Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстандық шебердің сүйектен жасалған ерекше туындылары әлемді таңдай қақтырды

0 502

Нұр-Сұлтан қаласы Шортанды ауданы Мәдениет үйінің суретшісі Бектас Кәрім Магаданда өткен ІІІ Халықаралық «Әлем халқының сүйек кесу өнері» фестиваліне қатысып, «Өнердегі руханият» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. Еліміздің абыройын асқақтатқан өнер иесі Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, өзінің сүйектен жасаған туындыларының сырымен бөлісті.

АҚШ, Канада, Норвегия, Қытай, Швеция, Қазақстан, Финляндия, Беларусь, Украина,  Луганская, Ресей  сынды әлемнің 12 елінен 40 шақты шеберлер қатысқан дүбірлі додада – І дәрежелі дипломмен марапатталу — үлкен дәреже екені сөзсіз. Бектас Кәрімнің сөзінше, бұл оның халықаралық деңгейдегі көрмеге бірінші рет қатысуы.

«Сүйектен түрлі дүниелер жасаумен кезінде біздің ата-бабаларымыз айналысқан. Күнделікті өмірде қажетті заттардың көпшілігін ағаштан жасап, оған әшекей ретінде сүйектерді көптеп пайдаланған. Қайқыбас төсек, сандық, абдыра, киім ілгіш, ыдыс-аяқ сандық секілді үйге қажетті құрал жабдықтардың бәріне қолданған. Түрлі әшекей бұйымдарды да сүйектен жасаған. Сондай-ақ, қазақ халқы малдың жауырын сүйегін ерекше қастерлеген. Қандай да бір құпияны, тылсым-сырларды ашуға, болжап білуге жауырын сүйекті қолданған. Жауырынды кез келген адам емес, бойында қасиеті бар кісілер ғана пайдаланған. Ел арасында ол адамдар жауырыншы деп аталған. Ел басқарған хандар өздерінің қасына арнайы жауырыншы адамды ұстаған. Қандай да бір шапқыншылыққа аттанар алдын жауырыншыға болжатып, қарсы жақтағы жаудың жағдайын біліп отырған. Жауырын сүйектің өзін үшке бөліп болжайтын болған», – дейді 2014 жылдан бастап ұсақ малдың және сиырдың жауырын сүйегінен түрлі туындылар жасауды қолға алған Бектас Кәрім.

Магадан қаласында сүйек зергерлігі өнері айрықша дамыған. Сүйек өнері шеберлерінің басым бөлігі осы қалада тұратын көрінеді. Сүйек өнеріне айрықша көңіл бөлетін бұл аймақта «Әлем халқының сүйек кесу өнері» халықаралық фестивалі араға жыл салып тұрақты түрде өткізіліп тұрады екен. Бұл өлке шеберлері туындыларының басты ерекшелігі – теңіз морждарының сүйек тістерінен жасалатындығында дейді Бектас шебер. Сүйектің осынау түрі өзге сүйектерге қарағанда сапалы келетіндіктен де жоғары бағаланып жатады екен.

“Менің ұсақ малдың және сиырдың жауырын сүйегінен жасаған туындыларым елдің назарын бірден аударды. Мұндағы ерекшелік – барлық туындының жауырыннан жасалғандығында. Әр жұмысымның атауы бар. Сондай-ақ, әрбірі қазақтың салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан сыр шертіп тұрады», – дейді шебер.

Оның айтуынша, Моңғолияда да, Қазақстанда да жауырын сүйегін қолдана отырып түрлі туындылар жасайтын шеберлер сирек кездеседі екен. Сүйектің бетіне сызба түсіргеннен гөрі, ойып жасаған өзгешелеу көрінетіндіктен осы жолды таңдағанын айтады. Жауырын сүйегі де таза тұнған сүйек болмағандықтан, кемігін ішінен ойып алып тастау арқылы жасайды екен. Анығырақ айтқанда, шебердің көз майын тауысып, тер төгуініңнәтижесінде ғана тың туындылар өмірге келіп жатады екен.

Аталмыш халықаралық көрме барысында қазақстандық шебер Бектас Кәрімнің туындыларына қызығушылық білдіргендердің қатары көп болыпты. Көрмеге бір туындысын өзі сыйға тартса, еңбегін жоғары бағалаған қонақтар арасында сатып алушылар да кездесіпті. Қазақстандық шебер өнердің осы бір ерекше түрін одан әрі қарай дамыта отырып, халықаралық додаларда бақ сынауды жалғастыра бермек .

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.