Қалалық қоғамдық-саяси газет

Атқарылған жұмыс ауқымды, жоспар жұмыр

0 248

Шаһарда қолға алынған баянды бастамалар мен жемісті жобалар аз емес. Олардың дені өз нәтижесін беріп жатқаны жұртшылықтың көз алдында. Сан саладағы қырық қатпар тірлік кезең-кезеңімен орындалуда.

Шаһардың өндірісі өрістейді

Қаланың экономикалық дамуы жолында инвестиция тарту мәселесі қашанда өзекті. Осы мақсатта 2022-2023 жылдары 855 жаңа жұмыс орнын құру арқылы жалпы құны 10,3 миллиард болатын 5 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Тараз қаласындағы «Alina Group» ЖШС өндірістік базасын кеңейту және жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда.


Жалпы шаһарда алдағы уақытта экономиканың өркендеуіне сеп болатын көптеген өндіріс орындары ашылып, жобалар жүзеге аспақ. Олардың қатарында «Kisc» ЖШС – металл құю цехын жаңғырту жобасы, шикізатты қайта өңдейтін «СП-Тараз РЕТ» ЖШС-нің зауытының құрылысы, ұн өнімдерін шығаратын «Дәмді себет» ЖШС, «Alima Delux» тұрмыстық техникалар зауыты және қант қызылшасы мен оның сірнесін шығаратын «Оргэлитстройсервис» ЖШС бар. Бұл қалада инвестицияға қолайлы жағдай жасалғанын айғақтайды. Соның нәтижесінде жалпы құны 55,3 миллиард тұратын 5 жоба индустриалдық аймақ аясында іске асырылмақ. Ал бұл өз кезегінде салық түсімдерінің артуы мен жұмыс орындарының көбеюіне жол ашады.
Қазіргі уақытта кәсіпорындарды іске қосу үшін қажетті инфрақұрылымдық желілердің жетіспеушілігі мәселелері де жан-жақты пысықталуда. Есептеулер бойынша, индустриалды аймақ нысандарының жобалық қуатын ескере отырып, бірінші кезеңде шамамен 2,9 миллиард теңге жұмсау қажет екен. Оның ішінде электрмен жабдықтауға – 999, газбен жабдықтауға – 6, су құбырларын жүргізуге – 225, жолдарды жөндеу мен жаңғыртуға 321 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Шағын кәсіпкерліктің шаруасы ширауда

Шағын және орта кәсіпкерлікте де қол жеткізген табыстар баршылық. Бүгінде облыс орталығында 36 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны бар. Оның 6 858-і шағын, 28-і орта, 29 658-і жеке кәсіпкерлік, 377-сі шаруа қожалығы және тағы басқалар. Олар мемлекеттің қолдауына барынша ие болуда. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 1 168 жобаны субсидиялауға 12,9 миллиард теңге бөлінген. Жобалар негізінен өндірісті, айналымдағы және техникалық қызмет көрсетуді қаржыландыруға бағытталған.
Бағаны тұрақтандыру да өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде Таразда 16 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Бұған қоса Б.Майлин көшесі бойында тағы бір әлеуметтік дүкеннің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Абай даңғылы мен Көшеней көшесінің киылысы және «Қарасай» («Казпоселек») алқабынан жер телімдері анықталып, зерделеу жұмыстары жасалуда. Алдағы уақытта осы аймақтардан да әлеуметтік дүкен салу жоспарлануда екен.
– Әлемдегі шиеленіскен геосаяси жағдайларға байланысты қажетті тауарлардың бағасы шарықтап кетті. Нарықтағы бүгінгі жағдай халыққа едәуір салмақ түсіруде. Сол себепті өзіміз де бұрын күнделікті тұтынатын өнімдерімізді мөлшермен алып, шектелуге мәжбүрміз. Көпбалалы отбасылар үшін бұл тіпті қиын. Мұның бір себебі – маңайымызда әлеуметтік дүкеннің жоқтығы еді. Енді біз тұратын алқапта да осындай нысанның ашылатынын естіп, қуанып отырмыз. Әлеуметтік дүкендегі бағалар тұрақты әрі қолжетімді, – дейді «Қарасай» алқабының тұрғыны Шұғыла Темірланова.

