Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бағаланбай қалған батырлар

0 847

Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ халқына үлкен нәубет әкелді. Елдің болашағы үшін тарих сахнасынан өз орнын алуда мың өліп, мың тірілген қазақ халқының ұландары қолына қару алып, КСРО-ны қорғау үшін майданға аттанды. Қарттар мен жас жеткіншектер тылда жанкештілікпен еңбек етті.

Бұрынғы қиындықтарды айтпағанда, 1914-1920 және 1932-1933 жылдардағы аштық, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннен аман қалған қазақтың әрбір отбасына бұл соғыстың аса ауыр тигені анық. Қазақтың бұрын көргенінен өзгеше шайқас болды. Алапат соғыс техникасы мен жабдықтары майдан алаңына шықты. Мұндай соғыс техникасын меңгермеген қазақ солдаты соғыстың мәні мен маңызын жете түсінбесе де, майданға аттанып кете барды.
1941-1945 жылдар аралығында күллі әлемді дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ халқының өмірінде де үлкен таңба қалдырды. Зұлмат жылдарда елді жаудан қорғау үшін Қазақстаннан жалпы есебі 1 миллионнан аса жауынгер аттанған. Алексеенконың «Қазақстандағы демографиялық дағдарыс» кітабында жазылған мәліметке сенсек, соғыс жылдарында Қазақстан 600 мыңнан аса тұрғынынан айырылған. Соғыс кезінде қайтыс болғандар саны 279 мыңнан асады, 43 мыңға жуық сарбаз госпитальдерде жан тапсырса, 271 мыңнан аса адам үйіне қайта оралмай, із-түссіз жоғалғандар санатына енген.
Большевиктер партиясының идеологтары осы кеңістікті толтыру үшін уақытқа қажеттіні дәл біліп, қазақ халқының ұлы батырларын сахна төріне шығарып, оларды ерлікке бастар ұранға айналдырды. Бұл сол уақытта қажет еді. Сонымен бірге ұлттық дербес әскери құрылымдар құрылып, солардың бірі болып өңірімізде 105-ші ұлттық дербес атты әскер дивизиясы жасақталды. Олар халықтың тұрмысын көтеруге айтарлықтай назар аудармаса да, ойын түзеуге бағытталған іс-шараларды шаршамай-шалдықпай, мақсатты түрде жүргізді. Соның нәтижесінде Кеңес өкіметін қорғап қалуда жанын беруге даяр адамдар көбейді.
ҰОС әлемге қазақ халқының атымен бірге оның ержүрек, батыр, батыл, қаһарман ұлдары бар екенін танытты. Кеңес жауынгерлерінің қайтпас қайсар екендігін тағы бір рет дәлелдеген Брест қамалын қорғау үшін болған шайқас еді. Брест қамалын қорғауға 432 қазақстандық қатысқан.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін 497, кейбір деректерде 520 қазақстандық азамат «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған. Оның ішіндегі 103-і – қазақтар. «Кеңес Одағының Батыры» атағын екі мәрте алғандар қатарында ұшқыштар Талғат Бигелдинов, Л.И.Беда, И.Ф.Павлов және ұшқыш-жойғыш С.Д.Луганский бар. Қазақ қыздарының ішінде екі адам – Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған. 110 қазақстандық үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Ал ұшқыш Хиуаз Доспановаға «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағы берілді. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер, осы уақытқа дейін хабар-ошарсыз кетті деп есептеліп келген Бақтыораз Бейсекбаевқа «Ресей Федерациясының Батыры» атағы 1996 жылы берілсе, «Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы» атағы 1998 жылы берілді.
