Адамзат барда, адамгершілік барда Ана деген ардақты ат мәңгі жасай бермек. Аналар 365 күн бойы құрметке лайық, дегенмен күнтізбедегі қызыл белгімен ерекшеленген осынау мерекеде әйелдер қауымы сый-құрмет пен ерекше ілтипатқа екі есе бөленеді десе де болады. 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз де елімізде әртүрлі салада еңбек етіп жүрген, ана мәртебесін абыроймен алып жүрген, қалың көпшілікті ерлігімен таңғалдырған нәзік жандыларды әңгімеге тартқан едік.
Күнсұлу ЗАКАРЬЯ,
QazVac вакцинасының авторы, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының директоры:
Қазақ әйелінің болмысын қалыптастыруда ұжымның рөлі зор
Біздің институттың алдында ел Президенті Қ.Тоқаевтың қойған үлкен міндет-мақсаты тұр, солардың ішіндегі ең маңыздысы – еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың денсаулығы. Сол үшін біз аянбай, өзімізге уақыт арнауды ұмытып, тынбай еңбек етіп жүрміз. Ғылымда, тәжірибе жүргізу кезінде расымен уақытты ұмытасың, ал егер еліміздің денсаулығы мен қауіпсіздігі күн тәртібінде тұрған кезде тіпті осындай жарқын мереке мен демалысты да ұмытасың. QazVac вакцинасын әзірлеу – бүкіл ұжымның еңбегі. Мұнда бөліп-жару дұрыс емес, сол себепті бұл вакцинаны әзірлеу процесіне институтымыздың барлық қызметкері үлес қосты. Гендерлік тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл процеске араласқандардың 30 пайызы – ғалым әйелдер. Атап айтсақ, профессор Күляйсан Сұлтанқұлова, PhD докторы Айнұр Нұрпейісова, медицина ғылымдарының кандидаты Нурика Асанжанова, профессор Ольга Червякова және тағы басқа білікті мамандар бұл игі іске атсалысты. Бұл тәжірибелі ғалымдармен қатар, біліктілігімен көзге түскен жас мамандарымыздың еңбегін ескерген дұрыс. Жастарымыз алдыңғы шепте тұрған ғалымдарға қарап бой түзеп, ғылымды жан-жақты игеріп келеді. Қуантарлығы сол, біздің институтта қыздар мен жігіттерге діттегеніне жетуге мол мүмкіндік беріледі. Бізде жұмыс істеп жатқан жас ғалымдардың аяқ алысын бағамдайтын болсам, батыл, алғыр әрі қағілездігімен бізді таң-тамаша етіп жүрген олардың келешекте ғылымның дамуына, еліміздің өркендеуіне орасан үлес қосатын азаматтар қатарына кіретініне сенімім мол.
Жалпы, бүгінде заманның жаһандану процесі жаңа талаптар қойып отыр. Қазіргі қазақ қыздары біздің Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыз сияқты батыл, өжет, қайсар болуы керек. Заман талабына сай білімді және ақылды болуы қажет. Еш нәрседен қорықпай алдыға ұмтылуы керек. Бұл жерде қоғам мен отбасынан бөлек, ұжымның қазақ әйелі болмысын қалыптастыруда рөлі зор. Мысалы, біздің институтта жас мамандарды тәрбиелеуде, олардың есімі елге белгілі ғалым, азамат болып қалыптасуына септігін тигізетін жас ғалымдар кеңесі бар. Онда жастармен тәрбие жұмыстары жүргізіліп, олардың болашағына бағытталған жоспарына ерекше көңіл бөлінеді.
Әр әйел адам өмірде өз орнын табу үшін көп еңбек ету керек екені әмбеге аян. Кейде олар өзіне жұмсамайтын күш-жігерді ғылым жолында сарп етеді. Сондықтан әйел ғалымдар әр жұмысын, уақытын жоспарлап жүреді. Бұл тиянақтылық ғылымда да байқалады. Әйел ғалымдардың жауапкершілігі де жоғары деп айтар едім.
Әйел-ана қашанда береке бастауы, отбасы ынтымақтастығы мен тұрақтылықтың кепілі бола бермек. Көктемнің алғашқы мерекесі қуаныш және көтеріңкі көңіл күй сыйласын! Барша әйелге мықты денсаулық, бақыт және жақсылық тілеймін! Әрқайсысыңыздың жүректеріңізден жарқын болашаққа, бақытты күнге деген сенім мәңгілік айнымасын!
