Қалалық қоғамдық-саяси газет

Байбарыс баһадүр жолымен

0 351

Биыл – Дешті Қыпшақ даласында туып, даңқы дүниеге жайылған, аты Алаштан асып, құдіреті құрлықтарға тараған Сұлтан Байбарыс халқымен қайта қауышқан жыл болды. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әлемге әйгілі баһадүр бабамыздың мерейтойы кең көлемде тойланып, ғылыми жиындар мен іргелі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Қайта түлеген Байбарыс мешіті

Өткен жылы Президентіміз Ақордада Әл-Азһар университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебті қабылдаған кезінде Қазақстан тарапы Каирдегі Сұлтан әз-Захир Байбарыс мешітін қайта жөндеуге үлес қосатынын тілге тиек еткен-ді. Баhадүр Байбарыстың атын ұлықтауға арналған іс-шаралар да Мемлекет басшысы тікелей назарда ұстаған Каирдегі Байбарыс мешітінің ашылуымен, ғылыми зерттеу кітаптың ел назарына ұсынылуымен және тағылымды жиындардан басталды.

Ата тарихтың арқау түйіні мен айдау жолына көз салсақ, қашанда тарихты тұлғалар жасайтынын аңғарамыз. «Көп түркі енші алып тарасқан» (Мағжан) Ұлы даланың ұлан белінен атқа мініп, дүн-дүниеге танылған тұғырлы тұлғалар аз емес. Сондай танымал тұлғалардың алдыңғы легінде Мысырдағы Мәмлүктер мемлекетінің даңқты сұлтаны әрі мұсылман әлемінің қорғаны ретінде тарихта жарқын із қалдырған Байбарыс сұлтан, өз дәуірінің  атаулы рәсімімен айтсақ, әл-Мәлік әз-Заһир Рукн ад-Дин Байбарыс ибн Абдуллаһ әл-Салихи әл-Бундуқдари тұрары хақ. Сұлтан Байбарысты замандастарының «дүние мен діннің тірегі, сайыпқыран, таңдалған тұлға, арабтың, ғажамның һәм түріктің сұлтаны, кәпірлердің қалаларын алған баһадүр, өз дәуірінің Ескендірі, екі теңіздің үкімдары, мұсылмандардың әміршісі, қос құбыланың мәлігі, Мекке мен Мәдинаның қызметшісі» деп атағаны көп жайды аңғартса керек.

апр

Әрине, Әл-Фараби сияқты әлемге әйгілі тұлға болғандықтан, түрлі жиындар алуан тараптан сұлтан Байбарыстың тарихнамасын қаузары хақ. Соның бірі ретінде аз күн бұрын мәңгілік пирамидалар мекені, көне өркениеттер бесігі болған Мысыр еліне Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация құрамында жұмыс сапарымен бардық. Делегация құрамында парламент депутаттары, белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, журналистер болды. Негізгі мақсат – Мысырда мәмлүктер мемлекеті­нің негізін қалаған, ұлы билеуші Сұлтан Байбарыстың 800 жылдығына арналған іс-шараға қатысу.

Салтанаты келіскен, сәулеті ерек ме­шіт­тің қабырғалары Құран Кәрім аят­­та­ры­мен көмкерілген, араб-шығыс мәнерін­­дегі әдемі өрнектермен әдіптелген. Бұл ме­шіт­ті Сұлтан Байбарыс бабамыз 1266-68 жыл­дары салдырған. Осыдан 16 жыл бұ­рын Мысырға жол түскенде тарихи ғи­ма­раттың талай жылдар бойы қарау­сыз қалып, қаңырап жатқанын көріп, көңі­ліміз бұзылған еді. Енді міне, дүниені дүбір­леткен даңқты сұлтанның мешіті біраз уақыт күрделі жөндеуден өтіп, қазақ елінің қамқорлығымен, Мемлекет басшысының қолдауымен қайта ашылды.

вап

Ашылу рәсімінде Мәулен Сағатханұлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ­Ке­мелұлы Тоқаев пен Мысыр Президенті Аб­дул-Фаттах ас-Сиси мешіттің жөнде­луі­не ерекше көңіл бөліп, үлкен қолдау көр­сет­кенін атап өтті. Сондай-ақ Сұлтан Бай­барыстың 800 жылдығына арналған ха­лық­аралық конференцияда Мемлекет бас­шысының жылы лебізін оқып берді. Жиын­ға мәртебелі меймандар мен қоғам қай­раткерлері, дипломаттар мен ғалымдар қатысты.

