Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Бұның бәрі өтірік»: Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі әйелін ұрып-соқты деген айыптауларға жауап берді

0 215

Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі, Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат Телібековтің әйелі күйеуін ұрып-соқты деп айыптап, видео үндеу жариялаған болатын. Stan.kz Мұрат Телібековтің өзімен хабарласып, істің мән-жайын білді.

Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде өзін Мұрат Телібековтің жарының  құрбысымын деген әйелдің видеосы таралды. Өзін Елена Ким деп таныстарған тұрғынның айтуынша, қоғам белсендісі әйелін үнемі соққыға жығады. Тіпті құрбысының үйіне барып, көк ала қойдай түрін көріп шошып кеткен. Бұған қоса ол Телібековті өздеріне жұдырық ала жүгірді деп айыптаған.

Алайда қоғам белсендісі оның мұның бәрін мойындамайтынын айтты.

“Әйелімді ұрып-соқты деген айыптауларды мойындамаймын. Бұның бәрі өтірік. Қазіргі таңда мені айыптағандардың бәрі өз сөздерінен бас тартты. Мен оларды жала жапқандары үшін сотқа бергім келген. Бірақ тараптар кешірім сұрағаннан кейін қылмыстық қудалау туралы ойымнан айныдым”, – дейді Телібеков.

“Олар не себепті сізге жала жапқысы келді?” деген сұрағымызда Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі былай деп жауап берді.

“Елена және Светлана Ким үйге баса-көктеп кіргенде үлкен сомада ақша жоғалып кетті. Сол себепті Елена және Светлана Киммен бірге менің әйелім бұл іске күдікті болып саналды. Мен олардың үстінен полицияға арыз бердім. Сондай-ақ Елена Ким мен Светлана Ким үйімізге заңсыз басып кіріп, бұзақылық әрекеттер жасағаны үшін полицияға арыздандым. Олар осы әрекеттерден кейін видео түсірген, бірақ қазір өшіріп тастады. Менің ойымша, олар бұны қорғану үшін жасаған. Себебі олар басқа біреудің үйіне баса-көктеп кіріп бұзақылық жасағаны, ұрып-соққаны, жеке басын қорлағаны, ақша ұрлағаны үшін қылмыстық жазаға тартылатынын түсінді. Сол себепті Елена және Светлена Кимдер менің жұбайыма психологиялық қысым көрсетіп, видеода жалған сөздер айтуға мәжбүрледі деп ойлаймын”, – дейді ол.

Телібековтің сөзінше, жала жапқан әйелдер соңында өз кінәсін түсініп, қоғам белсендісінен кешірім сұраған.

“Біз қазіргі таңда татуластық. Тараптар жазған арыздары мен айыптарынан толығымен бас тартты. Қазір әйелім жанымда, бірге тұрып жатырмыз”, – деді Мұрат Телібеков.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.