Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аядай ауылды Алашқа танытқан

0 158

Бұл –Үшарал ауылы. Ақбас Алатаудан бастау алатын Талас өзенінің толқынды мол суының саябырсып барып, кең далаға жайылатын етегінде тұрған атақоныс,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Egemen Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

Көкорай Жетісу өлкесінен көкжиек тартқан Қордай асуынан Шақпақ асуына дейінгі, Алатау өрінен Бетпақдаланың ортасына дейінгі алқаптағы Әулиеата-Жамбыл өңірінде атақты «Талас» қаракөл қойын өсіретін шаруашылық, республика көлемінде асыл тұқымды мал зауыты ретінде, жалпақ жұртқа Үшарал атауымен әйгілі.

Іргесі алтын діңгектей берік, ауыз бірлігі жұмған жұдырықтай бұл ауылдың арғы тарихы ХХ ғасырдағы Қазақстанның жүріп өткен тағдырлы, бедерлі кезеңдеріне тән. Одан әрі тереңдей түсетін болсаң, ата-бабалар ізі аңыздар мен ертегілер еліне апарады. Аңыздан гөрі ақиқаты басымдау мынандай әфсананы кейінгі толқын біле бермес. Асан қайғы бабамыз Сыр бойынан Арқаға өтіп бара жатқан жолында арнайы бұрылып Үшаралға аялдапты дейді. Сұлу қыздың бұрымындай мың бұралып, шымырлап, ширатылып ағып жатқан Таласқа сүйсіне қарап тұрып: «Емгенің ақ басты тау екен, көктемде барар жер таппай, ышқына ысырап боласың-ау, жазда нәрің сіңген жер ит тұмсығы батпас нуға айналады екен. Төрт түлігі тұяқ тоздырмай, артық-ауыс мойын создырмай жатып семірер, түгін тартса, майы шығар мұндай құйқалы жер болмас» – деп желмаясын шөгеріпті.

«Үшаралдың әр бұтасының түбі бір кесек ет» деген сөз содан қалса керек.

Дана қазақтың ықылым заманнан бері айтқан аталы сөзі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Түптеп теріп түгендегенде, қонысы қастерлі, ежелгі қазақ ауылының 1928 жылы Кеңестер Одағы бойынша Сыртқы сауда министрлігіне қарасты он бесінші нөмірлі, отырықшы шаруашылық орталығы, ал республикада тұңғыш құрылған совхоздың бірі болған. Мәскеуге тікелей қараған, қаракөл елтірісін әлем елдеріне доллармен сатып, қазынаға мол валюта түсіріп тұрған. Бұйра гүлді көк, алқаракөк сортты елтірінің тауарлық мәні бойынша елге қазынасына алтын түсіретін бүгінгі мұнай-газбен пара-пар болған дейді. Халықаралық жәрмеңкелер мен аукционда таластық қаракөл елтірісінің атақ-даңқы алысқа кетеді.

Аядай ауылдың алты Алашқа танылуына жазиралы дала мен көрікті кең жайлауда, бұйратты, сексеуіл ормандарда жетпіс мыңнан астам қой өргізген, дәулеті тасыған еңбек адамдарының қияметі мен қысталаңы мол жылдарда жанын аямай тер төгіп, жанқиярлықпен еңбек еткенін бүгінгі ұрпаққа қай қиырдан айтсақ та жері киелінің елі де киелі болғаның ұқтырарсың. Ел ішін аштық, бір ғажабы, қоян жылдары аштық жайлаған ашаршылық та, індет те бір түтіннен бас­талып, сыныпша сырғып ауылды аралап кетеді. Ыңыршақты айналдырып, сіңірін шығарған жоқтыққа қорған бола білген аталарымыз құрметіне Ақсай алқабында қойылған ұрпақтар белгісінде «Ағайын-жұрттың амандығын биік қойған» деген ақ сөз, адал пейіл тегіннен тегін жазылмаған. Үшарал интернатының нанын жеп, тірі қалған мыңнан астам өзге ұлттың адамдары, әсіресе, Қап тау елдерінен еріксіз көшіп келген ағайындар, саяси қуғын-сүргіннің құрбандары мен 50-жылдары да алыстан азып-аршып жеткен бейбақтар қазақтың құшағында жайлы өмір сүрді. Ауыл тұрғындарының саны 7 мыңнан артып, ірі еңбек ұжымының ұйымшылдықпен атқарған сан-салалы жұмысы, атап айтқанда, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбиелеу ісінде мектептер ашу, білікті, талапшыл педагогтерді Алматы мен Мәскеу жоғары оқу орындарынан арнайы шақыру мәселесі жүйелі, мықтап қолға алынады. Келешек кілті-тек білімде деген жарық ой сәулесін жаққан адамдар жүрегіне.

