Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Бұл – балалардың болашағына балта шабу»: Алматыда ата-аналар «Art Sport” жобасының жабылуына наразылықтарын білдірді

0 288

Алматылықтар «Art Sport” жобасын қаржыландыру тоқтатылуына байланысты қарсылықтарын білдірді. Наразы тұрғындар қалалық әкімдіктің алдына жиналып, өз арыз-тілектерін жеткізді. Балаларды тегін секциямен қамтылуын талап еткен ата-аналарды Stan.kz тілшісі де тыңдап қайтты. 

Наразы топ әкімдік шешім қабылдар кезде тәлімгерлер мен ата-аналардың пікірі тыңдалған жоқ дейді. Айтуларынша, бұған дейін тегін үйірменің арқасында бүлдіршіндер талай белестерді бағындырып үлгерген. Ал қаржыландырудың тоқтауы балалардың болашағына балта шабумен тең деп бағалайды.

«Ешқандай тексеріс немесе мониторинг болған жоқ. Немерем осындай үйірмелердің біріне қатысатын және өзім аудандағы үйірмелердің жұмысын бақылап отырамын. Балаларды кішкентай күнінен бастап спорт немесе мәдениетке баулу қажет. Қазір кейбірі үйірме арқасында жұмыстарымен шетелдегі көрмелерге қатысып үлгерді. Қаржыландыруды тоқтату – балалардың болашағына балта шабу емес пе?» – деді қала тұрғыны Бүбіхан Шакиева.

Марияш Тілеубекова да немересінің тегін үйірмеден қағылғанына наразы тұрғындардың бірі. Немерелерімен қоса мүмкіндігі шектеулі баласын қарап отырған ол ақылы үйірмеге қалтасы көтермейтінін алға тартты.

«Немерем 2021 жылдың қыркүйегінен бастап 1 жыл гимнастика секциясына қатысты. Екі рет жарыста жүлделі болды. Үйірмелерді мемлекеттің қаржыландыруы – әр отбасыға үлкен көмек. Бірақ қаржыландыру тоқтаса, немерем гимнастиканы жалғастыра алмай қалады. Себебі бәрі қаржыға келіп тіреледі», – деді Мария Тілеубекова.

Жоба аясында жұмыс істеген кәсіпкерлер 1 қыркүйекте бұдан былай әкімдік «Art Sport” бағдарламасын қаржыландырмайтынын білген. Би студиясының жетекшісі Алена Ростовцева мұндай шешім балалардың құқығын бұзатынын алға тартты.

«1 қыркүйекте жоба аясында қаржыландырудың уақытша тоқтатылатынын білдік. Мұндай шешім балалардың құқығын аяқ асты етеді. Бюджеттен бөлінген ақшаның қайда кеткені белгісіз. Сонымен қатар бізге қала басшылығы жобада шикіліктер барын айтты. Дегенмен мен өзім де бұл платформада жұмыс істеймін, ал ата-аналар балаларын 2 минутта-ақ тіркей алады. Сондықтан мұндай сылтаулар негізсіз деп есептеймін», – деді ол.

Алена Ростовцеваның сөзінше, үйірменің жұмысын тексеруге байланысты ешқандай тексеріс жүргізілмеген. Ал әкімдік жіберген құжаттарда нақты мәлімет жоқ, дейді ол.

«Құжатта үйірме иелерінің қандай заң бұзғаны көрсетілмеген. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында барлық бала тегін секцияларға қатыса алады. Ал біз үйірмемізге әлі қабылдай алмай отырмыз. Өткен жылдың қазанында қабылданған балалар ғана қатысып жатыр. Егер қаржыландыру тоқтаса, олар үйірмеге келе алмайды. Бәрінен бұрын балаларға обал», – деп аяқтады ол.

ата-аналар

Қала басшылығымен кездесуге келген ата-аналардың шағымын Алматы әкімнің орынбасары Арман Қырықбай мен қалалық мәслихат төрағасы Станислав Конкуров, мәслихат депутаты Асия Ақанова тыңдады. Сонымен қатар қалалық прокуратураның ресми өкілі де жобаға қатысты бірқатар заң бұзушылықтарды атады.

«Жыл басынан бері жобаға 11 миллиард теңге төленді. Қазір Алматы бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұр. Алайда келісімге отырған кәсіпкерлерге әкімдік 2 миллиард теңгеден астам қарыз. Бұл тек Алматыдағы емес, өзге де аймақтарда бар мәселе. Қазір үйірмелер қарыз есебінен жұмыс істеп жатыр, ал республика бойынша төленуі керек қарыз 67-70 миллиард теңге шамасында. Мұндай мәселенің болуы мүмкін екені ескертілген. Осы тұста ешкім бұл бағдарламаны тоқтатайын деп жатқан жоқ екенін айтқым келеді. Бүгінгі таңда қарыз мәселесін шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары.

«Art Sport» жобасында шикіліктер барын әкімдік өкілі растап отыр. Сөзінше, жалған деректер арқылы үйірмелерге 2 000-нан аса бала тіркелген, іс жүзінде олардың ешқайсысы үйірмелерге қатыспайды. Бұл бойынша қалалық прокуратура өкілі қазіргі таңда тиісті тергеу жұмыстарының жүріп жатқанын мәлімдеді.

«Платформадағы баланың дерегі жайлы жолдарға өтірік ақпарат жазсақ, жүйе мұны қабылдай береді. Осындай олқылықтар бюджет қаржысының ұрлануына алып келеді. Сондықтан бағдарламаны мінсіз деп айтуға болмайды. Қазір прокуратура 2 000-нан деректің жалған екенін анықтап отыр», – дейді ол.

Қазіргі таңда жобаның әрі қарай іске асырылуын бақылау үшін арнайы топ құрылды. Топқа қала тұрғындары мен ата-аналар қосылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.