Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бүтінді бүлдіруге неге құмармыз?

0 293

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз қаласы қашанда өзінің бай шежіресімен, көз тартатын көркімен көпшілікті тәнті етіп келеді. Әсіресе соңғы жылдары облыс орталығында еңселі нысандар бой көтеріп, шаһардың келбетіне сән қосты. Халықтың серуендеп, бос уақытын тиімді өткізуіне арналған саябақтар мен өзге де демалыс орындарының жөні бөлек. Мұның барлығы – тараздықтардың игілігіне берілген дүниелер. Алайда соның қадірін білмей, тентектікке бой алдырып, бүтін дүниелерді бүлдіріп кететін жандардың қарасы азаймай тұр.

Айталық, күні кеше «Жеңіс» саябағындағы Ұлы жеңісті жақындатқан жампоздарға арналған ескерткіш (адам есімдері жазылған) тақтайшаны қиратқандардың әрекеті арқамызға аяздай батты. Отан үшін от кешкен батырларымызды ұлықтаудың орнына, ессіздік танытқандардың мұнысы еш ақтауға келмейді. Бұл бір ғана мысал. Өкінішке орай, мұндай жайттар соңғы уақытта жиілеп кетті деуге болады (Бірер уақыт бұрын облыстық полиция департаментінің алдындағы фонтанның жақтаулары да қираған).
Шындығына келгенде, ел игілігіне берілген әрбір нысанды салуға, оны күтіп ұстауға мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалатыны анық. Ендеше, оларды бүлдіріп жүргендердің бұл жат қылығы өз мемлекетіне титімдей жаны ашымайтынын айқын аңғартады. Әрине, өзге елден немесе басқа қаладан ешкім келіп нысандарды қиратпайды. Мұның барлығын жасап жүрген өзіміздің жер-лестеріміз екенін еріксіз мойын-даймыз. Мойындай тұрып, қын-жыласың. Осындайда тентегін тезге салатын қариялардың өнеге-ақылы ауадай қажет-ақ.
Тарихтан тамыр тартқан Тараз – саналы жастардың ордасы. Мұндағы әрбір нысан, әрбір ескерткіш – келер ұрпаққа қалатын мол мұра. Ал оларды күтіп ұстау – тек бір ғана мекеменің немесе әкімдіктің жұмысы емес, баршамызға ортақ іс. Сондықтан осыны әрбір тараздық жете түсінсе дейміз. Солай боларына сенгім келеді!

Дәулет Төленді,
Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.