Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстандықтың мейрамханасы «Бейжіңнің үздік бургерлері» титулын жеңіп алды

0 281

Қазақстандық Дәулет Исабеков Бейжіңдегі танымал мейрамхана иелерінің бірі. Тамақтану орнын коронавирус өршіп тұрған шақта ашқан. Ол карантиндік жағдайда кәсіпті дөңгелету қиын болғанын мойындайды. – Әйткенмен, бұл бизнесті жүргізуде ата-ананың берген тәрбиесі мен қазақы қонақжайлылық көмектесті, – дейді өзі.
Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қытайда бәсекелестік өте жоғары, сондықтан жұмысқа бар күшіңді салу керек. Есесіне талпыныс көп күттірмей нәтиже береді. Мәселен, Дәулеттің мейрамханасы былтыр «Бейжіңнің үздік бургерлері» титулын жеңіп алған.

«Өте қатты қуандық. Бұл жетістікке ұзақ уақыт бойы жүріп келдік. Қиын болды, себебі ковидтің алғашқы жылы еді. Одан барлығы аман қалған жоқ, бірақ біздің жолымыз болды. Клиенттеріміз артып, Бейжіңде танымал болып шыға келді. Бізді бәрі таниды. Тіпті, қаланың басқа бөлігінен адамдар келеді», – дейді Дәулет Исабеков.

Мектеп бітіргеннен кейін, Дәулет Бейжіңдегі дипломатиялық академияға оқуға түскен. Ол өмірін мемлекеттік қызметпен байланыстыруды жоспарлаған. Бірақ көп ұзамай бизнесті таңдап, жеке кәсібін ашқан.
Қытайда вирус өршіп тұрған кезде мейрамхана иесі басынан қандай қиыншылықтар өткенін айтты. Қоғамдық тамақтану орындары жабылған тұста тек тамақты жеткізу қызметі мейрамхананы сақтап қалған. Вирус мейрамхананы басқару тәртібін де өзгерткен.

«Барлығымыз бірден екпе салдырдық. Ол міндетті. Бізді өте жиі тексеретін. Көптеген жерлерде енді ашық мейрамханалар керек болды. Бізде ашық болмағандықтан, асүйде камералар орнатылды. Тазалықтың жаңа стандарттары енгізілді. Қызметкерлер кіреберісте QR-кодты сканерлеу керек», – дейді Исабеков.

Пандемия тек кәсіпке емес, Дәулеттің жеке өміріне де әсер еткен. Жас жігіт екі жылдан бері жақындарын көрмеген. Қытай әлі күнге дейін сырттан келетін қонақтарды қатаң қадағалауда. Болашақта Дәулет елге оралып, кәсібін осы жақта жалғастыруы мүмкін екенін айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.