Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ болуымыздың негізі

0 224

Адам өткенін жақсы білмесе, болашаққа нық қадам баса алмайды. Тәуелсіз ел ретінде өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу біз үшін өте маңызды. Себебі жер бетіндегі әрбір ел өздерінің өткен тарихын негізге алып, ұлы тұлғаларымен, кейінге қалдырған түрлі мәдениетімен ерекшелігін көрсетуге талпынады. Бұл орайда қазақтың қилы тарихы да ықылым замандардан бері сан жолдардан өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келгендігін айтып, мемлекеттің қазақ халқының түп негізі екендігін дәлелдеп берген.

1999 жылы Қазақстан аумағындағы әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани дамуды жүйелеп көрсеткен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабында Алтын Орда қазақ хандығының бастауы болғандығын тұжырымдады.

Елімізде Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуына орай Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы датаны мерекелеу аясында Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туристік орталық ретінде насихаттай отырып, Жошы ханның есімін ұлықтауды қолға алу қажеттігін айтқан болатын. Президентіміздің бұлайша айтуына негіз жоқ емес. Себебі қазақтың тарихы әлімсақтан-ақ тұтастану, бірігу кезеңдерін бастан кешірген.

Алтын Орданың бірнеше ғасырлық тарихы бар. Ол XIII-XV ғасырлар аралығында Еуразия құрлығында, шығысы – Ертіс, батысы – Дунай өзендері аралығында өмір сүрген алып мемлекет болғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Бұдан 750 жыл бұрын Талас өзені бойында Шағатай, Үгедей мен Жошы әулетінің ханзада-нояндары жиналып, ұлы құрылтай өткізіп, ол тарихымызда «Талас құрылтайы» атауымен қалғаны туралы Берекет Кәрібаев, Дархан Қыдырәлі сынды тарихшы ғалымдарымыз жан-жақты дәлелдеп те берді.

Былтырғы жылы Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты конференцияға алыс-жақын шетелден ғалымдар шақырылып, Алтын Орданың 750 жылдығына байланыс-ты өз тарихи деректерімен бөліскен болатын.

Жошы ұлысының құрылуы моңғолдардың сырт аймақтарға жасаған жаулаушылық жорықтарының нәтижесінде иемденген ұланғайыр территорияның Шыңғыс хан және оның ұрпақтары қатаң сақтаған әулеттік дәстүріне негізделген ұлыстық жүйеге бөлінуінен басталады. Шыңғыс ханның көзі тірісінде моңғол әскерінің Орман халықтарын, ұйғырларды, Қара қидан мемлекетін, Хорезмді, Солтүстік Қытайды бағындыруы есебінен империяның орасан зор аймаққа кеңеюіне байланысты оны бір орталықтан тікелей басқару қарақорым әкімшілігі үшін аса тиімсіз еді.

Ал бұл уақытта жаңадан ғана бағындырылған жерлерді егер тиімді басқармайтын болса, онда ол аймақтардағы моңғол билігінің уысынан оңай шығатыны да белгілі еді. Сондықтан орасан зор аймақты алып жатқан империяны сақтап қалудың жалғыз жолы– ұлыстық жүйеге бөлініс арқылы басқару болды.

Н.Т.Абдимомынов Алтын Орданың сыртқы саясатына байланысты еңбегінде ғалым В.В.Трепавловтың пікіріне сәйкес, Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының империяны құру жолында түрік халықтарын бағындырудың маңыздылығы аса зор болған дейді. Өйткені империяны құру үшін түрік-моңғол «бірлестігі» негізінде ол тайпалардың басын біріктіретін кең ауқымды әскери науқан ұйымдастыру қажет болды. Шыңғыс хан бүкіл моңғол тайпаларының басын біріктірді. Ал ұлы даланың моңғолдар мекендеген аймақтан батысқа қарай түрік тайпалары өмір сүрді, демек олардың мекендеген жері болашақ державаның екінші жартысы ретінде есептелді.

Моңғол билеушілері үшін түріктердің тек тарихи тәжірибесі ғана емес, сондай-ақ адам ресурстарына негізделген әскери күш-қуаты да аса маңызды болды. Далалық аймақтағы шайқастардың әдістерімен жақсы таныс, аттылы, жер қайысқан түріктер, отырықшы мемлекеттердің жасақтарына қарағанда әлдеқайда мықты болған.

