Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асық атқан азбайды

0 334

Жамбылдық жасөспірімдер арасында өткен облыс біріншілігінде асық ату спортының жеңімпазы анықталды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен біріншілікке 2006-2008 жылдары туған ұлдар мен қыздардан құралған 6 команда қатысты. Турнирдің мақсаты – асық ату ұлттық ойыны арқылы тіркеуде тұрған жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын және ұлттық құндылықтарды насихаттау.

– Қазір ұлттық ойындарды жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттау қолға алынған. Аталмыш ұлттық ойын – еліміздің ертеден келе жатқан көне спортының бірі. Баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Ойынның ұжымдық негізде ойналуы жастар арасында өзара сенімділік пен достық қарым-қатынастың нығаюына үлкен мүмкіндік береді. Жарыс ережесі бойынша спортшылар асықты шертіп, қадап, шиіріп атып, белгіленген шеңберден шығару керек. Жыл арта асық ату шеберлерінің саны артып келеді, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Гүлназ Сағынтаева.

Сондай-ақ облыстық біріншілікте балғындарға ұлттық спорттың біртабан, ханталапай және топтық шыр секілді түрлері де кеңінен таныстырылды.

Тартысты өткен сайыс қорытындысына сай ұлдар арасындағы біріншілікте «Әулие-Ата» құрама командасы үздік атанды. Ал Жамбыл ауданының ойыншылары екінші, байзақтық балғындар үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар қыздар арасындағы бәсекеде Жамбыл ауданының командасы жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орын биігі құландық қыздар мен үшінші орын байзақтық нәзікжандылар еншісіне жазылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.