Қалалық қоғамдық-саяси газет

Азаматтық қоғам құруға бетбұрыс

0 141

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында бірқатар маңызды мәселелерді қозғады. Әсіресе сайлау жүйесіне өзгерістер енгізуді ұсынып, еліміздегі жүргізіліп жатқан саяси реформаларды жалғастыру мақсатында жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажеттілігін айтты.

Енді Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды іске асыру мақсатында Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеледі. Ал бұл бастаманың негізі қандай?
Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді.
Саяси жаңғырудың басты мақса- ты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттырып, азаматтық қоғам құруға бет бұру. Осыдан 15 жыл бұрын Конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттары да осы үлгімен таңдалып, партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті мәслихаттарға да сайлана алмайтын болып қалды. Бұл азаматтардың сайлауға деген сенім белсенділігін күрт төмендетті.
Президент осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, аралас сайлау жүйесіне көшу қажеттігін жеткізді. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.
Тұлғалар қалыптасуы бір күндік немесе бір жылдық құбылыс емес, оған уақыт керек. Екіншіден, азаматтардың билікке деген сенімі де аса маңызды. Халық сезінетіндей оң өзгерістер қажет. Оның басты бағыттарының бірі – партиялардың, қоғамдық бірлестіктерден тіркелуіне мүмкіндік беру. Бұл мәселе де енді шешімін табуда.
Бүгінде халықтың сайлауға қатысуының көрсеткіші тым төмен. Себебі олардың көпшілігі «біздің таңдауымыз ештеңе шешпейді» деген түсінікпен өмір сүруде. Демек, келешекте тұғыры берік, діңгегі мықты азаматтық қоғам орнайтын болса, дамыған озық елдердің қатарынан ойып тұрып орын алатын боламыз.

Дүйсен Ділдәбек, Дулати университеті «Тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының доценті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.