Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәжтажал: Тойға тоқтау бола ма?

0 134

Қазақтың көңілі асқақ, пейілі кең. Қонақжай. Көпшіл. Біз өзімізді ағайын-туған, жекжат-жұрағат, дос-жаранның ортасында бүтін һәм өр сезінетініміз бар. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деп қара қазанды оттан түсірмеген халықпыз. Жүрегінде күй ойнап, көгінде күні жарқыраған халықтың ел ішінде «гүл-гүл жайна, күл де ойна, қыз-бозбала шағыңда» деп шарықтата ән салғаны да «той десе қу басы домалайтын» тойшыл халықтың мейрами мақамы екені анық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Қыз-қыз қайнаған қайран дәурен-ғұмырын, қандай қиын-қыстау кез болмасын «бұдан да жаман күндері тойға барғанбыз» деп ақтап ала қоятыны әсіре даңғазашыл екенін «Күлтөбенің басына күнде жиын, күнде той жасайтынын» дәлме-дәл суреттейді. «Жинағаның тойға шашылсын» дейтіні де осының айғағы.
Болмашыны болдырып, сынықтан сылтау іздеп, шашылуға бейім тұратын кеңдігі кейде шектен асып кетеді. Қазаның өзін асқан ысыраппен, жыртысы қызыл-жасыл қыжымнан, жылап-сықтап отырып та, марқұмның асын ас та төк мейрамханада дастарқанын молынан жайып өткізуі жаға ұстатады.
Енді міне, айдың күннің аманында ел ішін, бүкіл Жер планетасын жұқпалы дерт жайлады. Дүниенің төрт бұрышын жайлаған індеттен көз жұмғандар саны артуда. Ана мен бала, аға мен іні бір-біріне вирус тасушы, дерт жұқтырушы, тіпті қаза жеткізуші деген қауіп төніп тұр. Көңіл қанша жақын болса да, адамдар алшақтан араласудың амалын қарастырған жөн. Сонда ғана аман қалмақ. Алайда қазақ тағы да бейқам, тағы да жайбарақат той-тойлап жүр. Оның айғағы кеше ғана құрбымның қоңырау шалып: «40 жасым тойланбай қала ма сонда?! Тойыма келмесеңдер, несіне дос, несіне жекжат болып жүрсіңдер», – деп өкпе артуы, әке-шешемнің жалғыз қызын ұзатқан құдасының тойына барып, төрде отырып қайтқаны, туыстарымның жиналып, наурыз тойлауы дәлел.
Егер дүниедегі барлық адамдардың босқа өткізген уақыты, қуаты және еңбегі есептелетін болса, дүниеде аштық және жоқшылық ішінде қиналып жатқан миллиондаған адамның мұқтаждығына көмек беруге болмас па еді?! Мәселен, минутына он тамшы су жіберетін краннан айына 170 литр су далаға кетеді екен. Бұл да ысыраптың бір түрі. Алла Тағала: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер! Алла Тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді. Ысырап етпе! Ысырап еткендер – шайтанның бауырлары», – деген. Ал Хадис шәрифте: «Ішіп-жеңдер, киініңдер және садақа беріңдер. Бірақ ысырап және тәкаппарлықтан сақтаныңдар!», – делінеді екен.
Дастарқан және үстел үстіне түскен нан және нан ұсақтарын жинамай тастау да ысырап. Қоқымды жинап, жануарларға беру ғана ысырап болмайды. Тамақ пісірерде азықтың төгілгенін тастап жіберу де ысырап. Киімді дұрыс қолданбай, оларды ескірту, тез тоздыру, жырту, жуғанда кір жуғыш ұнтақты көп қолдану да ысырап екенін білесіз бе? Ендеше, тостағынан төгілген той тағамдары жайлы не айтуға болады? Той соңында ашып, іріп, қоқысқа тасталған түрлі тағамдарды көргенде, одан гөрі сол асты аш құрсақ кедейлерге таратқан абзалырақ па дейсің… Мәселен, жас жұбайлар Айгүл мен Марат есімді ерлі-зайыпты үйлену тойын былтыр көктемде ауласында атап өтті. Жеңгелері бауырсақ пісіріп, ас әзірлеп, далаға жайылған дастарқан еш ысырапсыз, азын-аулақ қаражат жаратты. Және де ерлі-зайыпты өздеріне сыйлыққа түскен ақшаны балалар үйіндегі бірнеше бүлдіршінге киім-кешек, керек-жарағын әперуге жұмсады.
– Ішкеніміз артымызда, ішпегеніміз алдымызда жүруге дәтіміз шыдамайды. Себебі бір бұрышта кедей бала нанға ақша таппай жылап отырған шығар. Тойды аулада өткіздік. Және түскен қаражатты жетім балаларға үлестіргенде, олардың қуанышын көруден асқан бақыт болмады. Жән бұл мәселені БАҚ өкілдеріне таратып, фотомыздың шығуына үзілді-кесілді қарсымыз. Бұл өз тілегіміз ғана, – дейді Айгүл. Міне, ел ішінде осындай ақпейіл жандардың барлығы жанға қуаныш сыйлайтыны анық.