Ләззат ҚАЛТАЕВА,
Сенат депутаты:
Отанымызда, отбасымызда бейбітшілік болсын
– Мерекені әдетте үйде отырып тойлағанды құп көремін. Десек те, бұл мейрам отбасындағы әйелдің рөлі маңызды екенін айтатын бірден бір себеп. Бұл күні бізге мерекелік көңіл күй сыйлайтын үйдегі ерлер қауымы әйелдердің тек сол күні ғана емес, қалған 364 күні елеп-ескерілуі тиіс екенін жақсы біледі. Біздің ұйым әйелдерден құралғандықтан бұл күні де түрлі іс-шаралар өткіземіз. Жалпы, қоғамдағы қазақ әйелінің рөлі ерекше екені бесенеден белгілі. Ел арасында батыр атанған қыздарымыз да бар. Менталды тұрғыдан алғанда қазір заман басқа болғанымен, бүгінгі қазақ әйелінің мінезі баяғыша: мықты, өз-өзіне сенімді. Ерлермен тең жұмыс істей алады. Мұны біз күн сайын көріп жүрміз. Дегенмен ерте тұрмыс құру, алып қашу, гендерлік теңсіздік, отбасындағы зорлық секілді мәселелердің алдын алу үшін әйелдердің құқығы туралы көп айтылу қажет.
Сенат депутаты қызметіне кіріскеніме екі апта уақыт өтсе де, білім мен ғылым, жұмысқа орналасу, медицина қызметін көрсету секілді көп мәселеге көңіл бөлдік. Қарастырылатын жаңа заңдардың азаматтарға қандай пайдасы бар екені, соның ішінде әйелдер мәселесі әр кез күн тәртібінде тұрады. Сондықтан әйелдер мәселесі басты назарда екенін айтқым келеді. Мереке қарсаңында бар тілегім – Отанымызда, отбасымызда бейбітшілік болса екен! Қазір бізге тұрақтылықтан басқа ештеңе қажет емес. Әйел – нұрлы ақыл иесі, әйел – оңтайлы тәсіл ойлап табатын жан. Осы екі мінезі арқылы олар біздің өмірімізге тұрақтылық, жылу, бақытқа алып келеді. Ал мұның нәтижесінде, төрімізден бейбітшілік пен келісім кетпейтіні айдан анық.
Айгүл БИСЕМБИЕВА, 52 жасында босанған ана:
Әр қыз ана болуға лайық, әр әйел бақытты болуға лайық!
– Елімізде бұл мерекеге аса мән беріліп, осы күні еліміздің барлық аймағында тойланатын болған соң, мен де 8 наурыз күнін асыға күтетінім рас. Бірақ көп әйел секілді біреу сыйлық береді-ау деп күтпеймін. Десе де, көтеріңкі көңіл күймен сол күні сөйлескен, кездескен жанға қуат беруге тырысамын. Жалпы, өзім өзгелерге жылы лебіз білдіргенді ұнатамын. Қаңтарда мен босанған кезде халық та менен жылу сөзін аянып қалмай, тамаша тілектерді қарша боратты. Жалпы, 52 жаста ана болу деген ерекше сезім. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осы жаста ана атанғаныма, бала сүйгеніме сансыз шүкіршілік айтамын. Балам күні кеше ғана қырқынан шықса да, мен секілді сәби сүюді аңсап жүрген әйелдердің жүрегінде үміт отын жағайын деп хабарласқан басылымдардың түгеліне дерлік сұхбат беріп жатырмын. Бар арманым – көп жыл бойы бала күтіп жүрген әйелдер күдер үзбесе екен деймін! Әр қыз ана болуға лайық, әр әйел бақытты болуға лайық! Бізде Құлсарыда бала сүйе алмай, дәрігер кабинетінің табалдырығын тоздырып жүрген әйелдер саны көп. Арасында жасы бар, үлкені бар, оларға менің жолымды берсін, жұғысты болсын дегім келеді. Бала сүю – Алланың әйел адамдарға берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Сол үшін Алладан жәрдем сұрау керек. Алланың сынағына шыдау қажет. Бала сүю бақытына ие болу үшін төзімді бола білу керек.