Алтын Орда тарихнамасында оның құрылу уақыты мен оның негізін қалаушысы жөніндегі мәселе көптеген пікірталасты туғызды. Зерттеушілердің басым бөлігі Алтын Орданың құрылу мерзімін 1242-1243 жж. бастап, ал оның негізін қалаушысы Бату хан екендігі туралы пікірді қолдайды. Алғашқылардың қатарында көрнекті орыс шығыстанушы В.В.Бартольдтың еңбегінде: «Батый» Бату хан – моңғол билеушісі, Русьті жаулаушы және Алтын Орданың негізін қалаушысы», – деп көрсетті.

Мұнымен батыс тарихнамасының көрнекті өкілі Р.Груссенің пікірі де үйлеседі, яғни батыс жорықтары нәтижесінде «Бату хандығы» қалыптасты. Сонымен қатар неміс зерттеушісі А.Каппелер өзінің еңбегінде Жошы ұлысының негізін қалаушы Бату екендігін атап өтеді. А.Каппелер бұл мемлекеттік құрылымға мынадай сипаттама береді: «Шыңғыс ханның немересі, Жошының ұлы Бату, ХІІІ ғ. 40-шы жылдары негізін қалаған Жошы ұлысы, яғни орыстар Алтын Орда деп атаған мемлекет ортағасырлық кезеңде әлемдік держава болды. Оның саяси және экономикалық байланыстары Қытайдан Италияға дейін, Литвадан Египетке дейін созылып жатты», – деп жазады.

Зерттеушілердің екінші тобы мемлекеттің құрылуын Шыңғыс ханның тұңғышы Жошы есімімен байланыстырады. Австриялық шығыстанушы Й.Хаммер-Пургшталь парсы деректеріне сүйене отырып, Жошыны «қыпшақтағы алғашқы, бірақ әлі де тәуелсіз емес моңғол билеушісі» деген еді.
Мәселенің түйінін шешуде отандық зерттеуші З.Қинаятұлының пікірінше, Жошы ұлысы державасының шаңырағы алғаш қазақ даласында (Ертісте, 1224 ж.) бой көтерді. Ал ұлыстың іргесі батысқа қарай кеңейе түсіп, держава деңгейіне көтерілуі Жошының өзі, оның серіктері мен ұлдарының бес дүркін жасаған ірі жорықтарының нәтижесі болып табылатындығын жазған.

Алтын Орда атауы кейіннен пайда болған деген тоқтамға да қосылуға болады. Империя өзі өмір сүріп тұрған кезінде әртүрлі атаулармен аталған. «Олар: ұлы ұлыс, Жошы ұлысы, Солтүстіктегі патшалық, Қыпшақтар патшалығы және билікте отырған ханның есімімен аталған Орда» деген деректерді тарихшы Б.Кәрібаев алға тартқан.

Ғалым ағамыз іс жүзінде Алтын Орда 1242 жылдан бері өмір сүре бастады. Тіпті 1224-1225 жыл – Жошы ұлысының құрылған жылы, ал Алтын Орда оның жалғасы екендігін жазып, жоғарыда аталған З.Қинаятұлының дерегін растай түседі.

Жасыратыны жоқ, ХХ ғасырдағы қазақ халқының тарихына қарағанда Алтын Орданың зерттелу деңгейі әлі де біркелкі емес. Оның себебі осы уақытқа дейінгі мәселеге қатысты жазба деректердің біркелкі еместігі әрі архив құжаттарында сирек кездесетіндігімен, жазылу тілінің өзгешелігімен түсіндіруге болады.
Дегенмен әлемдік тарих сахнасында ортағасырлық кезеңдерде ерекше із қалдырған ірі империя көптеген тарихшылардың зерттеу нысанына айналғандығын да жасыра алмаймыз.

Тарихшы, ғалым Н.Т.Абдимомыновтың Алтын Орда жөніндегі зерттеулеріне қарағанда империя тарихын алғаш рет ХІІІ ғасырдың аяғы мен ХІV ғасырдың басында Рашид ад-Дин жаза отырып, Алтын Орданы Шыңғыс ханның өзі негізін қалаған деген деректі алға тартқан.

Ал орыс жылнамалық деректерінде бұл атау ХVІ ғасырдағы, яғни мемлекет толық ыдырап кеткен соң, Жошы ұлысының атауы ретінде қолданыла бастағандығы туралы да айтылады.

