Қалалық қоғамдық-саяси газет

БАҚ-тың бағы озған күн

0 375

Жамбылдық журналистер биыл бірінші рет ресми түрде 28 маусым – БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесін тойлады.

Думан САХИ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және ҚР Үкіметінің 2019 жылдың 25 маусымындағы Қаулысымен еліміздегі мерекелік күндердің тізбесіне өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, журналистер кәсіби мейрамдарын 28 маусым күні тойлайтын болады және ол Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні деп аталады. Осы атаулы мерекені жамбылдық ұшқыр қалам иелері биыл ерекше форматта атап өтті. Шаһардың қақ ортасындағы «Nessibeli» мейрамханасының ауласына қызыл кілем төселіп, әдетте бұқараны жұлдыз етуден жалықпайтын журналистер осы күнгі салтанаттың басты кейіпкерлеріне айналып шыға келді. Қызыл кілем үстінде өңірдегі сала саңлақтары сұқбат беріп, қырағы фотографтардың кадрларына ілінді. Жылдағыдан өзгерек тойланған кәсіби мерекеде барлық журналистердің көңіл-күйі күндегіден ерекше болды. Көрсетілген құрмет-қошеметтің барлығы негізсіз емес еді. Бұл – бұқара мен билік арасындағы алтын көпірдің бағанасын қатайтқан мамандарға лайық баға, еңбектің тәтті жемісі еді. Жыл бойына нақты әрі шынайы ақпарат таратып, көптің көңілін дөп басып, саяси науқанда белсенділік танытып, қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің мән-жайын газет, телеарна арқылы жан-жақты жеткізген журналистердің еңбегінің еленгені, әрине, зор ғанибет! Топырағынан Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосынов, Баттал Жаңабаев сынды маңдайалды қаламгерлер нәр алып, қазақ руханиятының қара нары атанған тұлғалар шыққан өңірде журналистерге деген құрметтің ортаймайтыны да белгілі.

Салтанатты шараға өңір басшысы Асқар Мырзахметовпен бірге Несіпбек Дәутайұлы бастаған қаламгерлер, облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова арнайы қатысты. Өз сөзінде аймақ басшысы Асқар Исабекұлы БАҚ қызметкерлерінің қоғам өміріндегі айрықша рөліне кеңінен тоқталып, алғыс айтты.
– Қоғам дамыған сайын баспасөз қызметкерлерінің рөлі артып келеді. Сіздердің қызметтеріңіздің маңыздылығын күнделікті өмірден көріп отырмыз. Өңір журналистерінің осы саладағы қолтаңбалары ерекше. Қоғамда билік пен халықтың арасында алтын көпір болып отырған журналистер қауымының еңбегі ерен. Сіздер күнделікті жаңалықтар мен хабарларды халыққа шынайы, ашық жеткізіп, дер кезінде құлақтандырасыздар. Сондықтан атқарып отырған қызметтеріңізге алғыс білдіре отырып, шалқар шабыт тілейміз, – деді Асқар Мырзахметов.

БАҚ өкілдері үшін биылғы жылдың ерекше бір сыйы «Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін» Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты болды. Бұл марапатқа «Aq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, «Jambyl» телеарнасының бас редакторы Жасұлан Әбдіманап, «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, «77 ТV» телеарнасының бас редакторы Зарина Қуатқызы, «ARAI» газетінің бас редакторы Дәулет Төлендіұлы ие болды. Сонымен бірге облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталған журналистер көпшіліктің қошеметіне ие болды. Ал Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы атынан баспасөз саласындағы ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі үшін Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен облыстағы редакция ұжымдары марапатталды. Жыл бойы нәтижелі еңбек етіп, ақпарат алаңында айрықша белсенділік танытқан журналистер облыс әкімінің атынан «Үздік журналист», «Үздік баспасөз хатшысы» аталымдары бойынша марапатқа ие болды. Жылдың ең үздік басылымы да айқындалып, Жастар жылы аясында «ARAI» газетінің редакциясы «Жаңалықтар жаршысы» аталымын иеленді. Айта кететін жайт, әріптесіміз, «Jambyl-Taraz» газетінің жарнама және жазылым менеджері Айдын Байділдаеваға Жамбыл облысының Құрмет грамотасы табысталды. Журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтаған қаламгер, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы бұл қызметтің маңыздылығына тоқталды.

– Ақпараттар ағыны – тоқтамайтын құбылыс. Адам бұл нәрсеге кәсіби тұрғыдан машықтанады. Қоғамдағы өзгерістер мен руханияттағы барлық жауапкершілік журналистердің мойнында. Бір жылдың көлемінде Жамбыл жайнап шыға келді. Бір ғана адамның идеясы осыған түрткі болды. Ақиқаты осы. Идеология – өңір дамуындағы ең маңызды сала. Осы саланың негізгі тетігі саналатын журналистер өңірдің гүлденуіне үлес қосып жүрген азаматтарға қолғанат болуы тиіс. Қазақта «Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды» деген аталы сөз бар. Сіздер осы сөздің мән-мәйегін тереңінен ұғынуларыңыз керек, – деді қаламгер.
Марапаттау рәсімінде Жамбыл журналистикасының жас өкілі, жуырда Атырау облысында өткен «Жыр – менің жалғыз тарланым» республикалық мүшәйрасында Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанған Арайлы Жақсылық саладағы аға буын өкілдеріне алғыс айтып, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің атынан өңір басшысының келелі істерін айшықтаған арнау өлеңін оқыды. Еселі еңбегі еленіп, лайықты марапатқа ие болған журналистер қауымы салтанатты шарада шат-шадыман күйге бөленді. Облыстық филармония өнерпаздары Әсел Уашева, Бахром Муминов, Диас Әбілеков сынды әншілер әннен маржан шашты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.