Жолдасымның бірінші отбасынан екі қыз бар. Ұлы да болған еді, бірақ өкінішке қарай, ол бала кішкене кезінде қайтыс болды. Сол себепті балақайдың дүниеге келуін біз ғана емес, әпкелері де көп күтті. Күллі ел болып құттықтаған балапанымның есімін жолдасымның Атырауда тұратын екінші қызы Нұркелді деп қойды. Қазір біз ең тәтті кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. 63 жасқа келген ағаң бүгінгі заманның ағымына ілесіп, бала бағып, бесік тербетіп, жүзі балбұл жайнап жүр. 52 жасқа келген маған да бала емізіп, балаларға арналған заманауи жөргекті ауыстыру, түн ұйқымды төрт бөлу – өте қызық, тамаша сезім. Біз кішкентай болғанда ондай жөргектер болмады. Баланың көңілін аулайтын ойыншықтар да басқа болды. Сол себепті менің қазіргі күйімді бала күтіп жүрген әр әйел басынан өткізсе екен деймін! Осы сәтті пайдаланып, сіздің басылымдарыңызды оқитын әйелдер қауымының дендеріне саулық, бастарына амандық тілеймін! Аңсаған арманына жетсін! Мен секілді сәби сүйсін! Үбірлі-шүбірлі болсын!
Ақмаржан ҚАЛМҰРЗАЕВА,
фристайл-акробатикадан Бейжің қысқы
Олимпиадасының финалисі:
Мереке күні жарысқа түстік
– Біз, спортшы қыздар 8 наурыз мерекесін көбіне оқу-жаттығу жиындарында қарсы аламыз. Тіпті, дәл сол күні жарысқа түскен кездеріміз болған. Жаңылыспасам, дәл 8 наурыз күні Универсиадада бақ сынап, ел намысын қорғағанбыз. Сол себепті елдегі қыз-келіншектер секілді ол уақытта қыдыру, өзімізге уақыт арнаудың сәті түсе бермейді. Биыл да наурыз айына жоспарланған жарыс саны көп еді. Әлем кубогына қатысу үшін жолға шығуымыз керек болатын. Алайда қазір әлемде болып жатқан саяси жағдайға байланысты жарыстың түгелі дерлік кейінге шегерілді.
Бейжіңдегі тартысқа толы бәсекені бақылаған болсаңыз, іріктеу кезеңінде 98.68 ұпай жинап, екінші алтылықта көш бастап, финалға өттім. Финалға өткендегі бапкерлерімнің қалай қуанғанын теледидар арқылы көрген боларсыз. Өкінішке қарай, финалда бірінші мүмкіндікті сәтті пайдалана алмай, іріктеуде секірген қиын элементті қайталай алмадым. Кешке қарай күн суып кетті. Оның үстіне, қобалжығаным тағы бар. Сөйтіп, құлап қалып, аз ұпай алдым. Ал екінші мүмкіндікте аяғымдағы шаңғы темірге жабысып, сайысты ойдағыдай бастай алмадым. Ондай кезде төрешілер үшінші мүмкіндік береді, бірақ ең соңында секіруің қажет. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, жаттығуды жақсы орындап шықтым, бапкерлерім де жоғары бағалады, бірақ төрешілер 70-ке жетер-жетпес ұпай берді. Сөйтіп, жүлдеге таласа алмай қалдым.
