Қалалық қоғамдық-саяси газет

Марапат төрінде – журналистер

0 222

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай халықтың құлағы, көзі һәм тілі болып, билік пен бұқараның алтын көпіріне айналған сала мамандарының еңбектері еленіп, бірқатары марапатталды.

Зере Қуаныш

Дүйім жұртқа хабар таратып, жақсылықтың жаршысы болып жүрген журналистер қауымы үшін кәсіби мереке апта басынан басталған еді. Сан түрлі байқаулардың қорытындысы шығып, жүлделі орындардан көрінген әріптестер шеттерінен марапатталып та жатты. Мереке қарсаңында қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің редакциясына қала әкімі Қайрат Досаев арнайы келіп, ұжымды кәсіби мерекемен құттықтады. Алдымен редакцияның тыныс-тіршілігімен шаһар басшысын газеттің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали таныстырды. Қаруы қалам болған журналистермен де қала әкімі жеке-жеке танысып, жұмыстарына толағай табыстар тіледі.

– Сіздерді Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сөздің қуатын, журналистиканың қайратын танытып жүрген барша жандардың шығармашылығына табыс тілеймін. Қаламдарыңыз қарымды, еңбектеріңіз жемісті болсын. Алаштың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ: «Баспасөз – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Билік пен бұқараның алтын көпірі – сіздерсіздер. Жұмыстарыңызға сәттілік, қаламдарыңызға қуат, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын, – деді Қайрат Әскербекұлы.

Сонымен қатар шаһар басшысы бірқатар тапсырмалар мен ұсыныстар айтып, редакция ұжымына сый-сияпат көрсетті.

Салтанатты жиын бұдан әрі қала әкімдігінің мәжіліс залында өтіп, онда бірқатар журналистерді шаһар басшысы марапаттады. Алдымен сөз алған қала әкімі: «Жалпы қала аумағында 48 бұқаралық ақпарат құралы бар және көптеген сайттар мен интернет порталдарында 200-ге жуық БАҚ өкілдері жұмыс істейді. Журналистер қашанда мемлекеттік саясатты, ел ішінде жүргізіліп жатқан ірі реформаларды, рухани жаңғыру қадамдарын халыққа жеткізуде бізге зор қолдау көрсетіп келеді. Сіздердің материалдарыңыз бен хабарларыңызда көтерілген мәселелер, айтылған ой-пікірлер шешімдер қабылдауда, міндеттер белгілеуде маңызды рөл атқарады. Еңбектеріңіз адамдарға жақсылық жасауға, жарық әлемді нұрландыруға жетелесін. Тілшілеріңіз дарынды, жаңалықтарыңыз жағымды, қаламдарыңыз қарымды болсын», – деді.

Бұл күні қала әкімінің арнайы жүлдесін облыстық, қалалық БАҚ директорлары мен редакторлары және меншікті тілшілер алды. Ал шаһар басшысының Құрмет грамотасымен қалалық «Jambyl-Taraz» газеті бас редакторының орынбасары Бақытжан Ойшиев, Тараз қаласының Құрмет грамотасымен қалалық «Jambyl-Taraz» газеті бас редакторының орынбасары Бекнұр Сатыбалдиев, Тараз қаласы әкімінің Алғыс хатымен журналист Толғанай Атабай марапатталды. Сондай-ақ қалалық мәслихаттың Алғыс хатымен әріптесіміз, журналист Арайлым Шабденова және «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының Алғыс хатын журналист Кирилл Бердецкий алды. Жиында республикалық «Жамбыл» журналының бас редакторы Несіпбек Дәутайұлы сөз алып, жиылған көпшілікті мерекемен құттықтады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.