Әріде Талас болысының ордалы орта­лығы болған Үшарал енді орныққан заманына сай үміт отын жаққан.

«Үшаралдан ұзап қайда ұша алармыз?!» деген сөз содан қалса керек.

Ақ баталы Үшарал жұрты Т.Рысқұлов, Қ.Сармолдаев сынды ел серкесі болған биік тұлғалардың ізін қуып, өкшелес өмір кешкен, 1923 жылдан ел басқару ісіне араласқан, Әулиеата уездік атқа­ру комитетінің төрағасы, ағарту саласына зор ден қойған, Орынбор облы­сындағы үш аудандық атқару комитетінің төрағасы, Ақтөбе облыстық атқару комитеті төраға­сының бірінші орынбасары болып жауап­ты қызметтер атқарған Жүнісбек Дүрім­бетовті ауылдас ағайындары қатты қадір­леп, үлгі тұтқан. Бірақ 1937 жылғы қуғын-сүргін бұл кісіні де айналып өтпейді…

Алдыңғы толқын аға-апалардың өмірі­нен құлағдар жүрсе деген ой бізді де еріксіз ежіктетіп отыр.

Қазақ даналығы «Түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», дейді.

Ағысы еш тоқтамаған Талас өзені мен ежелге ел атауы замандар көшінде еш ай­нымаған Үшарал ауылының өшпес тарихымен үндес адамдар да бар.

Асырып айтқандық болмас, ел сенімі­нен асқан баға да, атақ та болмайды. Бақ-берекелі азаматтық белес дегенде отыз жылға жуық осы атақты «Талас» кең­­­­шарын үздіксіз басқарған, кешегі Кеңес­­тер Одағына мәшhүр, абырой-даңққа бөленген Әбдір Сағынтаевтың есімі ерекше аталады. Жамбыл облысы түгел сыйлаған, еңбегі мен азаматтық өмірін қадір тұтқан ағаның ғұмыры өзі туып, өскен, ат жалын тартып мінген, ата-бабаларының салған жолымен жүріп, барлық кезеңде жұртшылықпен бірге болған, еліне ұйытқы болып, тізгін ұс­тап ылғи өрге сүйреген жылдарымен ел есінде, қоғамдық жадыда айрықша сақтал­ған. Бұл ұзақ жылдар толқынында ол кісінің азаматтық болмысы мен тұлғалық биіктігінің өрісі де кең болғаны белгілі. Сол себепті, Жамбыл облысы бойынша ерен еңбегі үшін барлығы 257 адам сол дәуірдің «Социалистік Еңбек Ері» – ең жоғары атағын алса, сол кісілер тізімінде әртүрлі басшы қызметіндегілердің арасында таластық тарлан-директор Әбдір Сағынтаевтың мысы мен сесі басым екені анық сезіледі. Жаратылысында ішкі энергетикалық қуаты күшті, ойы орнықты, сөзі берік басшы азаматтың табиғи таланты өндірістік қарым-қатынастарды шебер ұйымдастыра білуі мен еңбек адам­дарының ұйыған ақ айрандай ауыз­бірлік ортасын қалыптастырып, әлеу­меттік қолайлы жағдай туғызу, өмір салтын салтанатты етуі, әлбетте, қара­пайым, ағаға шексіз қайырымды, ізетті, ініге қамқор көңілінен табылған. Ел салты мен ел дәстүрін берік сақтап, барша ауылдастарын бауырындай көрген адамгершілік қасиеттері жас жігітті тез-ақ төрге шығарып, алға оздырған.

Еңбегіне қарай бағаланып жатса, азамат та бақытты.

Әбдір ағамыз ел елегінен өткен азамат болатын.

Таласқа бата дарыған жер. Қыдыр ел ішінде. Аруағын ардақтай біледі, желеп, жебеп жүрсін, деп бір-біріне тілейді. Берекесін бірліктен тапқан байырғы ата­қоныста Сағынтай жәкеміздің де әулетінің ұл-қыздарына әу бастан бақ қонған деседі. Еңбекке етене епті, орта дәулетті, аздап ұс­та­лық кәсібі бар, зергерлік дүниесінен бұйымдар жасай алатын елгезек, қайратты кісінің кіндігінен тараған ұрпақтарының жарамды жігіт, ибалы қыз болып есейгенін айтады.