Тұғырлы тұлға туралы тағылымды жиын­да баһадүр Байбарыс сұлтан туралы кітаптың тұсауы кесілді. Белгілі ғалым Мех­мет Түтінжі құрастырған ағылшын тіліндегі іргелі кітап «Sultan Baybars, King of Arabs, non-Arabs and Turks. From the great steppe to the great sea» (Арабтар, ғажамдар және түріктердің патшасы – Сұлтан Байбарыс. Ұлы даладан ұлы теңізге дейін) деп аталады. Айта кету керек, толықтырылып жатқан бұл іргелі еңбек қазақ және түрік тілдерінде де жарық көреді. Сұлтан Байбарысқа ар­налған халықаралық ғылыми конференцияда белгілі ғалымдар пайымды ой-пікірлерін ортаға салып, тағылымды тұжырымдар жасады, құнды байламдар айтылды.

Расында, ғылыми әдебиеттер мен зерттеулерде Байбарыстың шыққан тегі мен есім-сойына қатысты қарама-қайшы пікір­лер бар. Сондықтан ең әуелі, қара базарда сатылған құлдықтан айбары асқан, алтын тәж киген, сұлтандыққа дейін көтерілген, атағы әлемге жайылған әйгілі сұлтанның тегін нақтылап алған жөн. Біріншіден, деректер мен шежірелерде, жылнамалар мен көне тауарих кітаптарында сұлтанның аты «Байбарыс» деп айтылады. «Бейбарыс» деген ат қазір құлаққа сіңісті болып, әсіресе Симашконың әйгілі шығармасынан ке­йін кеңінен қолданысқа түсіп кеткенімен, мұның жаңсақ екенін айтқанымыз жөн. Байбарыстанушы Қайрат Сәки мырза да осы пікірді айтып жүр. Байбөрі, Байтайлақ деген сияқты, Байбарыс деген атау да оның тегін әйгілей түседі. Сондықтан баһадүр бабамызды тарихи атауымен Байбарыс деп атаған жөн сияқты. Екіншіден, Ибн Абд-аз-Захир әр-Рауз әз-Захир Байба­рыс­ты «қыпшақ тайпасының бөрілі руы­нан тарайды» деп нақтылап жазады. Үшін­шіден, Байбарысқа қатысты барлық ескерт­кіштерде барыс бейнесі қашалғаны баршамызды ойландырарлық ишара екенін де ұмытпау керек. Төртіншіден, замандасы Ибн Шәддад Байбарыстың туған інісінің берген мәліметіне сүйене отырып, оны «1227 жылы қыпшақ даласында дүниеге келген» деген дерек айтады. Ал, XIV ғасырдағы мысырлық тарихшы ал-Айни Байбарыстың Бурдж тайпасынан шыққанын, оған «мин Бурдж оглы кабилятун мин түрк» деген өзінің сөзі дәлел, деп хабарлайды. Қалай болғанда, әл-Мәлік әз-Заһир Рукн ад-Дин Байбарыс ибн Абдуллаһ әл-Салихи әл-Бундуқдари ретінде тарихта өшпес із қалдырған даңқты сұлтанның түркілік тегіне ешкім шүбә келтірмейді.

Араб, ғажам һәм түрік сұлтаны

Тарихи құжаттарда Мысыр мен Таяу Шығыста өз саяси үстемдігін орнатып, көш­­пелілерге тән мемлекет үлгісін құр­ған түр­­кілер елін «әд-Дәулет әт-Түркийе», яғ­ни «түр­кілер мемлекеті» деп атаған. Ұзақ та­рихтың керуен жолымен жүріп өтер болсақ, «Түрік» атауымен аталатын мемле­кет­­тік құрылымдар санаулы ғана. Атап айт­қанда, кезіндегі айбарлы Естеми, Бумын қа­ған­дар билеп, тарихы тасқа қашалған Түрік қағанаты. Одан кейінгі осы атауды алған, сөзімізге тұздық болып отырған Мә­млүк­тер империясы. Кейін бұл айбынды атау­ды Мұстафа Кемал Ататүрік Түркия респуб­ликасының атауына айналдырғаны белгілі.

