Қостанай облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып жүрген тұста жастардың алдында сөз сөйлеген Марат Жүндібаев ыңғайсыз жағдайға қалған деп жазды turkystan.kz.
«Жастар – біздің үмітіміз, ертеңгі тірегіміз. Сіздерге үлкен міндет жүктелді. Қазақстанның беделін осырып… өсіріп, зор табыстарға жетуге тілектеспіз», – деген еді ол 2019 жылы мінберде тұрып.
Оның «өсіріп» сөзін «осырып» деп айтқан видеосы интернетте кең тарады. Сол кездері ана тілін ежіктеп сөйлеген шенеунік жұрттың сын садағына іліккен. Ал бүгін, арада 3 жыл өткен соң Марат Жүндібаев Қостанай қаласының әкімі болып тағайындалды.
«Қостанай қаласы мәслихаты депутаттарының келісімімен және облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің бұйрығымен Марат Күнісбайұлы Жүндібаев Қостанай қаласының әкімі болып тағайындалды» деп жазылған Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Марат Жүндібаев – Қостанай ауданы Новоселовка ауылының тумасы, үш жоғары білімі бар. 20 жылдан бері Қостанай облысы жергілікті атқарушы органдары құрылымында түрлі қызметтер атқарған, соның ішінде облыс әкімінің орынбасары болған. Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор лауазымын атқарған.
Жаңа әкімнің қазақ тілін қаншалықты меңгергенін уақыт көрсете жатар. Бәлкім, жоғарыдағы оқиға үлкен сабақ болған шығар.