Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ пен өзбек Аралды орманға айналдырады

0 307

Аралдың құрғағанына жарты ғасырдан асты. Қазақстан мен Өзбекстан әлемді жұмылдырып, мәселенің шешімін та­буға тырысуда. Дегенмен осы істе көршінің алға озып кет­кенін біздің шенеуніктер мойын­дауға мәжбүр. Мысалы, Аралдың ұлтанына егілген сексеуілдің өсіп-өну көрсеткіші Қазақстанда 40% ғана, ал өзбектерде әлдеқайда жоғары. Өзбекстан осыған қатысты жеке бағдарламаны 2018 жылы қабылдады, Қазақстан енді ғана ниеттеніп отыр. Еліміз сек­сеуіл егу бойынша бұрыннан қолданған тәсілінен бас тартып, өзбектердің озық әдісін қабылдамақ,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақта – 40%, өзбекте – 60%

Арал теңізі 60-жылдардың екінші жартысында тартыла бастады. Бұл  Кеңес Одағының адам­затқа қалдырған ең ірі қа­сіреті, кесірлі апаты болатын. Бүгінде Аралдың кеуіп қалған түбінің жалпы алаңы 6 миллион гектарға жуық. Оның шамамен 2,8 миллион гектары – Қазақстан аумағында, қалғаны – Өзбекстанның еншісінде.

Елбасының күш салуымен республикамыз алып бөген тұр­ғызып, Кіші Аралды қалпына келтірді. Бірақ ол бәрібір алып теңіздің сор басқан табанын жаппайды. Сондықтан Қазақстан 2008 жылы Аралдың құрғаған бөлігінің өзіне тиесілі аумағында фитоорманмелиорация жұмыстарын жүргізуге кірісті. Бұл эко­логиялық ахуалды жақсарту үшін қажет.

Себебі Аралдан жыл сайын 100-150 миллион тонна тұз бен құм ара­ласқан улы шаң ұшып, жоғары кө­теріледі, екі елдің халқы тығыз шо­ғырланған облыстарына тара­лады. Мұның климаттың өзгеруіне ықпал ететінін ғалымдар дәлел­де­ген. Сондай-ақ зиянды тозаң Орта­лық Азиядағы мұздықтарға шөгеді, ал еліміздің үлкен бөлігі тау шың­дарынан бастау алатын өзендерден су ішіп отырғаны мәлім.

Екпіні қатты құмды дауылдар мен торнадоға ұқсас құйындар со­ғып тұрады. Оның зардабын эко­ло­гиялық апат аймағындағы жергілікті жұртшылық күнделікті сезініп ке­леді. Жергілікті тұрғындардың ай­туынша, ауылдарды құм басып қа­лып, елді үйін тастап көшуіне, бол­маса жаңа жерден үй тұрғызуға мәжбүр қылады.

«Борпылдақ тұзды топырақты және көшпелі құмды тұрақтан­ды­рудың ең қолайлы, экологиялық қауіпсіз әрі экономикалық тиімді тәсілі – фитоорманмелиорация, яғни теңіздің кепкен түбіне жергі­лікті-абориген өсімдіктерді отыр­ғызу. 2008-2014 жылдары Дүние­жү­зілік банктің «Ормандарды сақтау және республика аумағының ор­ман­ды жерлерiн көбейту» жоб­а­сының аясында Арал табанында 57 390 гектар ауданда өсімдіктер отыр­ғызу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде 47 337 гектарға – көшет, ал 10 053 гектарға – сексеуіл тұқымы егілді. Бұл іс-шаралар топырағы құ­майт, сазды қабаттардан тұратын, ал үстін кристалды тұз жапқан жер­де жүргізілгендіктен, өсімдіктердің орташа жерсінуі 40%», – деп хабар­лады Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігінің ви­це-министрі Әлия Шалабекова.

Салыстырсақ, көрші Өзбек­стан­да бұл көрсеткіш 60 пайызға жетеді.

Қаптаған жобаның қайырымы қайда?

Сексеуіл егу тек Дүниежүзілік банктің 2008-2014 жылдардағы бағ­дарламасымен түгесілмеді. Қазақ­стан республикалық, жергілікті бюд­жеттерінен де қыруар қаржы бөл­ді. Бұл іске басқа да халықаралық ұйымдар қаражат құюда. Халық­аралық қайта құру және даму бан­кiнің Траст-қоры Қазақстанға «Ор­мандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерiн кө­бейту жобасы» аясында 5 млн дол­лар грант бөлді. Бұған қоса, банк жобаға арнап, 30 млн доллар қарыз берген. 2006 жылғы келісімге сәй­кес, сол жобаны республикалық бюд­жеттен қосымша қаржылан­дыруға 28 млн 800 мың доллар қа­растырылған.

Сондай-ақ 2019 жылы Жаһан­дық экологиялық қор ұйымы «Қа­зақ­станда тұрақты агро-орман пай­далану қағидаттарына сәйкес құр­ғақ жерлерде тұрақты ланд­шафт­тар құру» жобасын қаржылан­дыруды алдын ала қолдады, оны 2020-2025 жылдары іске асырып, Арал теңізінің құрғаған түбінде ағаш отырғызу жұмыстарын жалғастыру жоспарланған.

