Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қауіпсіздік ережелері – өміріңіздің кепілі

0 113

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл адамдардың өмірі мен денсаулығын, меншікті, ұлттық құндылықтар мен қоршаған ортаны қорғау екені даусыз. Бұл бағытта мемлекеттік өрт бақылау органдары үлкен жұмыс атқаруда.

Алайда әрбір адам өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қаншалықты маңызды екенін түсінбейінше, тілсіз жаудың саны азаймайды. Өйткені өрттердің туындау себептері – көбінесе адами фактор.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі 2022-2023 жылдарға арналған жылыту кезеңінде тұрғын үй секторында өрт профилактикасын жүргізу іс-шараларының жоспарын бекіткен еді. Бекітілген жоспарды орындау барысында департамент қызметкерлері өрттің алдын алу және халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыс мерзімді баспасөз басылымдарында материалдарды жариялау, жергілікті теледидар мен радиода сөз сөйлеу, интерактивті сабақтарды ұйымдастыру, ашық есік күндерін, конкурстар, викториналар, аулаларды аралау және басқа да іс-шараларды өткізу арқылы қамтамасыз етілуде.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігінің жалпы талаптарын орындау мақсатында департаменттің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері, жергілікті полиция қызметі, волонтерлер және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖОФ өкілдері халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне барып, 7 мыңнан астам ауланы аралап шықты. Өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша алдын алу жұмыстары барысында 9 мыңнан астам адам оқытылып, 21 мыңнан астам жадынамалар мен ақпараттық парақтар таратылды. 5483 адамды қамти отырып, тұрғындармен 317 жиын өтті. Бұдан басқа, өртке қарсы тақырыпта әзірленген бейнероликтер кабельдік теледидарда, облыс кинотеатрларында, «ХҚКО» РМК филиалдарында, сондай-ақ бейнеаппаратурамен жабдықталған қалааралық автобустарда таратылуда.
Біз тек БАҚ беттері мен қала шеңберінде шектеліп қалмай, аудандарды, әлеуметтік нысандарды аралап түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырудамыз. Мысалы, Байзақ ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері сауда орындарында өрттердің алдын алу және ескерту мақсатында «Тәтті себет», «Арзан», «Бегей», «Аққу», «Фиркан», тағы басқа сауда орталықтарының әкімшілігімен, жалдаушыларымен жүздесіп, жадынама парақшаларын таратты. Кездесу барысында төтенше жағдайлар оқиғаларының алдын алып, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, материалдық шығын туындаған жағдайда мөлшерін азайту мақсатында қауіпсіздік ережелері мен іс-қимылдары жөнінде кеңестер берді.
Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің жеке құрамымен Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының маңында орналасқан №3 газ компрессоры станциясында оқу-жаттығу өткізген болатын. Аталған шараға Тараз қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен және кезекшілік өрт сөндіру қызметінен барлығы 3 техника мен 12 адам жеке құрам жұмылдырылды.
Жаттығу бойынша аталған нысанның жанар-жағар май сақтау қоймасындағы құрылғылардың ақауы салдарынан өрт шыққан. Облыстық ТЖД күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының бағыттаушыларымен №2 жоғарғы шақырту бойынша шартты өртке Тараз қаласы гарнизонының өртке қарсы қызметінің күштері мен құралдары жөнетілтілді. Оқиға орнында 2 өрт сөндіру штабының жұмысы ұйымдастырылып, 2 жауынгерлік участок құрылды. Шартты өрт алаңы 200 шартты метрді құрады. Өрт сөндірушілер оқиға орнынан 20 адамды қауіпсіз орынға көшірді. Зардап шегушілер тіркелмеген. Бөлімшелер алға қойған тапсырмаларын жетістікпен орындап, жаттығу нәтижесінде шартты тілсіз жау тізгінделді. Жаттығу соңында өрт сөндіруші-құтқарушылар аталған нысанның ерекшелігімен танысты.
Биыл елімізде Балалар жылы аясында «Біз балалық шақтың қауіпсіздігі үшін» челленджі басталды. Оның мақсаты – балаларды өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарына, өрт туындаған жағдайда дұрыс іс-қимылдарға үйрету, жеке қауіпсіздік және айналасындағылардың қауіпсіздігі мәселелеріне саналы және жауапты қарауды қалыптастыру, төтенше жағдайлар санын азайту. Балабақша мен мектептен бастап өртке қарсы білімді терең, жақсы ойластырылған, жүйелі және дәйекті насихаттаудан тұратын түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу азаматтар мен олардың мүліктерінің өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, сондай-ақ облыстың тұрғын үй қорының өртке қарсы қорғанысын нығайтуға ықпал етеді деп үміттенеміз.

Жомарт САДИРМЕКОВ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.