Алдындағы ауылдас жастар арасында оқу, білім іздеп, алысқа ұзай бастаған адам­дар жолынан түйсініп, ұққаны көп Әбдір аға жетіжылдық орталау мектебін бі­тірген соң он бес-он алты жасында қа­­­зақ­­тың еңбекшіл мінезімен бейнетті тірлікке араласады. Мығым денелі, жігерлі де табанды ауыл баласы жұмысқа кіреді. Туған әкесіне көмекке келіп, бірге қой ба­ғады. Ал 1940 жылдың қыс айында әскерге кетеді. Одан әрі Ұлы Отан соғысы басталып, шыңдалған жас жауынгер майдан да­ласында кеудесін оққа тосып, қанды ұрыс­тардың алғы шебінде шайқасады. Адам­затқа алапат ауыртпалық пен орны толмас қайғы-қасірет әкелген Екінші дү­ние­жүзілік соғыстың үшінші жылында қан­ды қырғыны жазылмас жара болып қалғанын көзбен көріп, жүрегімен сезінген жауынгер сұрапыл ұрыстың бірінде ауыр жарақат алып, комиссия шешімімен елге қайтады.

Әскери тәртіпке үйренген әдетімен әлеуметтің тіршілік әрін келтіретін істерге бел шешіп кіріскен әрі қиын, ер адам кү­ші жетіспейтін шақта, қыбырлаған адам біткен қара жұмысқа бас қойған қысыл­таяңда көзінде оты бар, бойында намысы бар майдангер үйде қарап жатушы ма, еді? Жоқ, әрине. Тылда күні-түні жанталасқан, бәрі де майдан үшін жасап жатқан малшы қауымның дәл ортасында, қой фермасының зоотехнигі болып еңбек етеді. Одақта мал басын көбейтіп, қаракөл елтірісін өндіру, қой терісі мен жүнін, қой етін дайындау тапсырмасын артығымен еселеп орындап, жоспарды рекордтық көрсеткіштермен аяқтайды. Жыл са­йын бұл мол табыс одан әрі арта түседі. Қаракөл қойын өсірудің күтімі мен баптауын ғылыми ізденістерге негіздеген ауыл азаматтары сол тұста кәдімгідей білім ордасына айналып үлгерген Қапланбек техникумынан сабақ алып, өрісі кеңи түседі және жан-жақтан тәжірибелі мамандар Үшаралға қарай ұшқандай еді. Атырау мен Жайықтан, Саратов пен Ленинградтан…Үшаралда қазақ және орыс мектептерінің қатар пайда болуы осыдан. Жай ғана емес, мың-мың баладан оқыған алтын ұя болды. Әрбір ферманың елді мекенінде бастауыш немесе орта мектептер ашылды. Өңірде өзгеше Үшарал орта мектебінің үлгілі оқыған талантты шәкірттерімен қатты таныла бастайтыны осы кез.

Жақсы-жайсаңдар мен тәжірибесі мол, майталман мамандардан ел бас­қарудың әліппесі мен түрлі қыр-сырын үйреніп, бойы­на сіңірген ауылдың баскөтерер ұланы Әбдір аға кеңшардың алғаш қазығын қағып, шаңырағына уығын қадаған директорлар Б.Курков, М.Бредихин, Қ.Мұқанов, Х.Мырзақожаев, С.Бертаев сынды беделді азаматтармен қоян-қолтық ара­ласып, дәм-тұзы жарасқан жылдарды әркез айта жүретін. Мұз қатып, қар құрсаулаған 1944 жылдың қаңтарынан ферма меңгерушісі қызметін атқарған сәттен жас жігіттің жолы ашылып, тасы өрге домалады. Ақсай даласында мал саны күрт өсті, адамдар еңбегі берекелі табысқа қол жеткізді. Қыс-жазы көшіп жүретін шопандар тұрмысы түзеле бастады. Жоғары көрсеткіштер тұрақтылық деңгейде болды. Республикалық жарыста таластық еңбеккерлер алдарына жан салмады.

