Қалалық қоғамдық-саяси газет

БҚО әкімінің орынбасары қызметінен босатылды

0 130

  Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев қызметінен босатылды, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz  сайтына сілтеме жасап.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі өкілі аймақ басшысының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы өкімімен БҚО әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев қызметінен босатылғанын мәлімдеді. Оның өкілеттілігі мемлекеттік қызметке сәйкес келмейтін жұмысына байланысты тоқтатылды.

«Бұл лауазымда Алпысбаев 2019 жылдың шілдесінен бастап жұмыс істеді. Осы аралықта өзінің жауапты әрі тәжірибелі екенін көрсетті. Ел Президентінің шығысты оңтайландыруға, сыбайлас жемқорлық деректерін анықтауға және т.б. қатысты тапсырмаларын орындау бойынша үлкен жұмыс істеді. Ол мемлекеттік сатып алудың үш жылдық жоспарын әзірлеу кезінде талдау және бюджет қаражатын үнемдеу, неғұрлым тиімді жұмсау секілді мәселелермен айналысты. Аманжол Әлиханұлына жұмысы үшін алғыс білдіреміз және одан әрі кәсіби табыс тілейміз», – деді әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі.

Аманжол Алпысбаев сәулет, қала құрылысы және құрылыс, ТКШ саласындағы стратегиялық жоспарлау мәселелеріне, сондай-ақ, тариф саясаты, МЖӘ-ні дамыту, мемлекеттік сатып алу, табиғатты пайдалану, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау мәселелерінде жетекшілік етті.

Еске салайық, былтыр маусымда ол «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды бұзды деген күдікке ілінген болатын. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің мәліметінше, Аманжол Алпысбаев мемлекеттік қызметкер бола тұра, «Самұрық Гидро» ЖШС құрылтайшысы әрі директоры қызметін атқарған. Департамент облыс әкімдігіне әкім орынбасарының өкілеттігін тоқтатуы туралы ұсыныс жіберді. Аманжол Алпысбаевтың өзі бұған келіспей, төрт рет сотқа берді. Сот оның пайдасына шешім шығарған жоқ. Шағым кассациялық сотта да қабылданбады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.