Журналист Еренғайып Қуатайұлы еліміздегі жаппай тәртіпсіздік кезінде Мәскеуден елге қайтар жолда қырғыз халқының өзіне қалай көмектескені жайында айтып берді, деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, 7 қаңтарда ол Мәскеуден елге оралмақ болған, алайда елдегі жағдайға байланысты Алматыға рейс тоқтатылған еді. Сондықтан Қазақстанға Бішкек арқылы келген. Ол қырғыз халқының қазақстандықтарға деген ыстық ықыласы мен жанашырлығын сол кезде ерекше сезінгенін жеткізді.
«7 қаңтар күні Қап тауынан түсіп, Мәскеуге келгенде Алматыға ұшақ ұшпайтынын білдім. Бірден Бішкекке билет алдым. Әуежай маңындағы бір қонақ үйдің ресторанына бардым. Ресепшн қырғыз қызы екен, менің Бішкек арқылы Алматыға кетіп бара жатқанымды сұрап білді. Ауқаттанып алып, төлем картасын ұсынсам, «төлемей-ақ қойыңыз, бара беріңіз», – дейді. «Ой, қойыңыз, ұят болады» десем, «аман-есен үйіңізге жетіп алыңыз, еліңізде тыныштық болсын, тезірек шығып кетіңіз» деді. Жат жерде жүрген қаршадай қырғыз қызының бір туғаным деген жанашырлығы ғой», – деп жазды журналист Facebook парақшасында.
Бішкекке қонған қазақстандық жолаушыларды еліміздің Қырғызстандағы елшілігі күтіп алып, қонақ үйге жеткізген. Журналист мұнда да жергілікті халықтың ілтипатына ие болғанын айтады.
«Таңертең ресепшнге барып қонақ үй мен түндегі астың ақшасын төлейін десем, «жо-жоқ, байке, аман-есен еліңізге жетіп алыңыз», дейді құрақ ұшып. Бішкек қаласына қарасты осы аудан әкімі көмекшілерімен келіп, жан-жақтан Бішкек арқылы Қазақстанға жол тартқан отандастарымызбен амандасты. Қал-жайымызды сұрады. Арнайы автобустарға отырғызып, жол полициясымен шекараға дейін шығарып салды. Қаңтар қасіреті кезінде әлемнің әр жерінен Бішкек арқылы үйіне асыққан қазақстандықтардың барлығына қырғыз ағайындар осылай қамқорлық жасады. Ал біздің құқық қорғау органдары сол шақта Қазақстанда жүрген қырғыз бауырларымызды қалай азаптағанын, қорлағанын бәріміз білдік. Аспен атқанды таспен аттық! Бір туған қырғыз бауырлар, бізді кешіріңіздер!», – дейді ол.