Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанда инфляция деңгейі көтерілді: Азық-түлік бағасы өсіп жатыр

0 375

Биылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша халық жиі тұтынатын азық-түлік тауарлары айтарлықтай қымбаттаған деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша республикада инфляция өсті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.

«Көкөніс бағасының 8,7%-ке және жеміс бағасының 2,4%-ке маусымдық төмендеуіне қарамастан, Қазақстанда инфляция 8,9%-ке жетіп, жылдамдауын жалғастырды», – деді Досаев үкімет отырысында.

Соңғы бір айда ет (1,3%), өсімдік майы (0,6%) және қант (1,1%) бағасының өсуіне байланысты 11,4%-дан 11,5%-ға дейін өскені айтылды.

Айтуынша, монетарлық емес факторларды тұрақтандыру үшін биыл қыркүйекте үкімет әкімдермен бірлесіп инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенін іске асыра бастады. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасы тамыздағы ең жоғары 10,4%-тен қыркүйекте 9,6%-ке дейін төмендеген.

Алайда қазанның бірінші аптасының қорытындысы бойынша баға тағы да өсіп, жыл басынан бері 9,9%-ті құрады.

Әлеуметтік маңызды азық-түліктің қымбаттауына жұмыртқа, тауық еті, қырыққабат, қант пен сиыр еті бағасының өсуі әсер еткен.

«Азық-түлікке жатпайтын инфляция қыркүйекте дизель (бір айда 3,8%), газ (0,9%) және көмір (1,9%) бағасының көтерілуі аясында 7,3%-тен 7,5%-ке дейін 0,2 пайыздық тармаққа өсті. Жанар-жағар майдың қымбаттауы дәнді-дақылдар бағасының өсуіне алып келді. Бұған қоса, көршің елдердегі бағаның қымбаттауы да тікелей әсер етіп отыр», ˗ дейді Ұлттық банк төрағасы.

Белгілі болғандай. Ұлттық банк инфляция дәлізін 7,5-8,5%-ға қайтаруға күш салуда.

Сондай-ақ, ұлттық банк төрағасы әлемдік экономика қалпына келе бастағандықтан шикізат бағасы өскенін атап өтті.

«Осы жылдың тамызында өнеркәсіптік шикізат құны негізінен Қытай мен дамыған елдер тарапынан жоғары сұранысқа байланысты базалық металдардың 42,6%-ға қымбаттауы есебінен 38,5%-ға өсті. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы шикізаты 22,7%-ға қымбаттады.

Ұлттық банк төрағасы өткен айда 17 өңірдің 13-інде жылдық инфляция жеделдегенін мәлімдеді. Алты облыста инфляция 9%-тен асқан.

«Қыркүйекте дизель отынының бағасы 3,8%-ке өсті, ал жекелеген облыстарда 10%-тен асты. Өндірістің ұлғаюы мен экспорттың тоқтауына қарамастан, дизель отынының тапшылығы байқалуда. Бұл инфляциялық қысымды күшейтіп, басқа тауарларға жанама әсер етіп жатыр», – деді Досаев.

Досаев инфляцияны «ұстап тұру» үшін өңірлік нарықтарда бағаны тұрақтандырып, тауарлар тапшылығына жол бермеу керек екенін айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.