Атырауда қалалық Полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері «Мигрант» жедел операциясы кезінде мерзімі өтіп кеткен визамен жүрген 120 Қытай азаматын анықтады деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қытай азаматтары қала аумағында орналасқан Қытай компаниясы филиалының бірінде визаларының мерзімі өтіп кетсе де жұмыс істеген.
Жалпы «Мигрант» жедел операциясы кезінде еліміздің түкпір-түкпірінде заңсыз еңбек етіп жүрген шетелдіктер көптеп анықталып жатыр. Мысалы, біз сөз етіп отырған Атырауда Өзбекстаннан келген 30 азаматтың құрылыс алаңдарында рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегені белгілі болды. Сондай-ақ Шымкентте заңсыз қызмет еткен 24 шетелдік анықталса, Түркістан облысының аумағынан 12 шетел азаматы шығарылды.