Байбарыс мұсылман әлемін сақтап қалу жолында Алтын Орда – Ұлық ұлыс билеушісі Беркемен одақтасып, бекем сая­си-дипломатиялық байланыс орнат­ты. Байбарыс пен Беркенің әскери, саяси-дипломатиялық сәтті одақтастығы Хұлағу мен Кресшілер жорықтарына жой­қын тойтарыс беріп, Орта Азия мен Таяу Шы­ғыста ислам дінінің өркендеуіне даңғыл жол ашты. Тарихи құжаттарда Мысыр сұл­тандығы мен Ұлық ұлыс арасында 50-ге жуық елшілік байланыстар жасалғандығы айтылады. Тіпті Байбарыс дүниеден өт­кен соң да мәмлүктер өздерінің атажұрты – Еділ-Жайық аймағы мен Орталық Азиядан қол үзбей, үнемі саяси және экономика­лық байланыстар жасасып отырған екен. Қаһарлы Шыңғыс жорығынан жөңкіле шегінген түрік бектеріне қорған болған Байбарыс олардың басын біріктірген. Хорезмнен келген Берке ханның қызын алып, одан туған мұрагер ұлын Берке деп атауы соның бір айғағы.

Байбарыс кезеңінің қым-қуыт, аласапыран заман болғаны белгілі. Шыңғыс хан дүниеден озып, жаңа ұлыстар пайда болып, тартыстар қыза түсті. Жер-жаһан жорықтардан қан сасып, алапат соғыстан сан мыңдаған бейбіт тұрғындар қырылып жатты. Балалар құлдыққа жегілді, әйелдер күңдікте жүрді. Сол алмағайып заманда ата-анасынан айырылған Байбарыс та Қарате­ңіз жағасында құлдыққа сатылды. Көк көзін­де ақ дақ болғандықтан, ол бар болға­ны 40 динарға бағаланыпты. Салыстыру үшін айтайық, мәселен, Қалауын 1000 ди­нарға сатылған екен. Кейбір сымбат­ты жігіттер үш мың динарға дейін бағалан­ған. Құл сатушылықты арнайы пайда көзіне айналдырғандар олардың кейбірін ұрлап әкетіп сатса, енді бірін ата-аналары күнкөріс көзін қамтамасыз ету үшін, қарыз бен салықтарын төлеу үшін беріп жіберіп отырыпты. Байбарыс пен бауыры қастықпен қолға түсіріліп, қазіргі Түркия жеріндегі Сивас қаласында сатылған. Бай­барыс кейін сұлтан болғасын сол Сивас қаласындағы құл базарға барған. Батыр­лықпен бірге бойына тақуалықты да сіңіре білген данышпан өзін құлдықтан сұлтан­дық дәрежесіне жеткізген Тәңірге шүкір­ші­лік етсе керек. Жалпы, Дешті қыпшақ­тың ұлдары мен түркінің кіндігінен тарай­тын жас жігіттер жауынгер, қайтпас қайрат­ты болғандықтан, құлдыққа көбірек түс­кен көрінеді. Бұл туралы әл-Омари «қып­шақ даласынан шыққан түркілер ержүрек әрі дене бітімі көз тартарлық сымбатты бо­лып келеді» дейді. Әсіресе католиктік Еуропа тарапынан Мысырға қарсы жасалған Крес жорықтары кезінде Орта Шығыста мәмлүктердің маңызы арта түскені белгілі. Кейіннен олар Айбек, Құтыз, Байбарыс сын­ды қолбасшылардың жасағында Крес жо­рықтарына қарсы ғазауат майданында үлкен жетістіктерге жетіп, алдыңғы Азия аймақ­тарында саяси күшке ие болды.

Ніл бойында салтанатты сұлтандық құрған мәмлүктер адамзат тарихындағы ұлы бетбұрыстарға оң ықпал етіп, ислам мәдениеті мен түркі өркениетінің өркен жаюына айтарлықтай сүбелі үлес қосты. Сондықтан да, мемлекеттің негізін қалаған Муизиддин Айбек, Сәйф әд-Дин Құтыз, әл-Мансұр Қалауын, әз-Захир Байбарыс сынды аса көрнекті сұлтандар түркі-мұсыл­ман әлемі тарихында жоғары құрметке ие тегеурінді тұлғалар саналды.