Ұлы Отан соғысына арналған энциклопедияда төмендегідей мәліметтер бар. «Матросов Александр Матвеевич (1924-1943 ж.) – Кеңес Одағының Батыры, қатардағы жауынгер. 1942 жылдан Кеңес Армиясы қатарында. Ата-анасынан айырылған соң балалар үйінде, кейін Уфадағы балалардың еңбек колониясында тәрбиеленген. 1942 жылдың қарашасынан 254-ші гвардиялық атқыштар полкінің 56-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының (Калинин майданы) құрамында неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрыстарға қатысты. 1943 жылдың 23 ақпанында Чернушки деревнясы (Псков облысы) үшін болған шайқаста бөлімшенің алға жылжуына бөгет болған жау дзотының амбразурасын өз денесімен жапты. 1943 жылдың 8 қыркүйегінде 254-ші полкке Матросовтың есімі беріліп, осы полктің 1-ші ротасының тізіміне марқұмның аты мәңгілікке жазылды. Уфада оған ескерткіш орнатылды. Ол жерленген Великие Луки қаласында ескерткіш пен мемориалдық тақта қойылды. Оған әдеби шығармалар, бейнелеу өнерінің туындылары, фильмдер арналды».
Қайткен күнде де, кеңестік патриотизмнің ерен үлгісі деп танылған қатардағы жауынгер Александр Матросовтың ерлігін фашистермен кескілескен ұрыстарда қайталаушылар көп болғанын Ұлы Отан соғысы тарихынан жақсы білеміз. Одан бұрын Боран Нысанбаев ерлік жасаған. Қазақтың ержүрек ұлы Боран Нысанбаев өз ерлігін Александр Матросовтан 17 күн бұрын жасап, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 23 қыркүйектегі Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» деген атаққа ие болды. Сонда кім кімнің ерлігін қайталаған болып шығады?
Ленинград майданында батыр атанғандар қатарында қазақ халқының ержүрек ұлы, коммунист Сұлтан Баймағамбетов осы ерлікті қайталады. 1944 жылдың 24 ақпанында Сұлтан Баймағамбетовке «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Оның есімі Ұлы Отан соғысының, Ленинградты қаһармандықпен қорғау тарихына алтын әріптермен жазылды.
Дәл осындай жанқиярлық ерлікті жас жауынгер Ақәділ Сухамбаев поляк жерінде жасады. «Жаяу әскер Ақәділ Сухамбаев» деп жазды майдандық «Жауға қарсы аттан» газеті 1944 жылдың 3 қазанындағы санында. «Ақәділ өмірді сүйгендіктен де өлімнен қорыққан жоқ. Ол жауынгердің қасиетті қазасымен жеңіске жол салды». Осы ерлігі үшін Беларусь майданының жауынгері Ақәділ Сухамбаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен қаза болғаннан кейін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
Тізе берсек, А.Матросовтай ерлік жасағандар аз емес. Жоғарыда ерліктері айтылғандардан басқа, қазақ жауынгерлері арасында мұндай ерлік жасағандар қатарында Жанғазы Молдағалиев, Сабалақ Оразалинов, Сүндетқали Есқалиев, Жұман Қарақұлов та бар. Біз білмейтін батырлар болуы да мүмкін.
Енді «Александр Матросов кім болған?» деген сұраққа жауап берудің реті келген тәрізді. Оның фамилиясы Матросов емес – Мухамедиянов та, аты – Шакирян екен. Туып-өскен жері – Башқұртстанның Қонақбай ауылы. Ұлты – орыс емес, башқұрт. Бұл мағлұматтарды телехабарға оның туған-туыстары, білетін жерлестері беріп отыр.
Қазақтың арасынан Бауыржан Момышұлындай қолбасшы шықты. Оны ерлігі мен соғысу тактикасы даңққа бөледі. Москваны қорғауда, Балтық жағалауындағы ұрыстарда ол батальон командирінен дивизия командиріне дейінгі майдан жолынан өтті. Кезінде оның ерлік жолын, соғысты жүргізудегі шеберлігін танығысы келмегендер ұлтжандылығын алға тартып, әскери шенін көтермеді, «Батыр» деген атағын да қимады. Алайда еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен әділдік салтанат құрды. Қазақтың хас батыры, біртуар азаматы Бауыржан Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағы марқұмға кеш болса да берілді. Мұның өзі оны мойындағандық!