Қала аумағына 14 елді мекен мен 2 саяжай енеді

Көне шаһар әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана дамып қоймай, демографиялық тұрғыдан да ілгері басуда. Соңғы жалпыұлттық санағы бойынша тараздықтардың саны 400 мыңнан асқан. Осыған орай қаланың жаңа Бас жоспарын әзірлеу қажеттілігі туындауда.
Қаланың Бас жоспары – оның даму болашағын айқындайтын негізгі құжат. Жоба 2040 жылға дейін жоспарлаған. Демографиялық жағдай жақсарып, уақыт ағымына сәйкес қалалардың дамуына өзгерістер енгізудің маңызы зор. Бас жоспарға сәйкес, ең алдымен қала аумағын кеңейту, көлік логистикасын дамыту, тұрғын үй қорын және шаһардың сыртқы келбетін жақсарту, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға барынша басымдық берілген. Сондай-ақ маңызды құжат қаланың құрылыс шектеулерін ескере отырып назарға алынған екен. Сонымен қатар шаһарды заманауи тұрғыдан дамыту, абаттандыру және тұрғын үймен қату мақсатында 2 саяжай мен 14 елді мекен қала аумағына енбек. Атап айтсақ, Байзақ ауданының Талас ауылы мен станциясы, Қызыл Жұлдыз ауылы, Жамбыл ауданының Шайқорық ауылы мен станциясы, Танта, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Пригородное, Кемел, Түрксіб, Жалпақтөбе, Ақбұлым елді мекен тұрғындарының қалалық атанатын күні таяу. Осының арқасында қала аумағы 30 542 гектарды құрайтын болады.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы» туралы Заңына сәйкес, Тараз қаласының халқының саны 400 мыңнан асып кеткендіктен, Бас жоспарда екі ауданға бөлу ұсынылған. Әр ауданның халық саны 200 мыңнан кем болмауы керек. Яғни көне шаһар Солтүстік және Оңтүстік деп аталатын екі ірі ауданға бөлінеді.
Халық санының артуына байланысты оларды баспанамен қамту да кезек күттірмейтіні түсінікті. Осы бағытта Бас жоспарға сәйкес тағы да 8 м2, оның ішінде 1 мың м2 астам жеке тұрғын үй бой көтермек.
Бір кездері ең таза әрі жасыл қала атанған Таразда соңғы кездері экологиялық мәселелердің жиі орын алып жатқаны ақиқат. Осы бір олқылықтың орнын толтыру барлық қолданыстағы қоғамдық жасыл аумақтарды барынша сақтау, жаңадан жобаланған тұрғын алқаптарды, қоғамдық орталықтарды, саябақтарды, желілік бульварларды, суару каналдарын, жағалауларды абаттандыру, өнеркәсіп орындарының санитарлық қорғау аймақтарының аумақтарында бұрыннан бар қорғаныш орман белдеулерін қайта құру, олардың аумағын ұлғайту, Талас өзенінің бойында демалыс орындарын, жағажайларды орналастыру, қала аумағынан өтетін Төркелді, Сол айналма, Сеңкібай, Қапал, Түте, Үшбұлақ, Қарасу-2 және Молдабай каналдарының бойына жасыл желектері мол жаяу жүргіншілер, сауықтыру жолын, демалыс нысандарын салу көзделген. Осылайша жасыл желектермен көмкерілген аумақ 4,5 гектарды құрайтын болады.
– Қаланың Бас жоспарына түзетулер енгізу барысында шаһардың көлік сызбасы да қайта қаралды. Қала ірі көлік артерияларының торабында орналасқан. Мұнда магистральдық теміржол, оның аумағы арқылы республикалық маңызы бар «Алматы-Шымкент» автомобиль жолы өтеді. Қала аумағын теміржол 2 бөлікке бөліп тұр. Олардың арасындағы жол қатынасы Жібек жолы көшесінің бойындағы эстакада мен Байзақ батыр көшесінің бойындағы көпір арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ қаланың халық арасында «сызықтан тыс» деп аталатын оңтүстік бөлігі игерілмей қалды. Осы жобаға байланысты халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында бірнеше жол өткелі қарастырылған. Алматы және Шымкент бағыттарынан кіреберістегі көлік-логистикалық орталықтар қала көшелерін ауыр жүк көліктерінің айналып өтуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар шаһардың оңтүстік және солтүстік жағынан аумақтық даму контурлары айналма жолмен қоршалады және басқа жолдармен қиылысатын жерлерде көлік айырықтары ұйымдастырылады. Осылайша қала аумағында кәсіпкерлік қызметті, әлеуметтік кепілдендірілген инфрақұрылымды, стационарлық демалысты, тарихи-мәдени, іскерлік, сауықтыру, мәдени-ағарту және спорттық демалысты, туризм мен демалысты кеңінен дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалады, – дейді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.