Ел мен жер байлығын жасаған ерлікке пара-пар бейнетті еңбектері үшін маңдайы ашық, қажыр-қайраты таңғаларлықтай таластық үздік он адамға 1948-1949 жыл­­дары «Социалистік Еңбек Ері» ата­ғы берілді. Бұл атақ қиян түкпірде жат­қан ауылдарда жер жарғандай болмаса да құлақ елеңдетерлік, бедел арттырып, сонымен қатар нар жүгіндей жауапкершілік жүктейтін жаңалық еді. Сол жарқ-жұрқ еткен Алтын жұлдыз озат ферма меңгерушісі, 28 жастағы жалын атқан азамат Әбдір Сағынтаевтың да кеудесіне тағылды.

Бұл еңбек мәртебесі ата кәсіптің саң­лағы Сағынтай әкеміздің де өз ұлы мен Отанына берген өнегесінің жемісі болатын. Жеті ұрпағының арасынан аймаңдай бір перзентінің атағы Әулиеата жұртына кеңінен жайылғанын көзбен көріп, құлақ естіген дариға дәурені еді…

Ал жас қайратты атақтың өзі іздеп тапқандай еді.

Биік адамның өрелі өмірі содан жал­ғасын тауып, еңбектің торысы үйлі-баранды, елге керекті қадір-қасиетімен әбден пісіп, жетілген шағында, Жердің жасанды спутнигі тұңғыш рет ғарышқа ұшырылған 1957 жылы атағы дүрілдеп тұрған «Талас» кеңшарының тізгінін кәнігі басшы, кезінде соноу Атырау өңірінен жолдамамен келген Шарафи Ғұбашевтай еңбек ерінің қолынан алғаннан кейін тіп­тен бойын тіктеді. Жамбыл облысы мал шарушылығына қолайлы өңір. Сондықтан мыңғыртып мал бағып, оны бабын та­уып өсіру көрсеткіші негізгі шарт. Сенім арқалаған жаңа директор келесі жылы әр жүз саулықтан 130-дан қозы алып, ел­тірі тапсыру межесі екі еседен де артып,45 мың данаға жеткізіледі. Сегіз жыл ішінде жоспардан тыс 30 мың қозы алынады. Таластық шопандардың еңбекақысы басқа шаруашылықтардан әлдеқайда көп, әлдеқайда табысты болады. Мәскеудегі салалық ірі мекемеге тікелей қарайтын кеңшар орталығы – Үшарал ауылында әлеуметтік-тұрмыстық нысандар мен ғимараттар кеңшардың жылдық табысынан салынды. Кезінде Украин, Балтық жағалауы елдерінің үлгі жобасымен ақшаңқан пәтерлер мен қонақ үй, сауда-тұрмыстық қызмет көрсету орталықтары қаз-қатар тұрғызылып, спорт, мәдениет саласы жақсарып, дәулетіне сай әдемі сәулеті болды. Атақты шаруашылықты әлем танығандай-ау. Қаракөл елтірісінің арқасында Азия, Еуропа және Африка құрлықтарынан 14 елдің ғалымдары мен елтірі маркеологтары Үшаралға ке­ліп, халықаралық семинар өткізеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы сол семинардың қорытындысымен «Талас» кеңшарының мысалында, шөл және шөлейт жерлерді гүлдендіру тәжірибесін насихаттап, БҰҰ-ға мүше елдерге ағылшын тілінде «Фермер Сағынтаев мырза» деген атпен кітап етіп шығарып, таратады. Мерейі өзгеден үстем директордың ауқымды бас­тамалары мен табысты қадамдары, мемлекеттік көзқарастары мен қатаң жауап­кершілігі беделіне бедел қосты. Жан-жақтан журналистер мен қаламгерлердің қызығушылығын туғызды. Қазақстан картасына бедерленген Үшаралға ат басын арнайы бұрып, еңбек тынысымен, өмір жайымен, ежелгі тарихымен таныс болу мақсатындағы іссапарларымен тілшілер қауымы ағылып келіп жататын.

Салмақты, салиқалы әлеуметтік тұл­­­ға, ауыл шаруашылығы өндірісінің қайраткері Әбдір Сағынтаев – Еңбек Ері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КОКП Орталық Тексеру комиссиясының мүшесі, КОКП ХХІІІ сьезінің, Қазақстан компартиясының бірнеше сьезінің делегаты болған дара атақ-абыройы осы ауыл адамдарының да төбесін көкке көтерді.

