Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауданның Құрметті азаматы әкімдікке өтінішін жеткізді

0 364

 Алдымен шұғыла­лықтарды жаңадан та­ғайын­далған бас редакторымен құттық­таймын! Бір жапырақ құнды қағазымыздың дизайны өзгеріп, салмақты мақалалар қатары көбейіпті. «Жас келсе – іске» деген осы. Аудан ақпаратының ай­дынында қалықтап, жаңалықтың жаршысы болып жүрулеріңізге тілектеспін.

Енді айтарыма көшейін. Газетіміздің №70 санында Аса ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рахым Жапаровтың жолаушылар көлігіне көңілі толмай жүргенін параққа түсіріп, редакцияға өткізген екен. Расымен, өзекті мәселе қозғаған. Біздің ауылда да кезек күттірмейтін жайттар бар екенін жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жеткізгім келеді. Қарасу ауылдық округіне қарасты Шайдана елді мекенінде маусым айынан бастап «көгілдір отын» желісі тартыла бастады. Бастапқыда көшелердің сиқы құрып, қазылып, шұңқыр күйінде апталап тұрады деп ойлаған едік. Жоқ. Мердігер өкілі тұрғындар қам-қарекеті үшін қазылған қазылғандай тегістеп, жұмыстарды сапалы атқаруда. Дегенмен, кейбір олқылықтар орын алып жатыр. Ауыл толықтай таза ауызсуды тұтынып отыр. Әр аулада су тетігінің ұңғымалары бар. Бүгінде 10-ға жуық ұңғыма экскаватор сынды ауыр техникалардың немқұрайлығы салдарынан шеті морылып, басым бөлігі жарамсыз күйге түсті.

Ертең қылышын сүйреткен қыс таяғанда беті ашық ұңғымалардағы су қатып, әбігерге сала ма деп қорқамын. Іс насырға шаппас үшін, сол құрылыстың басы-қасында жүрген азаматтарға айтып, жағдайды түсіндірдік. Құлаққа ілгендей көрінгенімен, баяғы жартас – сол жартас. Тағы бір айта кететін жайт, Әлімқұл көшесін жарықтандыру, асфальт төсеу жұмыстарын назарға алсаңыздар. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізіп, әкім-қараларды халықпен жақындай түсуге, олардың сауалдарын назарға алып, кері байланыс орнату керектігін тапсырғанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан Жамбыл ауданы әкімдігінен жауапты басшы сұрағымызға толымды жауап беретініне кәміл сенімдіміз!

Амангелді ҚОҢЫРБАЕВ,
Жамбыл ауданның Құрметті азаматы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.