Осылайша, Экология министр­лігінің дерегінше, 2008 жылдан күні бүгінге дейін Аралдың қазақстандық бөлігінде жалпы аумағы 195 мың гектардан астам жерге сексеуіл егіл­ді. Бұл көлем алда күрт артпақ.

«Аралдағы экологиялық апат аймағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Арал теңізінің құрғаған табанында сексеуіл отырғызу көлемі артады. Теңіз табанындағы құрғаған жер­лерді ормандандыру үшін Мемлекет басшысының Қазақстанда 2 мил­лиард ағаш отырғызу бастамасы аясында біз 2025 жылға дейін 213 мың гектар аумаққа сексеуіл егуді көздеп отырмыз. Алайда мұны жет­кіліксіз деп санаймыз. Сондықтан Арал табанында сексеуіл отыр­ғы­зудың арнайы бағдарламасын қа­былдауға ұсыныс жасадық», – деп мәлімдеді биыл Экология ми­нистрлігі.

Бірақ әлгінде вице-министр айт­қандай, сексеуілдің 60 пайыз­дайы жерсінбей қурап қалады. Бұған жергілікті тұрғындар да назар аудартып жүр. Жаңа алқаптардағы сексеуіл де босқа қурап, аста-төк қаржы заяға кетпеуі үшін Үкімет өзбектің озық тәжірибесін игеретін болады.

Өзбек қалай озды?

2019 жылы Қазақстанның Ор­ман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Өзбекстанның Мемлекеттік орман шаруашылығы комитеті мамандары келіссөз өт­кізді. Оның барысында жұмыс топ­тарын құру, сондай-ақ Арал теңі­зінің құрғаған түбінде орман өсіру жөніндегі меморандум мен жол кар­тасының жобаларын әзірлеу мә­селелері қаралған. Кейін араға пан­демия килігіп, алыс-беріс, барыс-келіс саябырсыды. Биыл Экология министрлігі көршілес елмен осы бағытта тәжірибе алмасу шаралары жалғасатынын жариялады.

Арал

Қазақстандық ғалымдардың Өз­бекстанға экспедициясы ұйым­дас­ты­рылған. Олар 1 мың гектарда 1,8 млн көшет жайқалып өсіп тұр­ғанына куә болды. Мұндай жетіс­тік­ке көрші елдің ғалымдары қалай жет­кен? Қазақстан сексеуілді көшет кү­йінде отырғызады немесе тұқы­мын механикалық түрде егеді, ал Өзбекстан сексеуіл тұқымын әуеден себеді.

«2021 жылғы сәуірде Президент Қ.Тоқаев елдегі экологиялық ахуал­ды жақсарту мақсатында Арал те­ңізінің ұлтанында, жалпы ауданы 1,1 миллион гектар жерде сексеуіл егу арқылы фитоорманмелиорация жұмыстарын жүргізу міндетін қой­ды. Жыл аяқталғанша, 2021 жылы 100 мың гектардай жерге сексеуіл отырғызылады. Ал 2022–2025 жыл­дары жыл сайын 250 мың гектарға сексеуіл егіледі. Арал түбінде кең ау­қымды орман отырғызу жұмыс­тары жоспарланып отырғанын ескере келе, біз бірінші рет Өзбек­стандағыдай, сексеуілді аэросебуді жүзеге асыратын боламыз. Мәселен, Өзбекстан осы тәсілмен Аралда небәрі 3 жыл ішінде 1,5 миллион гектардан астам жерде орман өсірді», – дейді вице-министр Әлия Шалабекова.

Жасыратыны жоқ, Өзбекстан құрғаған теңіз табанын жайылым есебінде пайдалану мақсатын қо­йып, оған жетуде көп іс тындырды. Бұған дейін тұзы ұшып, соры шы­ғып жатқан 1,5 млн гектар жерде бү­гінде жасыл «теңіз» жайқалып тұр. Оңтүстік көрші Аралдың құр­ға­ған бөлігіне құм сексеуілі, Рих­тер­дің сораңы (немесе Рихтер қожасы, черкез деп те атайды, Salsola richteri), тамарикс және басқа тұзға тө­зімді ағаштарды, бұталар мен өсім­діктерді отырғызуда.

Әділін айту керек, олардың да шекесі шылқып тұрғаны шамалы: 2018 жылғы 27 мамырда Аралдан кө­терілген алапат дауыл Өзбек­станның қалаларын тұзды шаңға көміп тастады, ел егіннің біраз бө­лігінен айырылды. Мұндай тұзды-құмды борандар жыл сайын қай­таланады.

Ауыл шаруашылығы ғылым­дарының докторы, академик Зино­вий Новицкий Аралдың өзбек­стан­дық бөлігінде өсімдік егу ісін 40 жыл­дан бері зерттеп келе жатқан ма­ман. Оның айтуынша, Өзбек­стан­да ұзақ жылдар бойы Аралдағы экологиялық ахуалды түбегейлі жақ­сарту бағытында іргелі жұ­мыс­тар жүргізілмеген. Тек Техникалық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамының жобасына 27 мың гек­тарға орман егумен шектеліпті.