Алыс-жақыннан Үшаралға барған адамдар алыста қалған жылдар мен жол­дар­дың ізін көріп, ләйлек құстың қо­натын ұясын қызықтайды. Қазақтың көне тарихынан сыр ақтаратын Ақкесене мен Көккесене ескерткіштері ІХ-Х ғасырдың куәгері, ал қазақ жерінде ең алғашқы салынған мұнаралы мешіт – Үшарал мешіті 1900 жылдың басында Сапақтай би-шешеннің, ал «Бес ақын» мазараты Жалаңбас батырдың ниетімен ХІХ ғасырдың аяғына қарай тұрғызылғаны, сондай-ақ дулығалы батыр Саңырық Тоқтыбайұлының құрметіне қойылған кесенесінің де ақпараты айтылып, жа­зылған шежірелі әңгіме әсерімен талай тартымды дүниелер жарыққа шықты.

Қазір ауылдағы Ә.Сағынтаев атын­дағы орта мектеп музейінде ел мен жердің бар тарихынан хабар беретін көптеген құнды жәдігерлер қойылған, солардың арасынан екі бөлімін атап айтуға болады. Бірі – атақоныс Үшаралдың 100 жылдық өмірінен жазбалар мен тасқа басылған материалдардан тұрады. «Қа­зақ­телефильм» киностудиясының деректі туындылары да бар. 1929 жылғы «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетіндегі «Тө­менгі Таластағы елдің жай-күйі» деп аталатын мақала. 1957 жылы респуб­ликалық жастар газетінде тілші Шерхан Мұртазаевтың «Талас көктемі» деген дестелі үш очеркі жарияланған. Халық жазушысының «Жұмсақ алтын» атты әдемі көркем әңгімесінің желісі қаракөл қой өсіруші жерлестерінің шынайы өмірінен алынған. Алпысыншы жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің беттерінде жас журналистер, кейіннен әйгілі қоғам қайраткерлері болған Бал­ға­бек Қыдырбекұлының, Әбдеш Қалмыр­заевтың «Талас» кеңшарын білікті, та­лап­шыл, сын сағаттардан сүрінбей өт­кен Сағынтаев басқарған кезінде жан сүйсінтетін тірліктерін жарқыратып көр­сет­кен сүбелі мақалалары кітап боп шыққан. Ал Үшарал ауылының май топырағында аунап өскен таланттардың өлең-жырлары мен прозалық туындылары арқылы да алтын ұя жердің аты алты Алашқа тарағаны рас. Елтұтқасы Әбдір аға заманында таңдайында өлеңнің ұясы бар делінген, ХІХ ғасырда қайым айтыстың бастауында тұрған Ұлбике Жангелдіқызының ізбасар ұрпақтарының осы күнгі шығармашылығына зор қолдау жасағанын, Жаңылдық пен Төреқожадай ауыз әдебиетінің ақындық дәстүрін әс­петтеп отырғанын ілтипатпен ауызға алады. «Үшарал – менің Венециям!» деп туған жерін жұлдызды жырларымен танытқан Күләш Ахметовадай дүлдүл ақын қарындасын мақтан етіп, Өкім Жайлауов, Абдрахман Асылбековтей ақын бауырларын қошеметтеп, Серік Әбдірайымов пен Сейітқазы Досымовтай айтулы қаламгер інілерін, Алтынбек Ораз­беков тәрізді атақты әнші-жыршыны елдің рухын асқақтатқан өнер иелері тұр­ғысында арқа тұтқаны да, тілеулес болғаны да рас. Өйткені сөз өнері қонған олардың өлмес шығармаларынан неше ұрпақ сусындап, есімдерін байтақ еліміз біледі, өз кезегінде олардың түлеп ұшқан баталы елін біледі. Ақиық ақын Фариза Оңғарсынова «Мен Таластан көп дос таптым» деп сағынышты жырларын осы елдің қанатты қыздарына талай мәрте арнаса, өнер сұңқары Нұрғиса Тілендиев «Бұл бақ қонған ел екен» деп Мәдениет үйінде көрермендерді ортаға шақырып, құшағына қысып, Әбдір ағамен сыйласып өткен. Ел ішіндегі тапқыр, шешендік өнердің жұғысты шетін сезген өнер шебері шынайы тамсанған екен.

«Таласқа барсаң, сөз тапқырлар еліне барғандайсың», деп бекер айтылмаған.