Бұл ретте Сұлтан Байбарыс – адамзат тарихына бетбұрыс жасаған, өркениет­тің дамуына айрықша ықпал еткен тегеурін­ді тұлға екені анық. Кейбір мұсылман та­рихшылар оны пайғамбар әскерінің жеңім­паз қолбасшысы Халид ибн әл-Уалид және әйгілі сұлтан Салах-ад-дин Аюбимен салыс­тырады. Профессор Фуат Көпрүлі сияқты ғалымдар Байбарысты бұлардан да жоғары бағалайды. Мұсылман тарихшылар арасында Байбарыс жеңіске жеткен Айн-Жалут соғысын әзіреті пайғамбар заманындағы атақты Бәдр шайқасына теңеушілер де бар. Осы тұста, хақ дініміз – исламды әкелген Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) болса, оның сақталып қалуы мен өркен жаюына зор үлес қосқан Байбарыс сұлтан екенін баса айтқанымыз жөн. Өйткені, 1260 жылы болған осы соғыс алдында ислам діні үлкен қатердің алдында тұрды. Халифатты Хұлағудың қатыгез әскерлері басып алды, мұсылман елдерінің бірқатары отарлық қамытын киді, қалған бөлігін де үрей биледі. Екінші жақтан крес жорықшылары қыспаққа алып, ислам әлемінің жойылып кету қаупі тұрды. Бір айта кетерлігі, осы соғыста Хұлағу әскерін бастаған Кетбұға мен Шыңғыс ханның замандасы Кетбұға биді шатастырмаған абзал. Өйткені екеуінің арасында ғасырға жуық уақыт бар екенін ұмытпауымыз керек.

Бұл шайқас Байбарыстың жеңімпаз­дық қырын, қолбасшылық әлеуетін жарқыра­та көрсетті. Ұлы даланың төсін дүбірлет­кен аталарының көшпенділерге тән соғыс өнерін көрсетіп, мұсылман әлемін қорғаған сұлтанды сол кездегі жылнамашылар пай­ғамбар сахабасына теңейді. Қалай болғанда да, бұл соғыс діннің қасиетті жерлерін қор­ғап, исламның тынысын кеңейткен сим­волдық мәні асқақ ғазауат еді.

Аин-Жалуттағы даңқты шайқастан кейін билікке келген сұлтан, сол жы­лы жеңісіне арнап ескерткіш соғуға бұй­рық береді. Ибн Абд әл-Хахиридің куәлан­ды­руынша, ол мейманасын тасытқан осы ұлы жеңіс үшін құдайға алғысын біл­діргісі келген. Бұл жер Құранда айтылатын Талут пен Жалут арасындағы мифтік шай­қас өткен жер саналатыны белгілі. Інжіл үзінділеріндегі Дәуіттің Ғолиятты жеңу және Гедеонның мидиандықтармен шай­қасы, Саул патшаның алып філістірді жеңуі осы символдық жеңіске теңестіріледі. Аңыз желісінде Дәуіт пайғамбарға осы жеңіс­тен кейін патшалық қонғаны айтылады. Осындай істерімен сұлтан Байбарыс өзінің пайғамбар мұрасына, оның сахабалары­на адал қызмет қылғаны анық аңға­рылады. Сол арқылы ол «қос құбылаға» бірдей қыз­мет қылған дін қорғаушысына айналды. Ол құбыланың бірі Мекке болса, бірі – Құдс яки Иерусалим екені белгілі.

Міне, Байбарыс осындай қаратүнек жағ­­дайда арыстандай қайрат көрсетіп, жаудың бетін біржола қайтарып, мұсылман үмбетін құтқарып қалды. Кетбұға басқарған әскерді тасталқан етіп жеңіп, франктер мен армяндарға күйрете соққы берді. Хаш­хашилер сияқты іштен шыққан арамза ағымдарды тұншықтырып, діннің тазалығын қамтамасыз етті. Бұрын Мысырда ықпалды болған шииттік бағыттың орнына сүннит­тік бағытты үстем етіп, Шафи мазһабы­ның ықпалын теңестіру үшін әр қалаға төрт ірі мазһабтан қазылар тағайындады. Сол арқылы ханафи мазһабының кең тарауына жол ашты. Әл-Әзһардың мәртебе­сін биіктетті. Пайғамбарлар мен сахабалар, әулиелер мен рухани тұлғалардың мұ­расына терең құрметпен қарап, сопылық жолға да ден қойды. Бұл тұрғыда батыр қолбасшы, көреген басшы ғана емес, руха­ниятқа бойлаған парасат иесі болғанын атап өткен жөн. Сол кезеңде Ибн Таймия сияқты қазіргі салафи ағымының негізін қалаған ғалымдар да болған. Байбарыс орта жолды ұстанатын ғалымдарды қолдау арқылы сол тұста салафилік ағымның кең тарауына жол бермеді. Халифатты қал­пына келтіріп, ислам әлемінің айбатты қор­ғаушысына айналды. Андре Клот сон­дықтан қаһарлы сұлтанды «франктер, армян­дар және моңғолдардың түбіне жет­кен иман қаһарманы» деп бағалайды. Кейбір еуропалық тарихшылар оны «ба­тысты да бүлінуден аман алып қалған ­батыр» деп санайды.

