Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қауіпсіздік шаралары қашанда маңызды

0 231

Өрт – адамдардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға зиянын тигізетін алапат апат.

Өткен аптада облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының «101» телефон нөміріне Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылындағы тұрғын үйдің ауласындағы бастырманың өртке оранғандығы жөнінде хабарлама түскен. Оқиға орнына №19 өрт сөндіру бөлімінен 1 өрт сөндіру автокөлігі мен 3 адам жеке құрам шығып, жедел түрде өрт сөндіру жұмыстарын жүргізген. Өрттің ауданы 40 шаршы метрді құрады. Кәсіби тұрғыдан ширақ қимылдаған мамандар қызыл жалынның одан әрі тұрғын үй мен көрші үйлерге таралуының алдын алып, өртті жарты сағаттан астам уақытта жойды. Алайда өрт салдарынан бастырма күлге айналған.
Тұрғындардың тұрмысына едәуір зиян алып келген оқыс жағдай Тараз қаласында да қайталанды. Айталық, «Төрткөл» иініндегі тұрғын үйдің өртке оранғандығы жөнінде шақырту келіп түскен бетте оқиға орнына Тараз қаласынан 4 өрт сөндіру автокөлігі мен 17 адам жеке құрам шығып, жедел түрде өрт сөндіру жұмыстарымен айналысты. Өрттің ауданы 100 шаршы метрді құрады. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды 1 сағаттан астам уақытта тізгіндеді. Алайда өрт салдарынан үйдің шатыры, тұрмыстық заттар жойылып, жатын бөлмелер зақымдалған. Сонымен қатар Шу ауданы, Шу қаласындағы тұрғын үйдің ауласында орналасқан қора өртке оранған. Өрттің ауданы 50 шаршы метрді құраған. Салдарынан қораның шатыры мен ағаштары жарамсыз болып қалды. Кейіннен анықталғандай, өрттің шығу себебі көрші үйдің аумағындағы алаңда қураған шөптің тұтануынан орын алған. Жоғарыда аталған өрт оқиғаларынан зардап шеккендер мен қаза болған адамдар тіркелген жоқ. Сондай-ақ өрт сөндіруші-құтқарушылар тәулік ішінде жану оқиғаларына 9 рет, үйді түтіннен тазарту жұмыстарына – 1, тұрғындарға есік ашу жұмыстарына да 1 рет аттанғанын да айта кеткен абзал.
Өңірде төтенше жағдайлар күн санап көбейіп келеді. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш Таразда – 2, Сарысу ауданын-да – 3, Талас ауданында – 3,5, Жамбыл ауданында – 4,6, Қордай ауданында – 3,3, Т.Рысқұлов ауданында – 2,2, Меркі ауданында – 3 және Шу өңірінде 1,3 есеге өскен. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан 10 472 адам зардап шексе, салдарынан 7 адам қаза тапты.
Мәселен, жыл басында Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы, Үмбетұлы көшесіндегі №38 жеке тұрғын үйде табиғи газдың шығуынан, газ-ауа қоспасының жарылысы орын алып, нәтижесінде 1994 жылы туған азаматша мен 1994 жылы туған азамат орташа ауырлық жағдайымен ауруханаға түскен болатын. Соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша табиғи газбен уланудың 5 жағдайы тіркеліп, 5 адам ажал құшты. Бұған қоса, шаһардағы Горная көшесі №49 үйде табиғи газ отынмен жылытатын пеш ақаулығынан 1952 жылы туған азаматша улы газбен уланып, ауруханаға жатқызылып, көп ұзамай қайтыс болды. Сол сияқты Қордай ауданы, Тараз қаласы сияқты өңірлерде тұрғын үйде, дүкенде, моншада қатты отынмен жылыту пешін пайдалану ережелерінің бұзылуына байланысты улы газбен уланып, ауруханаға жатқызылған азаматтар аз емес.
Осыған орай, облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыс және қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қарттарды үйде қараусыз қалдырмай, балалардың отпен ойнауына жол бермей, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Ал үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көзінен ажыратып, өрт қауіпсіздігі ережелерін естен шығармауды сұрайды. Өрт немесе төтенше жағдай туындағанда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз негізде жүзеге асырылатындығын еске салады. Өртті сөндіргеннен, ескерткен оңай екенін естен шығармаған жөн.

Нұрболат ӨМІРЗАҚОВ, облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.