Сол бір уақытта атақты директормен жолдастық түзу жолда бірге жүрген сый­лы адамдардың аз еместігі аян нәр­се. Жол­дастық та көп жағдайда өз жақсы­лығын жеткізеді. Айталық, Орталық Азия әскери округінің қолбасшысы бол­ған генерал В.Лященконың Талас малшылары 1969 жылы табиғат апатынан сұмдық қиындыққа ұрынып, қалың қар, қақаған суықтан қарға адым жер аттай алмай, пұшайман күйге түскенде кө­мекке әскери техникаларын жерде де, әуеден де жібергенін Әбдір ағамен жолдастық қарым-қатынасынан деп санаған. Боранды, ақтүтек қыстан көп мал қырылып, көктемде таяқ ұстап қал­ған шопандар шығынның орнын толтыру үшін жанталасқан шақты, әрине, ұмыта алмайды. Орнықты мінезді, турашыл, әділетті Әбдір ағаның өмірінде де басқа да ел басқарған әріптестеріне тән өткелекті, қым-қуыт тірліктер, жос­­пар­ларды орындау жолындағы кей­бір науқандық жұмыстар жүрегіне сал­мақ түсіріп, қатал уақыт қасаңдығы қи­наған кезеңдер болған емес деп айта ал­майсың, әрине. Сенімге ие болған сол 1957 жылдан зейнетке шыққан 1986 жыл аралығында қоғам игілігі мен халыққа сіңірген еңбе­гінің өтеуін ауылдас адамдар мен саналы ұрпақтарының жақсы өмірінен тапқан абзал ағаның бір Үшаралдай кие қонған, ата-бабалары қорған болған еңселі ауылды жайнатып, байытқан, жақсы даңқын шығарған ерен еңбегіне, қыран самғауындай биік қарекеттеріне қарыздар. Нағыз ең­беккерлер түрлі мемлекеттік ма­рапат­тарға ие болып, олар да Еңбек Ері атанды. Жалпы бір Үшаралда 12 азамат осындай жоғары атақтың иесі бар. Асыл текті әке­нің сарқылмас қазынадай өне­гелі жолын, асыл жары Құндызай анамыз екеуінің тұнба бұлақтай тәрбиесін өз ұр­пақтарының мақтан етуге толық құқылы.

Бүкіл саналы ғұмырын Талас өзе­ні жағалауындағы, Мойынқұм баурайын­дағы Үшарал ауылының бүгіні мен келер күндеріне арнаған Әбдір Сағынтаев тұлғасы егемен Қазақстан мемлекетінің тарихында да танымал сипатқа ие. Өйткені үшаралдық азаматтар, оның ішінде өзінің кіндігінен тараған ұл-қыздары да елге керекті, ұлт мүддесіне лайықты биіктерге көтеріліп, қоғам мен мемлекеттің сеніміне ие болуда. Аядай ауылдан Сенат төрағасы, Премьер-министр, Мәжіліс төрағасының орынбасары, министр, Парламент депутаттары, әкімдер, жоғары оқу орындары ректорлары, ғалымдар мен профессорлар, талантты ақын-жазушылар, іскер адамдар қанат қақты. Ел аузына ілікті.

Әлбетте, ғасырлық тарихы бар ауыл­дың ғана емес, туған еліміздің келешегіне қалтқысыз қызмет етіп, абыройы асқан абзал жан Әбдір Сағынтаев ағамыз тірі болса, бүгіндері 100 жасқа толар еді… Көзден кетсе де көңілден кетпейтін осын­­дай ардақты адамды ұмытпау-ұлт құндылықтары мен адал еңбек дәстүріне сай болу деп білеміз.

Үлкен әдебиетке ақ үмітпен Үшарал­дан үн қатқан, өлең сөздің жүйрігі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың:

«Талас» деген – грекше «теңіз» деген,

Бір кезде ел мұнда құрғақ жер іздеген.

«Үшарал» – жарамды табылған ат,

Жер аты-ескерткіш сөз, ең ізгі өлең», – деп келетін жыр шумақтарымен ой түйіндеп, тарихын замандардың желі жазған, замандардың төріне озған қара­шаңыраққа қарап бой түзейміз.

Ел тәуелсіздігінің отыз жылдық беде­рінде байырғы Үшарал жаңа стандартты ауыл келбетінде қайта жаңғырып, қайта түлеу үстінде.

Мемлекетіміздің «Ауыл – алтын бе­сік» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі қанатты жобасының жүзеге асуы ауыл өміріне серпіліс пен нақты жақсылықтар әкелуде.

Терең тамыр тартқан, еңбекпен көр­кейіп, енші тапқан атақоныс-ауылдардың көкжиегі мен кеңістігі әрдайым Әбдір ағадай әлеуетті тұлғалардың артында қалдырған өнегелі істерімен одан әрі өркендейтін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.