Атырауда газ қазандығы жарылған кезде қатты күйіп қалған 19 жастағы екі жас жігіт жансақтау бөлімінде көз жұмды. Екеуі де II-III дәрежелі күйікпен ауруханаға түскен, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген ақпаратқа сәйкес, науқастардың бірінің денесін 85-90 процент күйік шалған. Ол 14 қараша күні жансақтау бөлімінде көз жұмған.
«Екінші науқастың денесінің 90-95 проценті күйіп қалған. Ол да көз жұмды», – дейді дәрігерлер.
Ал 22 жастағы келіншек ауруханада қажетті ем-дом алып жатыр. Оның денесі 25-30 процентке күйген.
Еске сала кетейік, 10 қарашада Атыраудағы 24-ші шағын ауданда орналасқан жекеменшік үйде газ қазандығы жарылған. Артынан алапат өрт басталды. Тілсіз жау 120 шаршы метрді шарпыған. Оқиға орнынан үш адам ауруханаға жеткізілді. Екеуін бірден жансақтау бөліміне жатқызған.