Негізі, фристайл-акробатика – өте күрделі спорт. Сырт көзге білінбейді, бірақ менде жарақат көп. 2015 жылы трамплиннен секірген кезде тіземдегі сіңір байламы үзіліп кетіп, бұл спортқа енді қайтып оралмаспын деп уәде бергенмін. Бірақ ота жасап, өз қалпыма қайта келген соң бапкерлерім үгіттеп, жаттықтырып, қатарға қайта қосты. Ақырында қанша жарақат алсам да қайта секіруге батылым жетіп, бұл спортқа «байланып» қалғанымды сезіп, қол үзіп кете алмадым. Бейжіңнен соң маған осы спорт туралы жазатындардың қатары көбейді, әсіресе 18 жастағы қыздар «Менің де айналысқым келеді. Неден бастасам болады?» деп жазады. Шынына келгенде, 18 жас біздің спорт үшін тым кеш. Бірақ әркім пешенесіне жазғанын көреді. Бәлкім, 18 жаста енді бастаса да, 24 жаста келесі Олимпиада топ жарып, жүлдегерлер қатарына ілінер. Кім біліпті?! Сондықтан жалындап тұрған жастардың бағын байламай, сағын сындырмайын деп шама-шарқым жеткенше бағыт-бағдар беремін. Жалпы, біздің ха-
лық – өте намысшыл. Неге десеңіз, өзге елдерде бұл спорт түрінен ел атынан сынға түсетіндерді ұзақ уақыт бойы дайындайды. Мысалы, олар шаңғыны игеруге 2 жыл, сальто жасауға 3 жыл уақыт кетіреді. Ал бізде мүлде басқаша. Біз бұл спортты бүгін бастасақ, келесі күні екілік сальто үйренуді бастап кетеміз. Бірде жазда Қытайда жергілікті спортшылармен оқу-жаттығу жиынын бірге өткіздік. Екілік сальтоны енді үйреніп жатқан олардың қасында біз үштік сальто жасап, өзара жарысып жүрдік. Мұның барлығы – біздің елге тән намысшыл мінездің, бойда қайнап тұрған намыстың арқасы. Намысың болмаса ондай күрделі элементтерді аз уақытта істей алмайсың. Осы спортты жанына серік етіп жүрген қыздардың дайындық барысын көріп жүрген соң оларды ерлерден асып түспесе кем түспейді деп нық сеніммен айта аламын. Осы ретте намысты қолдан бермейтін қыздарды, бізге өмір сыйлаған аналарымызды, етегіне салып баққан әжелерді 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Әйелдер болмаса өмір соншалық көркем болмас еді. Тек 8 наурыз емес, әр күндеріңіз шат-шадыманға толы болсын!
Жазира ТҰРҒЫНОВА, ең жас көпбалалы ана:
Көпбалалы болудан қорықпаңыздар
– Жолдасым екеуміз қазір 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп отырмыз. Үйдегі бес нәзік жан иесі бұл мейрамды тойлатпаймыз десем күпірлік болар. Бесеуміз де бұл күнді асыға күтеміз. Әдетте, бұл күнде бізді отағасы мейрамханаға шақырады. Содан соң үйге келген соң бесеуі бесеуміздің асты-үстімізге түсіп, ілтипат көрсетеді. Балаларым мектепте мұғалімдерімен бірге арнайы сыйлықтар әзірлеп, үйге келе сала құттықтап, мойныма асылады.
2019 жылы 27 жасымда еліміз бойынша ең жас көпбалалы ана атанған кезде мені танып-білген көпшілік көп сұрақтың астына алды. Ол кезде 7 балам болатын. Сосын егіз қыз босандым, өкінішке қарай егіздің сыңары үш айлық кезінде шетінеп кетті. Ал оның сыңары дін-аман, шауып жүр. Үлкенімнің жасы 14-те, кіші қызым 1,5 жаста. Бесеуі мектепке барады, ал үшеуі үйде. Жалпы, маған көпбалалы болған ұнайды. Үйдің ішін у-шу, азан-қазан болмаса өзімді біртүрлі сезінемін. Арамызда «көпбалалы әйел болуға дайын емеспін» дейтіндер көп. Оларға көпбалалы болудан қорықпасын дегім келеді. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» демекші, әр баланың өз несібесі барын ескерейік. Әрбірден соң, бала санының көп болғаны кімге кедергі келтіреді дейсіз?! Көп болса, ертең өскен кезде бір-біріне демеу болып, бірі қиналса, екіншісі атып тұрып жүгіре жөнелетін бауырмал болып өспей ме?! Байқағаным, қазір жас аналар да көп бала тууға қорқақтайды екен. Екі-үш баламен шектеледі. Құдай берсе туа беру керек. «Сосын оларды қалай бағамын?» деп те уайымдамаған абзал. Дүниеге келген әр адамның осы өмірден алар өз үлесі бар, өзіне тиесілісі бар. Қаласаң, барлығына үлгеруге болады. Мемлекет те аянып қалмайды. Біз 2019 жылға дейін Шымкентте пәтер жалдап тұрған едік. 7-бала дүниеге келген соң Үкімет Леңгір қаласынан үй беріп, бір күннің ішінде осында көшіріп әкелді. Одан кейін де кішігірім көмек берілді. Негізі, Леңгір қаласында тұрған бізге ұнайды. Өзім де Леңгір қаласы орналасқан Төле би ауданына тұрмысқа шыққанмын. Сол себепті балаларымды ауызбіршілігі жарасқан осындай аймақта тәрбиелеп жатқаныма қуаныштымын. Әйелдер қауымын көктемнің осынау шуақты мерекесімен құттықтаймын! Бастысы, тепсе темір үзетін мықты денсаулық тілеймін! Сосын жоғарыда айтқанымдай, көпбалалы болудан қорықпаңыздар! Үйлеріңізден сәбидің іңгәлаған үні, сыңғырлаған күлкісі кетпесін!
