Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстандықтар БЖЗҚ-ның жеткіліктілік шегін көтеру туралы шешіміне қарсы петиция жариялады

0 268

Қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жеткіліктілік шегін көтеру туралы шешіміне наразылық ретінде онлайн петиция жариялады. Құжат авторлары 3 желтоқсанда БЖЗҚ жариялаған жаңа жеткіліктілік шегі бойынша зейнетақы жинақтамаларына қол жеткізу қазақстандықтар үшін мүмкін емес екенін алға тартады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Егер 20 жастағылар үшін шекті көрсеткіш қазір 1,7 миллион теңге болса, келесі жылдан бастап ол 3,1 миллион теңгеге дейін өседі. Көрсеткіш 1,8 есеге көтерілді. Бұл шындыққа жанаспайтын шек. Бұрын жинақталған тұрғын үй сатып алу немесе емделу үшін  шотымыздағы қаражатқа қол жеткізуге мүмкіндік болған еді. Біз, петицияға қол қойған Қазақстан азаматтары, БЖЗҚ-дан ең төменгі жеткіліктілік шегін ақылға қонымды шекке дейін төмендетуді талап етеміз», – делінген петицияда.

Еске салсақ, 3 желтоқсанда Қазақстанда 2022 жылы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алудың жеткіліктілік шегінің көрсеткіштері күрт өсетіні белгілі болды. Зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жеткіліктілік шегі мынадай болуы қажет: 21 жаста – 3,2 млн теңге, 22 жаста – 3,3 млн теңге, 30 жаста – 4,4 млн теңге, 40 жаста – 5,8 млн теңге, 50 жаста – 7,4 млн теңге.

БЖЗҚ ең төменгі жеткіліктілік шегінің мәндері әрбір жас үшін есептелетінін және болашақта зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуі ескерілетінін хабарлады. Бұл ретте «Республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, зейнетақының ең төменгі мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты, жыл сайын осы көрсеткіштердің өсуін ескере отырып, жеткіліктілік шегінің мөлшерін есептеу жүргізіледі.

Алайда, Еңбек министрлігі мен БЖЗҚ-ның мұндай түсініктемелері қазақстандықтарды қанағаттандырмады.

Қазіргі таңда 12 мыңнан астам адам петицияға қол қойған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.