Исламдағы той әдебі
Исламдағы той әдебінде харам ас ішпеу, жаман қылықтар жасамау туралы үкім етілген. Сонымен қатар ысырапшылдыққа бару, болымсыз нәрселерді атап өтіп той тойлау исламда және қазақ танымында, салт-санасында дұрыс әрекет болып есептелмейді.
Ағайынның және басқа дос-жаранның қуанышына ортақтасу, ізгі тілек жолдау, әрине, аса маңызға ие. Қазақ ізгі тілек жолдағанда «той тойға ұлассын» деп болашаққа жақсылықпен қарап, Алла Тағаланың жақсылығынан ешқашан үміт үзбеген. Тойды ысырапқа салынбай, әдеп деңгейінде, салт пен дәстүр аясында өткізу ұлт болашағы мен ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы айрықша болмақ. Осы орайда ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Қанат Жұмағұлмен тілдесіп, пікірін білгенді жөн көрген едік.
– Қазақ халқы – ежелден сауықшыл халық. Ұлтымыз тойда бейберекет шашылу мен ысырап мәселесін шектей отырып, тойды тек ағайынмен руаралық және ұлттық бірлікті бекемдейтін шара ретінде қарап, маңыз беріп келгендігін тойға байланысты қалыптасқан әдептерден байқаймыз. Алайда бүгінгі тойдың сиқы қандай болып кетті? Бәсекелестікке бет алған қазақтың бүгінгі тойын ысырапшылыққа, даңғойлық пен дақпыртқа теңегеннен өзге не деуге болады? Барлық нәрсені ысырапсыз, шашып-төкпей, өз деңгейінде өткізген абзал. Барлық нәрсе Жаратушының қалауымен, Құдайсыз қурай да сынбайды. Енді міне, ел ішіне індет тарағалы Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы өз кезегінде ғұламалар кеңесінде бес уақыт намаздың мешітте оқылуын, жұма намазды уақытша тоқтатуды қолға алды. Республика бойынша 3000-ға жуық мешітте жамағатпен намаз оқылмайды. Осыдан-ақ елге төнген қауіпті сезуге болады. Кейбір азаматтардың бейқамдығы ойландырады. Дәрігердің нұсқаулығын толық орындауымыз қажет. Мейрамхана, тойханаларда жиын ұйымдастыруды тоқтатқан жөн. Еуропа елдері тәжвирусына қарсы шараларын ескермегеніне өкініп, әлеуметтік желіге салуда. Сондықтан жиын-тойды тоқтатқан дұрыс, – деді бас имам.

Той, жастар және коронавирус
Әрине, той – халықтың қазынасы. Ақ түйенің қарны жарылып, ірі қараның еті қазанға асылады. Бауырсақ пісіріп, құрт-майын ұсынып, сары қымызды сарқа құйып, шұбатын сапырып берген қазақтың ұрпағымыз. Қазақтың отбасында қандай да бір қуаныш бола қалса, ата дәстүрден аттамай, жақындардың басы қосылып, ақ дастарқан жайылғаны рас. Алайда әлемді дүрліктірген коронавирус (COVID-19) Қазақстанды айналып өтпеді. Соңғы мәліметке сүйенсек, 100-ден астам адам вирус жұқтырған. Бірақ, әсіресе, желіккен жастар арасында жиын-той әлі тоқтай қоймағанын естіп жүрміз. Осыған орай «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының басшысы Ерғали Әбуғалимен пікірлескен едік.
– Елімізде карантин жарияланып, адам көп жиналатын орындар уақытша жұмысын тоқтатты. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары толық жабылып, адамның кіріп-шығуына шектеу қойылды. Ауқымды іс-шара, той, жиын өткізуге қатаң тыйым салынды. Алайда кейбір азаматтар ескертуге құлақ аспай жасырын қуанышын өткізіп, «кешке дейін бітірсек болды» деген желеумен өз дегенін жасап жатыр. Көзіміз көрмесе де, «беташарын жасап тастадық», «тоғызға дейін қызды ұзатып салдық», «көкпарды ұйымдастырып жібердік» деген сөздерді естіп, жағамды ұстадым. Құрметті азаматтар, жаман індеттің тарауына тікелей өзіміз себепші болып отырмыз. Мыңғырған адамды жинаған тойды өткізу деген дәл осындай сын сағатында өз-өзімізге ор қазып жатқанымызбен тең екендігін өкінішпен жеткізгім келеді. Сабақ алуымызға Оңтүстік Кореяның «31-пациент» оқиғасы жеткілікті деп ойлаймын. Оңтүстік Кореяда 31 қаңтар мен 2 ақпанда вирус тез тарады. Оның себебі елдегі дертке шалдыққан 31-ші әйел шіркеуге барып, жаназаға қатысады. Мыңға жуық адам қатысқан жерлеу рәсімі жаман аурудың таралуына тамаша жағдай болады. 230 мың мүшесі бар секта вирустың ошағына айналады. Міне, аталған оқиғадан байқайтынымыз, салғырттық және адамдардың айтылған үндеуге құлақ аспауы. Меніңше, мұны шешудің екі жолы бар. Біріншісі, айтқан сөздерге құлақ асып үйде отыру, сақтық шараларын жасап, барынша ереже бойынша жүру. Екіншісі, қатал тәртіп. Бір әулеттің салғырттығы бір ауылды немесе бір қауым елді жоқ қылып жіберуі мүмкін. Бір адамның дерті үш адамға, ол тоғыз адамға, солай өсе беру қаупі жоғары. Заң бәріне ортақ, бейқамдық ешкімді кешірмейді. Сондықтан барша азаматтарды заңға бағынып, қуанышты кішкене шегере тұруға, құлақ асуға шақырамын. Құлақ аспасаң, өзің жапа шегесің, өкінішке жол берудің қажеті жоқ деп есептеймін. Сонымен қатар достарыма айтарым, ешқайда шықпаңыздар, шақырса бармаңыздар, ойын-сауықты тоқтата тұрыңыздар, жай ғана үйде отырыңыздар. Үйде отырып неше түрлі пайдалы іспен айналысуға болады. Кітап оқып, кино көріп, жақындарыңызбен сөйлесіп, араласаңыздар. Бәрі жақсы болады дегім келеді, – деді Ерғали.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.