қуанышқа арналған шашу шашылды.
Жалпы ағымдағы жылы аудан бойынша барлық ауылдық округте жағдайы төмен отбасыларға баспана салып беру қолға алынып, нәтижесінде жыл басынан бері Көктал, Үлгілі, Диқан, Кеңес және Байзақ елді мекендерінде бірнеше жанұяға жаңа баспананың кілті табысталды.

Әмина ҚАЙРОШҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.