Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бүгінгі Жолдауында халықтың көкейіндегі жүрген көптеген сауалдың жауабын берді. Алдымен «Қаңтар оқиғасы» туралы кеңінен сөз қозғаған Президент бұл қасіретке лауазымды қызмет атқарған бірқатар тұлғалардың да қатысы барын жеткізді.
Сол арқылы ол еліміздің ашықтық пен әділдікке қадам басқанын көрсетіп берді. Сондай-ақ Президенттен бастап, облыс әкімдері, орынбасарлары ешқандай партияның құрамында қызмет атқармайтындығы да ел күткен елеулі өзгерістің бірі. Себебі аймақ басшылары саяси ұйымның қатарында болса оған қандай да бір ықпал ететіні белгілі. Ал бұл ұйымдардың жұмысын тежеп, бұқараның наразылығын туғызады. Сол арқылы билікке деген сенімсіздік пайда болып, екі араға жік түседі. Осыны жете түсінген Мемлекет басшысының мұндай батыл шешім қабылдауы көңілге қуаныш ұялатады.
Жолдаудың ең маңызды тұсы – елімізде бірнеше жаңа облыстың құрылуы. Әсіресе Алаштың рухани астанасы саналған Семей мен кенге толы Жезқазғанның өз алдына бөлек облыс болып бөлініп шығуы құптарлық шешім. Облыс орталықтары Ұлытау, Абай деп аталуы да қуанышты еселей түсті. Бұдан бөлек Алматы облысы екіге бөлініп, бірінің орталығы Талдықорған, екіншісінікі Қапшағай деп аталмақ. Алайда Президент халық қолдаса Қапшағай қаласына мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілетінін де айтты. Әлбетте бұл шалғай өңірлердің тынысының кеңейіп, түтініні түзу ұшуына сеп болмақ.
Бұл Жолдауда айтылған ауқымды реформалардың бір парасы ғана. Мәжіліс мәртебесі, саяси партияларды тіркеу, сайлау жүйесін өзгерту сынды бастамалар назардан тыс қалмады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Жолдаудың жөні бөлек, мазмұны басқа. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!
Джазира Теңізбаева,
Дулати университеті,
Экономика және құқық факультеті
деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары