Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бағыт бір, жол айқын

0 198

Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын Тараз қаласында іске асыру нәтижесі жөніндегі кеңес ұйымдастырылды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Басқосу барысында қала әкімінің орынбасарлары мен «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жол картасының орындалуы және партияның Тараз қалалық мәслихаттағы фракциясы мүшелерінің 2021 жылдың І жартыжылдығында атқарған жұмыстары бойынша баяндады. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуын бақылауға фракция мүшелері жауапты болып бекітілген болатын.
Фракция мүшелерінің қатысуымен 2021 жылдың І жартыжылдығында 49 қоғамдық қабылдау өтіп, 88 адам келіп, 88 өтініш түскен. Өтініштердің 34-і оң шешімін тапса, 54 өтініш бойынша заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, фракция мүшелерінің демеушілігімен 142 адамға материалдық көмек көрсетілген. Жол картасы көрсеткіштерінің орындалуын бақылау мақсатында 46 рейд ұйымдастырылған. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын Тараз қаласында іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы туралы баяндама жасады.

– «Nur Otan» партиясының Жол картасында 2021 жылдың І жартыжылдығында спорт, мәдениет, ішкі саясат, білім, жұмыспен қамту салалары бойынша енгізілген 54 іс-шараның 14-і орындалды, 33-і орындалу үстінде, ал қалған 9 іс-шараның орындалу мерзімі алдағы жылдарға жоспарланған. «Экономикалық тұрақты қала» бойынша жоспарланған 6 іс-шараның екеуі орындалып, 4 іс-шара орындалу үстінде. «Әлеуметтік бағдарланған қала құру» бойынша жоспарланған 32 іс-шараның жетеуі орындалып, 17-сі іске аспақшы, ал қалған 8 іс-шараның орындалу мерзімі келмеген. «Жастар үшін қала құру» бойынша 5 іс-шара жоспарланған. Есепті кезеңде басымдықта көрсетілген іс-шаралардың екеуі жасалып, үшеуі орындалу үстінде. «Тарих және мәдениетті дамыту» бойынша жоспарланған 6 іс-шараның үшеуі орындалды. «Қауіпсіз қала құру» бойынша 5 іс-шара жоспарланған. Полиция қызметіне қатысты іс-шаралардағы көрсеткіштерді жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру тетіктері айқындалмаған. Аталған мақсаттарды қаржыландыру мәселесін облыстық деңгейде шешу қажет етіледі. Бұл жөнінде жергілікті полиция қызметі басшылығымен жұмыс жүргізіліп, полиция тарапынан тиісті орындарға аталған мәселенің шешілуіне ықпал ету жөнінде хат жолданған, – деді қала әкімінің орынбасары Алмас Кәдірбекұлы.

Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыров та сайлауалды бағдарлама барысын қалада іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуына тоқталды.
– Жол картасындағы 7 басымдыққа сәйкес, 2025 жылға дейін 107 іс-шараны, оның ішінде 2021 жылы белгіленген 86 іс-шараны орындау көзделген. Оның ішінде белгіленген 22 іс-шараның кәсіпкерлік саласы – 14, ауыл шаруашылығы – 4 және қаржы-экономика саласы бойынша 4 іс-шара көзделген. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында Жол картасына енгізілген іс-шаралардың алтауы орындалды, 12-сі орындалу үстінде, ал қалған 3 іс-шараның орындалу мерзімі алдағы жылдарға жоспарланған, – деді Дәулет Мақсұтұлы.
Ал «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Уалихан Байдуанов партияның Тараз қалалық мәслихаттағы фракциясы мүшелерінің 2021 жылдың І жартыжылдығында атқарған жұмыстарына тоқталды.

– Фракция мүшелеріне алдағы уақытта түрлі іс-шараларды өткізу барысында қарапайым қала тұрғындарын көптеп қамту, іс-шаралардың сапалы өткізілуіне мән беру және қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың өтініштерінің қаралуын соңына дейін жеткізуге атсалысу қажет. Қазіргі уақытта партияның Орталық аппараты тарапынан партия мүшелерінің кеуде белгілерін тағып жүрулері бойынша ақпарат жинақталуда. Осыған орай партия мүшесі болып табылатын барлық қызметкерлер қоғамдық қабылдаулар кезінде, халықпен кездесу өткізу барысында партия белгісін тағып жүруі тиіс, – деді Уалихан Боларбекұлы.

Шара барысында шаһар басшысы партияның қалалық филиалының төрағасы ретінде депутаттарға жұмыс барысында жасалған еңбектерін пысықтап, оларға белсенді болуды, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, арасында алтын көпір болу қажеттігін жеткізді. Айта кетерлігі, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясындағы жұмыстар ел дамуы мен халық игілігі үшін атқарылуда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.