Расында, Байбарыс билікке келмес бұ­рын Мысыр моңғолдар мен крес жорық­шы­лары арасында әбден қалжырап, елдігі­нен ажырап, мүлдем құрып кету қаупі алдын­да тұрды. Тақ таласы толастамады, да­рынсыз сұлтандар да елге тұтқа бола алмады. Сондықтан Байбарыс негізін қалама­са да, Мәмлүк мемлекетінің нағыз құрушы­сы болып саналады. Тарихи деректерге жү­гінсек, Байбарыстың қолбасшылығымен Крес жорығына қарсы негізгі шабуыл 1265 жылы басталып, бірінен кейін бірі дұшпандарын тізе бүктірумен аяқталады. Осылайша, Сирияның бір бөлігі және Хижаз (Мекке мен Мәдина) бен Мысыр моңғолдардың шабуылынан аман қалады. Одан кейін Кіші Армения мемлекетіне қарсы жорықтар жасап, оларды да тізе бүктіреді.

Артынша мұсылман әлемінің бірлігін нығайту үшін кресшілер мен моңғолдарға қарсы Анадолыдағы мұсылман түріктеріне қол ұшын берді. Осылайша, Елбистанда Құлағу қолын екінші мәрте жеңіліске ұшыратады. Тарихи деректерде, Сұлтан Байбарыстың қолдауының арқасында түрік­тердің Анадолыда тұрақтап қалуына ықпал жасағандығы айтылады. Сол сияқты, Сириядағы соңғы кресшілер қалдығын жойып, Антакияда да ойсырата жеңеді. Осылайша, ол Таяу Шығыстың айбынды көсемі, мұсылман әлемінің қорғаны, асыл діннің алдаспаны – Сұлтан Байбарыс – «Абул-Футух», яғни «Жеңістердің атасы» деген атаққа ие болды.

Байбарыс тек жау жүрек жауынгер ғана емес, стратег қолбасшы әрі қажырлы мемлекет қайраткері, реформатор ретін­де мемлекетті көркейтті. Мемлекеттік жү­йе­ні нық орнықтырды, орталық билікті ны­ғайтты, халықтың әл-ауқатын арттырды. Мысыр сұлтандығына тиесілі территорияларды қорғай отырып, мемлекет шекарасын шегендеді. Байбарыс сұлтан тұсында қалыптасқан Мәмлүктер шекарасы мемлекет тарихында іс жүзінде өзгеріссіз қалды.

«Сайф Алла – Алланың алдаспаны»

Ел астанасы Каирде сарайлар мен мешіттер тұрғызып, қолөнер, сауда және өнер салаларын дамытуға зор ықпал жаса­ған Байбарыстың ізін Африканың алып елінен қазір де көруге болады. Оның Дамас­кі­дегі кесенесі және оның жанындағы Зәкә­рия медресесі – Байбарыс сұлтан атынан тұрғызылған айшықты сәулет туындылары саналады.

Сонымен қатар сұлтан Байбарыс Хомс маңындағы Халид ибн әл-Уәлидтің қабі­рін қалпына келтірді. Ал Халидтің әз-пай­ғамбарымыздың соғыстарында қол бастап, жеңімпаздығы үшін «Сайф Алла» атанған даңқты қолбасшы екені мұсылман жазбаларында айтылған. Кресшілер мен Хұлағу басқыншылығына табысты тойтарыс бергеннен кейін Байбарысты да сол заманның тарихшылары «екінші Сайф Алла» яки «Алланың алдаспаны» деп атай бастады. Мәмлүк сұлтаны осы арқылы өзінің діни танымын да айғақтай түскендей әсер қалдырады.