Бертінде ғана оң бетбұрыс бол­ды: 2017 жылғы қаңтарда Президент Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстан активінің кеңейтілген отырысында Арал түбінде орман жасау баста­ма­сын көтереді. Академик З.Новиц­кий Арал түбін орман өсіру мақ­са­тында пайдалану мүмкіндіктері және тұзды топырақта өсімдік егу кезінде қолданылатын заманауи, үздік, инновациялы технологиялар туралы Шавкат Мирзиёевке егжей-тегжейлі айтып берген. Жиында Арал ұлтанын түбегейлі қайта құру жөніндегі мемлекеттік бағдарл­а­маны әзірлеуге шешім қабылданады. Бағдарлама 2018 жылғы 16 желтоқ­санда күшіне еніп, қолға алынды. Өзбекстан аз ғана уақыт ішінде Қа­­зақстанды қуып жетіп қана қой­май, шаңында қал­дырды. Бізде 200 мың гектарға да жетпейтін жерге ға­на сексеуіл егіл­се, оларда 1,5 мил­лион гектарда өсім­­дік жайқалып тұр. Оның басым бөлігі – 1 млн 97 мың гектары – аэро­себу әдісімен орындалды.

Қос ел енді бірлесе қимылдағаны жөн

Өзбек жағы сексеуіл, тамарикс және басқа да ағаш-бұта, өсім­дік­терді егу кезінде локальді, ошақтық, шабындықты қорғау, мелиора­тив­тік-жемазықтық орман өсіру қағи­даттарына сүйенеді, сондай-ақ жыл­жымалы құмды тұқым сеппес бұ­рын, алдын ала бекіту-ны­ғай­тудың түрлі тәсілін пайдаланады. Тәжірибе көрсеткендей, бұл әлдеқайда арзан әрі нәтижелі болып шықты. Әйтпесе, егілген көшеттерді құм жұтып қояды.

Сексеуілді аэросебу үшін ең қолайлы уақыт желтоқсан-ақпан айы екен. Наурыздан кешіксе, ары қарай құмның сортаң беткі қабаты құрғап, тұқым жерге еніп үлгер­мейді, босқа кетеді. Ал қарға түскен сексеуіл тұқымы күн жылығанда еріген қармен жерге сіңеді, өркен жаяды екен. Бір көктеп алған тұқым 3 айға дейін тіршілігін жалғастыруға қабілетті болады.

Ғалымның мәліметінше, Өз­бекстанда теңіздің құрғаған түбіне орман егу жұмыстары кейінгі жыл­дары да жалғасады.

«Ғылымнан алыс адамдар те­ңізге жеткілікті көлемде су беріп, оны бұрынғы күйінде қалпына келтіруді ұсынғаны есте. Бірақ оған қол жеткізу үшін Аралға құятын өзен­дер бойындағы егіншіліктен жаппай бас тартуға тура келеді. Ол су да жетпес еді. Қалған суды қайдан аламыз дегенде, әлгі білгіштер Ре­сейдегі Сібір өзендерін бұруды ұсын­ды. Мен басқа пікірді ұста­на­мын: экологиялық ахуалды жақ­сар­ту үшін ғылыми негізделген тәсілді қолдана отырып, теңіз түбіне орман отырғызу керек. Мембағдарламаға да осы тәсіл алынды. Жалпы, осы істе Қазақстан мен Өзбекстанның күш-жігерін біріктіретін кезі жетті. Ортақ Аралымыздың ұлтанын екі елдің орманмелиорациялық иге­руінің Бірыңғай жүйесін құру қа­жет», – деді Зиновий Новицкий.

Бұл үшін ортақ құжатқа қол қойылуы керек. Оның байламынша, бірде-бір мемлекет Аралдың эко­логиялық апатын жалғыз еңсере ал­майды. «Бізге солтүстіктен, яғни теңіздің құрғаған қазақстандық бөлігінен үнемі жел соғып тұрады. Сондықтан ондаған жылдар бойы қазақстандық орман өсірушілер мен ғалымдарды Арал проблемасын шешуге бірге кірісуге шақырып келемін. Іс тым шабан ілгерілеуде», – дейді З.Новицкий.

Өзбекстандағы Арал таба­нын­дағы орман алқаптарына Үстірттен киіктер ауа бастапты. Олар сол жер­ден жемазық тапқан. Бұдан бөлек, қоян, қырғауыл, қарсақ, түлкі, жа­байы қабандар мекен етеді. Олардың ізімен қасқырлар келген. Құстардың көптеген түрі пайда болып, қаңы­ра­ған даланы шуға толтыруда. Мұ­ның бәрі Аралдың орасан зор перс­пективасы барын көрсетеді. Ендеше қазақ пен өзбек ғалымдары, жа­уапты тұлғалары бірге отырып, ор­тақ Аралдың қанша көлемдегі жерін орманға және жайлауға айналдыруға болатыны жөнінде келісіп, ары қа­рай­ғы істі үйлесімді жүргізгені абзал.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.