Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанда «Кальмар ойыны» сериалына тыйым салу ұсынылды

0 539

«Кальмар ойыны» сериалынан кейін балалар ондағы эпизодтарды қайталауда. Әлем ұстаздары осылай деп дабыл қағуда. Балалар ойын ойнап, жеңілгендерді кемсітіп, қорлап, тіпті соққыға жығып, қатігез жазалауда. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ал қиялы қатты дамыған балалар сценарийден шығып, кинодағыдан да қауіпті жазаларды ойлап табуда.

Психолог әрі психотерапевт Галина Салтанованың айтуынша, бұл ойынды тоқтатпаса, оның соңы орны толмас өкінішке апаруы мүмкін.

«Балалардың психикасы толық қалыптасып бітпеген. Олар образды түрде, көз алдына картинаны елестетіп ойланады. Ал ол ойлары алдымен санасына, кейін бейсанасына жазылады», – дейді психолог.

Салтанованың пікірінше, «Кальмар ойыны» балалар үшін қауіпті. Бұл ойын әлсіз адамның көзін жоюға жетелейді.

«Ойын – балалық кезеңнің жетекші қызметі. Ойын ойнау арқылы біз рөлдерді танып-білеміз. Бұрын балалар анасы мен қызы, дүкенші, құтқарушы, полицей сынды ойындарды ойнайтын. Енді балалар қаскөйді сомдайды. Бұл қоғам үшін қауіпті», – деді Галина Салтанова.

Психологтың айтуынша, елімізде «Кальмар ойынына» тез арада шектеу қою керек.

«Кальмар ойыны» өте қауіпті. Белгісіз адамдардың мектепке басып кіріп, оқушыларды атып тастағанын хикаялардан білеміз. Ата-аналар баланың теледидардан, ғаламтордан қандай контент қарап отырғанын қатаң бақылауы керек», – дейді психолог.

Бұл ойынды ойнаған баланың психикасына сіңіп, болашақта ол сыртқа шығып, адам шошырлық жайттарға апаруы мүмкін. 

«Жүйке-жүйесі әлсіз қабылдағыш балалар әлсіз болудан қорқатын болады», – деді Салтанова.

Айта кетейік, «Кальмар ойыны» жақында ғана ел арасында кеңінен танымал болған Netflix-тегі сериал. Хикаяда қарызға батқан адамдар біртүрлі ойынға қатысуға келіседі. Жеңімпаз қомақты қаржыға ие болса, жеңілгендер өледі. Сериал әлемнің 90 елінде ең көп қаралған 10 туындының ішінде көш бастады.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.