Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Бұл азаптаумен тең»: «Дикий» Арманның адвокаттары шұғыл мәлімдеме жасады

0 170

Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген күдікке ілінген Арман Жұмагелдиевтің адвокаттары шұғыл мәлімдеме жасады. Олардың айтуларынша, Арман адам шошырлық жағдайда қамауда отыр, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Талғат Есімов өз Facebook парақшасында жариялаған ақпаратқа сәйкес, олар Арманмен Алматыдағы ҰҚК департаментінің тергеу изоляторында кездескен.

«Арман Жұмагелдиев бұл іске өзінің қатысы жоқ екенін дәлелдейтін түсініктеме бергеннен кейін ҰҚК департаментінің тергеу изоляторына ауыстырылған. Мұнда ол адам шошырлық жағдайда қамауда отыр», – деді Жұмагелдиевтің қорғаушыларының бірі Виктор Кривоносов.

Оның айтуынша, мұны «азаптаумен» теңестіруге болады.

«Алматы полициясының изоляторына ешқандай шағымымыз болмаған. Оның миы шайқалғандықтан, дәрілер қабылдайтын. Ал ҰҚК департаментінің изоляторында ол карцерлік типтегі камераға қамалған. Мұнда ол киіммен ұйықтауға мәжбүр. Суық тиген. Камера өте тар, кішкентай. Мұндай камераға құқық бұзушылықтар жасағандар қамалуы керек», – дейді Кривоносов.

Адвокаттар әріптестерінің Арманды басқа камераға ауыстыру жөнінде басшылыққа өтініш білдіргенін айтады. 

«Ол түсініктеме беруге келіскен. Мұнда ҰҚК қызметкерлерінің іс-әрекетіне баса назар аударылса керек. Бұдан кейін оны бірден ҰҚК департаментінің изоляторына ауыстырды», – деп мәлімдеді Кривоносов.

«Адамды суық камераға орналастыруға не себеп болды? Ол түсініктеме бермеуі үшін бе? Бұл тікелей қысым көрсету. Бұған жол берілмеуі керек деп есептейміз», – деп қосты Виктор Кривоносов.

Қорғаушылар Арман Жұмагелдиевтің неліктен ҰҚК департаментінің изоляторына ауыстырылғанын түсінбейді. Олар бастапқыда Арманның жалғыз адамдық камераға қамалғанын және ешқандай шағымдары болмағанын айтады.

«Адамды осындай камераға ауыстыру әрі қарай түсініктеме берсе, жағдайы қиындай түседі дегенді білдіре ме?», – дейді қорғаушылар.

Авдокаттар өз қорғалушыларының өз-өзіне қол салмайтынын және құқығын заңдық негізде қорғайтынын қосып өтті.

Айта кетейік, 2 ақпанда адвокаттар «Дикий» Арманның тергеу изоляторынан жоғалып кеткенін мәлімдеген. Кейін Жұмагелдиевтің басқа изоляторға ауыстырылғаны анықталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.