Байбарыстың тұсында ислам ғылы­мының шарықтаған дәуірі болды. Ол өзінің жеке қолдауымен мешіт-медреселер салдырып, Сириядағы моңғолдар қиратқан бекіністер мен ғимараттарды қайта қалпы­на келтіртті. Каирдегі және мұсылман әле­міндегі ғұламалар мен ғалымдарға үлкен қолдау көрсетіп, ғылымға айрықша ықы­лас көрсетті. Сол тұстағы Мысыр моң­ғолдар мен Крес жорығына байланысты өз елінен кетуге мәжбүр болған түркі және мұсылман ғалымдары паналайтын өркениет орталығына айналды. Мысалы, ол өзінің медициналық зерттеулерімен танымал болған ортағасырлық араб дәрігері Ибн Нефис сынды ғалымдарды қамқорлығына алды. Каир мен Сирияда арруханалар салдыртып, дәрі-дәрмекпен үнемі қамтамасыз етілуіне ықпал жасады.

Сол сияқты ол Айн-Жалут шайқасынан кейін Мысырдың екі маңызды қаласы – Каир мен Дамаск арасында түркілерге тән хабаршылар жүйесін құрды, осының нәтижесінде екі қала арасындағы хабарды төрт-ақ күнде алатын жетістікке жетті. Сонымен қатар, басқа да көлік жобалары ретінде көпірлер мен порттар салдырып, теңіз жолдарын кеңінен пайдалануға мүмкіндік жасады. Ауылшаруашылығын дамыту үшін суармалы жерлерді кеңейтіп, халықты егіншілікке баулыды.

Байбарыстың тағы бір еңбегі, ол қып­шақ тілін Мысырдың мемлекеттік тіліне айналдырды. Сарайда қызмет еткісі келетін кез келген жан түркі тілін меңгеруге тиіс болды. Ол жат жерде жүрсе де тегін ұлық­тап, тілін дамытты. Сол сияқты, Қала­уын сұлтан, Алмас әмір сынды кейбір билеу­шілер де араб тілінде сөйлемей, үнемі жан­дарына аудармашы ұстаған. Осының нәтижесінде Мәмлүктер дәуірінде түркі тілі Арабия және Солтүстік Африкаға де­йін кеңінен таралып, сол кезеңде бірқатар араб­ша-түрікше сөздіктер де жазылған. Сол себепті біз сұлтан Байбарысты қай жағынан алсақ та, айрықша ардақтауға тиіспіз. Ол – бір қазақтың ғана емес, адам­заттың тағдырына әсер еткен, дүниенің дамуына ықпал жасаған, әрбір мұсылманға мақтаныш болған ұлы қайраткер. Өкінішке қарай, бүгінде бүкіл дүниежүзі білетін Салах-ад-динге қарағанда Байбарыс туралы әдебиеттер жоқтың қасы. Осы орай­­да Қазақстанның Байбарыс мұрасына иелік етуі – қуанышты жағдай. Мысырдағы тең­­десі жоқ бұл тарихи мұралар Қазақстан үшін айрықша маңызға ие. Осыған байла­нысты, Қазақстан Республикасының қолдауымен Мысырдағы мәмлүк мұралары қамқорлыққа алынып, зерттеу, сақтау, қорғау жұмыстары іске асырылды. Сондықтан Мысыр елінде Қазақстанды Байбарыс арқылы танитындар да күрт көбейген.

Дешті қыпшақ топырағында дүниеге келіп, жат жерде мәңгілікке дамылдаған түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, асыл дін­нің алдаспаны – Байбарыс Сұлтан бүгінде Еділ мен Ніл арасындағы түркі-мұсылман халықтарының рухани байланысын жаңа деңгейге көтеріп, бауырлас елдердің достық нышанына айналған тұғырлы тұлға ретінде тарихта мәңгі қала бермек. Сол сияқты, Мысыр тарихында терең із қалдырған Құтыз, Қалауын, Айбек, Қайтбай, Айтбай сияқты тұлғалар да біздің қандастарымыз, сондықтан олар да қазақ тарихында лайықты орын алуға тиіс деп ойлаймыз.

Сондай-ақ сапар барысында Мысырдың Уақыптар министрі Мұхаммед Мұхтар Жұмамен және Әл-Азhар университетінің ректоры Саляма Даудпен кездескен кезде еліміздегі «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Байбарыстану» орталығын ашу жайын талқыладық. Бұл орталық Байбарыс мұрасын жаңаша зерделеп, мұсылман әлемінің бауырластығын бекемдеуге игі ықпал етеді деген ойдамыз. Болашақта «Байбарыс» энциклопедиясын шығару, қолжазбаларды аударып басу сияқты біраз ойлар бар. Жалпы, Мысыр сапарынан көңілге көп нәрсе түйіп қайттық. Қазақстанның Мысырдағы мәдени күндері, ел өнерпаздарының аншлагпен өткен концерті көпшілік көңілінен шықты. Байбарыс бабамызды ұлықтауға арналған іс-шаралар жоғары деңгейде өтті.