Соғыс ардагерi Зекен Темiрғалиев 1962 жылы Ялтада демалған екен. Шипажайдың мәдени қызметкерлерi оларды Ставропольға алып барып, соғыс мұражайымен таныстырады. Мұражай қызметкерi Рейхстагқа ту тiккен Егоров пен Кантария деп екеуiнiң суреттерiн көрсетiп жатқанда, топ iшiнен оралдық Тәшкенбаев деген ардагер орнынан тұрып: «Бұл мәлiмет қате. Егоров пен Кантариядан бұрын туды Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатов тiккен. Сол кезде мен 150-шi дивизияның байланыс бөлiмiнiң бастығы едiм. Дивизия командирi, генерал Шаталов 30 мамырда 1-Белорус майданының қолбасшысы Жуковқа Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатовтың Рейхстаг қабырғасына ту тiккенiн хабарлады. Жуков қатты ашуланды: «Неге қайдағы бiр азиаттарға ту тiккiздiң? Ертең қалайда бiр орыс пен бiр грузин Рейхстагқа қайта ту тiгетiн болсын!», – деп бұйрық бергенiн өз құлағыммен естiдiм. 1 мамырда фашистер аса күштi қарсылық көрсетпедi. Өйткенi капитуляцияға келiсуге көнген едi. Сол күнi Егоров пен Кантария көп қиындықсыз Рейхстаг үстiне ту тiктi. Қысқасы, оларға сондай мүмкiндiк қолдан жасалынды», – дедi. Міне, осылайша ерлігі өзі өлгеннен кейін де талай тартыс тудырған есіл ер 1924 жылы Ақмола облысының Ақмола ауданында туған. 1942 жылы әскер қатарына алынып, соғыстан кейінгі жылдары азат етілген аумақтағы әскерлердің құрамында қызмет еткен. Ал 1964-1967 жылдары Ақмола облысының атқарушы комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі басқармада инспектор болған. Ал 1967 жылдан бастап «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарды. «Қызыл ту», «1-ші дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдерінің иегері. Рейхстагқа ту тіккені үшін «Жауынгерлік Қызыл ту» орденінің иегері болды. Ал 2001 жылы «Халық қаһарманы» атанды.
Рахымжан Қошқарбаев туралы Шерхан Мұртаза өзінің алты томдық шығармалар жинағының алтыншы томында «Бауыржан, Рахымжан, Кәкімжан» атты эссесінде: «Сталин мен партияның «сценарийі» бойынша Рейхстагқа тұңғыш ту тіккендер әлдеқашан белгілі болып, оларға «Совет Одағының Батыры» атағы баяғыда беріліп қойған. Біреуі – орыс Егоров, екіншісі – грузин Кантария. Солай болуға тиіс. Неге екенін ішің білсін. Ал сол екеуінен де бұрын бас көтертпес сұрапыл, нөсерлеткен оқтың арасынан, ысырат көпірінен өтіп барып, Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаев пен Булатов есепке алынбайды. Өйткені олар «сценарийге» ілінбеген», – деп жазады.
Р.Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.
( Алматы, «Қазығұрт», 2002 ж 267-бет)

Екінші дүниежүзілік соғыста жасаған еңбектері тарихтың ақтаңдақ бетінде қалып қойған арыстар қаншама?! Қазақстаннан қатысқан әйгілі 316-атқыштар дивизиясының құрамында 397 немісті жер жастандырған Төлеуғали Әбдібеков Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Қапанбұлақ ауылында дүниеге келген.
Жүйрік ат, құмай тазы, берен мылтықты серік еткен әкесі Насыр баласын кішкентайынан саятшылыққа баулиды. Құралайды көзге атқан мерген болып өскен Төлеуғали ел басына күн туғанда майданға өзі сұранып аттаныпты. Жас жігіттің қабілеті бірден байқалып, мергендер мектебіне оқуға жіберіледі. Мектепті аяқтаған сарбаз бірден алғы шепке аттанды. Осылайша, ол фашистерге аянбай ажал оғын төгеді. 397 фашистің көзін құртқан сұрмерген Төлеуғали Әбдібековті неміс басқыншылары «қара ажал» деп атаған.
