Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қасым-Жомарт Тоқаев «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамымен кездесті

0 160

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына орай жолдаған шақыруын қабыл алғаны үшін «Әл-Азһар» ислам университетінің Жоғарғы имамы, шейх Ахмад ат-Тайебке ризашылық білдірді деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Біз өзіңіз басқаратын «Әл-Азһар» университетін ортақ дініміз – ислам құндылықтарын дәріптеуші «шамшырақ» ретінде қарастырамыз. Сондықтан толеранттық пен ұстамдылықты, сабырлық пен мейірімділікті ту еткен орталық ғұламаларының бүгінгі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына қатысуы біз үшін өте маңызды», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ислам білімінің ордасы және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы саналатын «Әл-Азһар» университетінде қазақстандық студенттердің білім алуына жасалған жағдайды жоғары бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар «Әл-Азһардың» Қазақстанда ислам білімі мен зерттеулерінің дамуына қомақты үлес қосып отырғанын ерекше атап өтті.

Келесі жылы сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толады. Мемлекет басшысы аталған мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге айтарлықтай үлесін қосатынын айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр Президенті Әбдел Фаттах ас-Сисиге ыстық ықыласқа толы сәлемін жолдады.

Өз кезегінде «Әл-Азһардың» Жоғарғы имамы Мемлекет басшысына Мысыр Президентінің жүрекжарды сәлемін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамымен кездесті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.