Сондай-ақ Алтын Орда ұғымы біртекті емес, бір жағдайда Алтын Орда деп Бату мен оның інісі Беркенің жеке иелігіндегі аймақтарды, яғни төменгі Еділ бойы мен Солтүстік Кавказ, ал енді бір орайда түгелдей Жошы ұлысына қатысты айтылады.

Тақырыптың ұзақ жылдар бойы зерттелу деңгейінің ерекшеліктеріне байланысты батысеуропалық тарихнама (ағылшын, француз, неміс және т.б.), ресейлік тарихнама (Патшалық Ресей, Кеңестік Ресей және қазіргі Ресей тарихнамасы) және отандық тарихнама деп үш топқа топтас-тырып, жүйелі түрде қарастыруға болады.

Батыс Еуропада тарихи зерттеу ғылымының ерте дамуының нәтижесінде тақырыпқа қатысты мәселелер бойынша зерттеулер XVIIІ ғасырдың басында-ақ жүргізіле бастады. Бірақ бастапқы кезеңінде батысеуропалық ғалымдардың жүргізген зерттеулері ғылыми деңгейі төмен, тек моңғолдар тарихына шолу түрінде қызығушылық деңгейінен аса алмаған.

Ресейде XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басына қарай Алтын Орданың тарихына байланысты мәселелер жарық көре бастаған. Олардың дені сол кездегі археологиялық қазба жұмыстарының мәліметтерінің негізінде жазылған.

В.Н.Татищев, М.М.Щербатов, П.И.Рычков бастаған тарихшылардың біразы Алтын Орданы моңғолдармен тікелей байланыс-тыра отырып, басқыншы тұрпатты варварлық ел ретінде тұжырымдады. Дегенмен Ресей мемлекетінің бірігу жолындағы Алтын Орданың әсері туралы ұзақ уақытқа дейін ешкім жақ ашып, жазба қалдырмады.

Уақыт өте келе қазақ даласындағы монғол шапқыншылығы туралы деректер жарыққа шыға бастаған еді. Кеңес Одағы Н.М.Карамзин Алтын Орда тарихына жаңаша қырынан баға берген. Ғалым моңғол шапқыншылығынан кейінгі Алтын Орда билігі дәуірінде Русь жерінде князьдердің өзара алауыздықтары, талас-тартыстары тоқтатылып, ұлы князьдің билігі күшейді және мемлекеттіліктің негізі осы кезеңде жасалды деп жазған.

Алтын Ордаға байланыс-ты отандық зерттеушілер де өз үлестерін қосты. Оны ХХ ғасырдың бас кезімен мерзімдеуге болады. Қазақ халқының ұлттық рухани сана-сезімінің өркендеумен байланысты М.Тынышбаев, С.Асфендияров еңбектерінде кейбір жекелеген мәселелерге қатысты біршама ой-пікірлерін айтып өткен.
Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінде бірінші рет Алтын Орданың өркендеуі мен құлауы кезеңіндегі жеке тарихи материалдарды бір жүйеге келтіре білді.

Тарихи оқиғалардың өріс алуын эпостық жанрдың ең жоғарғы түрімен суреттеп, сол дәуірдегі Ұлы дала адамдарының қайталанбас бейнелерін шынайы етіп көрсетті.

Кеңес үкіметінің ыдырауына байланысты, тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңнен бастап, отандық тарихнамада моңғол билігі дәуіріндегі Қазақстан тарихының шеңберінде тақырыпқа қатысты тың серпіліс кезеңі болғаны анық байқалады. Отандық зерттеушілер арасында Б.Е.Көмеков, З.Қинаятұлы, Т.Жұмағұлов, Т.Омарбеков, Б.Батыршаұлы еңбектерінде Алтын Орданың хандары мен ішкі-сыртқы саясатына байланысты мәліметтер берілген.

Ғалым Б.Кәрібаев Алтын Орда тарихын зерттеуде көрші татарлар көш бастап тұрғанын, ол жерде арнайы мұраларын зерттеумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталығының бар екендігін айта келе, бізде де ашылса ұтымдылығы арта түсетіндігін дәлелдеп жазған.

Ғасырлар бойы Еуразия даласында құрылған қуатты және халықаралық саясатта аса үлкен рөл атқарған Алтын Орда мемлекеті ХІV ғасырдың ІІ жартысынан бастап біртіндеп әлсіреп, ықпалынан айырылғанымен, қазақ халқының қалыптасуына негіз қалаған болатын.

Дархан Байдалиев,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, п.ғ.к.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.