Кеңінен дәріптеліп жүрген Кеңес Одағының Батырлары, атақты мергендер Ф.Смолячков 125, В.Зайцев 255 жаудың көзін жойған. Ал Төлеуғали Әбдібеков 397 фашисті, яғни бір батальонға жуық жаудың көзін құртқан. Солай бола тұра, Төлеуғали Әбдібеков «Кеңес Одағының Батыры» атағын ала алмаған. Т. Әбдібеков өз анкетасында ағасы

Кемелбай Насырхановтың «халық жауы» ретінде ұсталып кеткенін жасырмай жазған. Сол себепті командование «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынғанымен, оған бұл атақ берілмеді.
Төлеуғали Әбдібеков 1944 жылдың 23 ақпаны күні Калинин облысы Новосокольники ауданындағы Насва стансасы маңында қаза табады. «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», «І дәрежелі Отан соғысы», «Ленин» ордендерімен марапатталған.
Ыбырайым Сүлейменов те «Батыр» атағына ұсынылғанымен, белгісіз себеппен берілмей қалған. Соғыста бар-жоғы 3 қана оқпен 5 жауды бір сәтте жер жастандырған. Сұрмерген Ы.Сүлейменов ерекше ерлік жасауын тоқтатпай, тағы бір шайқаста жалғыз винтовкасымен 102 немістің көзін жойған. Бас-аяғы 341 немісті жер жастандырған. Осылайша асқан ерлігімен аты шыққан азамат 1941 жылы Мәскеу майданында Мәншүк Мәметовамен бірге соғысады.1943 жылы күзінде Невель қаласы үшін болған кескілескен шайқаста Мәншүк Мәметова екеуі бір күнде қаза табады. Бүгінде Жамбылда батыр атында екі мектеп, ал Тараз қаласының орталығында бір көше бар. Ресейдің Небель қаласынан да көше аты берілген. Тараз қаласында Ы.Сүлейменов көшесінің бойына батырға арнап ескерткіш қойылған.
Сталиннің жарлығы бойынша 100 фашисті атып өлтірген мергенге «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілу керек болатын. Сонда Т.Әбдібеков пен Ы.Сүлейменов үш мәрте «Кеңес Одағының Батыры» атағын алуы керек еді. Бірақ Сталин мен партияның әділетсіздігінен бірде-бір рет «Батыр» атағы берілмеді. Ал славян нәсілділер автоматпен 30-40 немісті атып өлтірсе, «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған.
Деректер бойынша қазақстандықтар майданда ерлік жасау жағынан бесінші орын алады екен. Егер жоғарыда айтылған әділетсіздіктер орын алмағанда, қазақстандықтар ерлік жасау жағынан бірінші орын алуы да мүмкін. Елде есімі елеусіз қалған мұндай 110 ардагер бар.
Жасыратыны жоқ, соғыс кезінде аз ұлттардың өкілдерін кемсітуге жол берілді. Кемсіткендер өздерінің түймедейін түйедей етіп көрсетуді мақсат тұтты. Бұл тоталитаризмнің солақай саясатының салдары еді. Славян нәсілділерден басқалардың майдандағы көзсіз ерліктеріне күдікпен қарау, менсінбеу орын алды. Кезінде Бауыржан Момышұлына, Рахымжан Қошқарбаевқа, Қасым Қайсеновке және басқа бауырларымызға «Батыр» атағының берілмей қалғаны осындай келеңсіздіктің кесапатынан болғаны белгілі.
Тәуелсіз егеменді ел болдық. Ендігі жерде осындай ерлігі еленбей қалған ерлерімізді анықтап, әділетті түрде «Халық қаһарманы» атағы берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Айдын Науанов,
Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының монумент, архитектура және археология бөлімінің маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.