Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанда азық-түлік бағасы тағы қымбаттап жатыр: Халық наразылық білдірді

0 261

Еліміздің әр өңіріндегі тұрғындар азық-түлік бағасының күн сайын көтеріліп жатқанына наразы, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Әсіресе, нан-шәйімен, сүт-майдың құнына шағын дүкендер бірер теңге қосуды жиілеткен. Сатушылар көтерме сауданың өзінде тауар қымбаттап жатқанын айтып ақталады.

Сондықтан шағын дүкендер де азық-түлік бағасын көтеруге мәжбүр. Мұны статистика мамандары да растап отыр.

Бірер жыл бұрын семейліктер мың теңгеге дүкеннен дорбасын толтырып шығатын. Қазір ол ақша күнделікті нан мен шәйге әрең жетеді деп налиды тұрғындар. Азық-түлік құнының күн сайын өсуі кесірінен айлығымыз тек ішіп-жемімізден артылмайды деп отыр.

Ақтауда бір бөлке нан 110 теңге тұрады. Ал тауық жұмыртқасын таңсық астың қатарына қосуға болады. Бір түйірінің құны елу-елу бес теңгенің арасында. Аймақтағы азық-түлік бағасының бұлай шарықтауына тауардың сексен пайызға жуығын сырттан әкелу себеп дейді мамандар. Көрші елдер мен басқа өңірлерден жеткізілетін тауарға жол шығыны мен алыпсатарлар өз пайдасын тағы қосады. Сондықтан азық-түлік өзімізге қымбат келеді, дейді дүкен иелері. Кәсіпкерлер бар жоғы үстіне 5-10 теңге қосамыз деп отыр.

“Бізге  өзіміз қымбат бағаға аламыз, сосын үстіне кішкене ғана қосамыз. Мәселен, жұмыртқаны 47 теңгеге сатып алып 50 теңгеге сатамыз. Тамаққа қосатын май  сынды кейбір азық-түлік түрлері Ресей, Белоруссиядан әкелінеді. Өнім зауыттан тікелей бізге жеткенше алып-сатарлар тағы қосады. Нанды 110 теңгеге алып, үстіне бар-жоғы 5 теңге қосып сатамыз. Ал сүт өнімдерін Қостанайдан алдырамыз”, – дейді дүкенші Лариса Аджиева.

Ақтөбеде нан мен жұмыртқа құны Ақтауға қарағанда арзан. Есесіне көкөніс бағасы апта сайын шарықтап барады. Келісі 200 теңгеден төмен картопты таппайсың. Соңғы жарты жылда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіретін 18 тауардың барлығы бірдей қымбаттаған.

“Бір аптаның арасында бағаның өсуі бізде байқалады. Қырыққабатқа 1,3 пайызға, картоп бір пайызға өсті. Нанның бағасы қазіргі күні тұрақты 84 теңге бір нанға. Жұмыртқа орташа баға 329 теңге”, – дейді Ақтөбе облысы статистика департаментінің басқарма басшысы Шара Нұрпейісова.

Қазір ел бойынша бірініші сұрыпты ұнның келісі 133 теңгеден басталады. Ал тауық еті 935 теңге, сұйық  майдың литрі 721 теңге, шекер 289 теңге. Бұл ең арзан деген баға. Оны көтерме базардан дүкенге жеткізгенше тағы бірнеше теңге қосылып отырады. Одан әрі қымбаттамауына әзір ешкім кепіл те бермейді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.