Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақтың тұңғыш жазушысы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл

0 1  662

Бүгін – детектив жанрында қалам тербеген қазақтың тұңғыш жазушысы Кемел Тоқаев туғанына 100 жыл. 

Қазақ мәдениеті мен әдебиетіне сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгер 1923 жылы 2 қазанда қазіргі Жетісу облысы, Қаратал ауданында дүниеге келген.

Ол Ұлы Отан соғысының ардагері. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттері редакцияларында жауапты қызметтер атқарған. 

1960–1977 жж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы боп істеген, 1980–1984 жж. Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған. 

Кеңес чекистері тақырыбына арналған оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірінші бәйге алып, төрт мәрте лауреат атанды (1956, 1972, 1977, 1980). «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» деп аталатын пьесалардың да авторы.

Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен және басқа көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет Грамотасымен және омырауға тағатын арнаулы белгісімен марапатталған. 1986 жылы өмірден өткен.

Айта кетейік, Кемел Тоқаев – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі. Биыл жазушының 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар еліміздің бірнеше қаласында және Әзірбайжан мен Түркияда атап өтілді. Алайда Қазақстан Президенті ол шаралардың ешқайсысына қатыспады. 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.