«Өз дәуірінің Ескендірі»

Біздің ресми сапарымыз Израиль елін­де жалғасты. Онда Сенат Төрағасы бас­таған делегация ресми кездесулер өткі­зіп, дөңгелек үстелдерге қатысты. Қазақ­станда өткен Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшылары съезінің қарарына сәй­кес, өзара түсіністік пен келісімге қол жет­кізу және рухани-адамгершілік құнды­лықтарын нығайту мәселелері талқылан­ды. Ибраһимдік діндердің орталығы, қасиет­ті Иерусалимде бірқатар маңызды кезде­сулер өтті. Баһадүр Байбарыс бабамыздың ізі мұнда да сайрап жатыр.

Байбарыс сұлтанның мұсылман әле­мінің қасиетті жерлерінің бәрін де санасында тұтып, қастерленгені белгілі. Ол құлау қаупі төнген Мәдинадағы пайғамбар мешітін жаңғыртып салып, Иерусалимдегі жартас күмбезін қалпына келтірді. Айта кету керек, бұл күмбезде әз Пайғамбар миғражға көтерілген қасиетті жартас орна­ласқан. Дәуіт пайғамбар іргетасын қалаған, Сүлеймен пайғамбар құрылысты аяқтау үшін Финикиядан сәулетшілер алдыртқан осы Әл-Ақса мешітіне де табанымыз тиді. Жалпы, қазіргі Израиль аймағында, соның ішінде Иерусалимде Байбарыс сұлтан салдырған, қалпына келтірген ғибадат орын­дары мен мешіттер көптеп саналады.

Сондай-ақ Аджлун, Рамала мешітте­рін және Хомстың ұлы мешітіне жөндеу жұ­мыстарын жүргізді. Байбарыс ислам әлемінің тарихи тұлғаларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Иерихон маңындағы Мұса пайғамбар қабірі, Ябнадағы Әбу Хурайра, Керак маңындағы Жапар ибн Абу Талиб қабірлерін қалпына келтіріп, Барғас, Антиохия және Қара шіркеулерінің орынына мешіттер салды. Өткен рухтар­ға құрмет пен ізет, пайғамбарға ұқсауға тырысқан ізгілік түркілік исламның негізгі құндылықтары екенін ескерсек, сұлтан Байбарыстың түркі-қыпшақтық тегі тағы да айқындала түскендей.

Ұлы даланың әйгілі перзентінің біз жоға­рыда келтірген көптеген даңқты атақ­тарынан сырт, «Искандар әл-заман, сахиб әл-қиран» немесе «Мустарид Хавал ад-дин» сынды жанама атаулары да болды. Біздің тілімізге аударсақ «Өз дәуірінің Ес­кен­дірі», «Адасқан дінді ұстанушыларды қай­тарушы» деген мағына береді. Қысқасы, артынан аңыз ерген ұлы билеушінің даңқы туған жерінің де атағын күллі мұсылман әлемінде асқақтата түсері даусыз.

Түркілік тегін ұмытпаған, қай қиырда жүрсе де туған жерден тамыр үзбеген Байбарыс туралы тың мәліметтер, жаңа деректер табылып жатыр. Ол туралы әлі талай зерттеулер жасалып, кітаптар жарық көрері анық. Бұл сапарымызда бабамыз жайында көп жайтқа көз жеткіздік. Оның түркілік исламның алтын діңгегі Қожа Ахмет Ясауидің жолын ұстанғаны туралы да деректер бар. Ол – басқа тақырыптың еншісіндегі дүние.

Тұран топырағынан жаралып, тағ­дыр­­дың айдауымен араб-ғажам жерінде сұл­тан болған даңқты бабамыздың жүрген ізімен Сарыарқадан басталып, Мысыр мен Израильде жалғасқан сапарымыз тарихи тұлғаның өмірі мен тұтас тарихқа үңіл­ген терең толғаныс жолы болды. Баянды болғай…

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Астана – Каир – Иерусалим – Астана

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.