Арай ҚҰРШАНБЕК,
тракторшы қыз:
Бір тойда көпшілікке атамды «Тракторшы келіннің қайын атасы» деп таныстырды
– 8 наурыз күні қыз-келіншектердің жүзі балбұл жайнап, одан бетер құлпырып шыға келеді ғой. Мен де жыл сайын осындай көңіл күймен өз үйімде ақ дастарқан жайып тойлатушы едім. Бірақ биыл барлығы басқаша болғалы тұр. Себебі жуырда тұрмысқа шықтым. Ел арасында «тракторшы қыз» атанған соң көбі әртүрлі пікір айтты. Осы ретте трактор айдауға неліктен қызыққанымды айта кетсем. Әкем 30-35 жыл бойы трактор айдап, сол арқылы нәпақа тауып, бізді киіндіріп, аяқтандырып, мәпелеп өсірді. Осының барлығын көріп өскен соң, тракторды ерекше қадірлеу біздің қанымызға сіңген әдет болды. Содан соң әкеме қарап менің де қызығушылығым оянды. Ұлдардың арасында жалғыз қыз болған соң, әкеме еркелеп, қасында жүріп трактор айдауды үйреніп алдым. Мектепте оқып жүргенде ер балалар «қыз бала трактор айдаған несі» дегендей мазақтап, тиіскен кездер болды. Ал қалың бұқара арасынан «бұл қызға тән іс емес, болашақ ана боласың, ауыр нәрсе көтеруге болмайды» деп жазғандар да табылды. Бірақ мен көңілім қалап тұрған іс болған соң жалғастыра бердім. Негізі, кезінде ағаларым да бұл іспен айналысуыма қарсы болған. Ал қазір бір әулеттің түтінін түтетер келіні атанған соң, жолдасым да қарсылық танытып жүр. Алдағы уақытта онымен тағы бір сөйлесіп, райынан қайтарып, бұл істі әрмен қарай дамытамын деген ойдамын. Десе де, дәл қазір Түркістан қаласындағы оқу орындардың бірінде тіс дәрігері мамандығын игеріп жатырмын. Бірақ «қалауын тапса, қар жанар» демекші, екі істі қатар алып жүруге болады деп ойлаймын. Одан бөлек, келіндік міндетімді абыроймен атқаруым керек. Келін демекші, бір туысқанымыздың тойы болған кезде «тракторшы келіннің қайын атасы» деп атамды көпшілікке таныстырса керек. Біз мұны өз арамызда қызық көріп, қалжыңдап айтамыз.
Басылымдарыңыз арқылы қыз-келіншектерді 8 наурыз Халықаралық аналар, әжелер және қыздар мерекесі секілді ерекше мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдеміліктің, әдептіліктің иесі болып жүре бергейсіздер! Сүйікті істеріңізбен айналысып, еңбегіңіздің жемісін көріңіздер! Бастысы, істеген ісіңізден ләззат алсаңыз болғаны, содан соң елдің сөзін елемеген абзал. Сүйікті ісіңізді орта жолдан тастап кетпей, ұста секілді жан-жағын жонып, айналасын тегістесеңіз, күннің бір күнінде өз ісіңіздің білгірі атанатыныңызға шүбәм жоқ. Сол кезде кезінде сізге сын айтқан кісілер басқаша сөйлеп шыға келеді. Сол себепті өз-өзіңізге деген сенімділік жоғалмасын!