Әлеуметтік салалардың әлеуеті артуда

Шаһарда әлеуметтік саланың да әлеуеті барынша кеңеюде. Айталық ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысымен тұрғын үй көмегі 2 мыңнан аса, атаулы әлеуметтік көмек 3 мыңнан аса отбасыға тағайындалған. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілуде. 1-6 жас аралығындағы 5 мың бала ай сайын азық-түлік және химия заттарының жиынтығымен қамтылуда. Бұдан бөлек, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 13 мыңнан астам азамат тартылған. Бүгінгі таңда мүгедектердің жеке оңалту бағдарламасының орындалу көрсеткіші 81,5 пайызды құрап отыр екен. Жүріп-тұруы қиын І топ және көздері нашар көретін мүгедектерге 4 «Инватакси» қызмет көрсетуде.
Білім саласына келер болсақ, қалада барлығы 112 білім беру мекемесі жұмыс атқарады. Оның ішінде 60 мектеп, 45 балабақша, 1 кешкі мектеп, 4 қосымша білім беру ұйымы және 2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. Бүгінде тараздық 3-6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жалпыға міндетті білім берумен – 75 818, инклюзивті біліммен 255 оқушы қамтылған.
Білім ордаларының құрылысы да қарқын алуда. Айталық, биыл 10 мектептің ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталса, Асқаров көшесінің соңындағы 600 орындық мектеп құрылысы тәмамдалып, Білім күніне орай пайдалануға берілгені белгілі. Енді «Арай», «Барысхан» алқаптарындағы 600 орынды мектептер жыл соңына дейін есігін айқара ашпақ. Бұған қоса Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы 1200 орындық 2 мектеп, «Қазарма» алқабында 180 орынды мектептің құрылысы басталған. Олар келесі жылы алғашқы оқушыларын қабылдайды.
Спорт – денсаулық кепілі. Сол себепті елімізде бұқаралық спортқа баса мән берілген. Тараз қаласында осы бағытта атқарылған ілкімді істер аз емес. Бүгінде шаһар бойынша қалалықтардың жүйелі спортпен қамтылуы облыс орталығы тұрғындарының жалпы санының 37,5 пайызын немесе 140 мыңға жуық адамды құрайды. Ал жалпы облыс орталығында 646 спорт нысаны болса, оның 502-сі мемлекет меншігінде.
Есепті кезеңде 65 мыңнан астам адам қамтылған 274 спорттық іс-шара өткізілген. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің теңгерімінде 8 мыңға жуық балалар мен жасөспірімдерді қамтитын 35 спорт алаңы бар, онда 42 нұсқаушы мен 105 қызметкер жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ қазіргі 35 спорт алаңын ағымдағы жөндеуге 207,4 миллион теңге жұмсалды. Бұл жөнінде шаһар басшысы: «Тұрғындардың өтініштері негізінде қоршалған және жасанды жабындысы бар, қосымша 20х40 метр шағын футбол алаңдарын салу қажеттілігі 10 бірлікті құрайды. Қазір 1 нысанның құрылысына 25,7 миллион теңге қажет. Тұрғын үй аумақтарын спорт алаңдарымен одан әрі абаттандыру үшін, олардың осы аула аумақтарын күтіп ұстауы үшін жылжымайтын мүлік иелерінің қауымдастығын да құру керек», – деген еді.

Қылмыс деңгейі төмендеуде

Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қала көлемінде қылмыстардың жалпы саны 12,6 пайызға төмендеген. Бұл дегеніміз – қылмысқа қарсы күрестің жүйелі ұйымдастырылып жатқандығының дәлелі. Сондай-ақ шаһарда жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында қазіргі уақытта «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылуда. Жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызыл және сары сызықтар сызылған.
Бүгінде тұрғын үйлердің аулаларында, саябақтарда, скверлерде және көшелерде жаяу патрульдердің де саны артқанын аңғаруға болады. Осылайша полицияның «қадамдық қолжетімділігі» қағидатын қамтамасыз ету шаралары іске асуда.

Халықпен кері байланыс күшеюде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған болатын. Баянды бастама өз жемісін беріп келеді. Мәселен, қала әкімі Бақытжан Орынбеков қызметіне кіріскен аз уақыттың ішінде Шөлдалада 2 рет, №15 ықшамауданда 4 рет, «Родничок», «Барысхан», Сүлейменов көшесі соңындағы алқап тұрғындарымен кездесіп, тілегіне құлақ түрді. Сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 4-ші, 6-шы округтерде көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізді. Көтерілген мәселелердің басым көпшілігі көше жолдарын жөндеу, электр жарығы, қоғамдық көлік және тұрғын үй саласына қатысты.
– Өздеріңізге белгілі, Таразда 11 аумақтық округ бар. Әр округке әкімдіктің 1 бас инспекторы жауапты. Учаскелік полиция қызметкерін тұрғындардың басым бөлігі таниды ғой, сол сияқты бас инспекторды да халық білуі керек. Туындаған мәселесі болса, әкімдікке сандалмай, сол инспекторға жеткізу арқылы шешімін табуы керек. Сондықтан біз 11 бас инспектордың фотосын, отыратын кеңсесінің мекенжайын, байланыс нөмірі көрсетілген хабарламаларды әр подъезге ілдік, – дейді шаһар басшысы.
Сонымен қатар «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілерінде қала әкімдігі бөлімдері мен оған қарасты мекеме басшылары тікелей эфирде апта сайын сұхбат беруде. Тұрғындар барлық салаға қатысты сұрақтарын осы эфирде қоюға мүмкіндіктері бар. «IKomek 109» диспетчерлік орталығы мен әкімдіктің «Инстаграм», «Фейсбук» парақшаларына да келіп түсетін барлық сауалдар назарға алынып, мамандар күнделікті мониторинг жүргізуде. Өзекті мәселелер дер кезінде шешімін табуда. Ал бюджетке келіп тірелетін мәселелерге қатысты жауаптар берілуде.

Қорыта айтқанда, шаһардың экономикалық ахуалын жақсарту және жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалуда. Дегенмен әрбір азамат сүйікті қаламыз Тараздың көркеюіне бірлесе күш салғаны абзал.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.