Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарттарға құрмет – ұрпаққа міндет

0 196

Қарты бар ел – қазыналы ел. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсуі мен мәдени-рухани дамуына қарттарымыздың де қосқан үлесі орасан зор. Сондықтан қарияларымызды әрқашан ардақтап, денсаулығына аса мән бергеніміз абзал. Бұл ретте Тараз қаласында қарт адамдарды әлеуметтік қолдау жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.

Аталған бағыттағы қызметтер негізінен үш бағытта жүзеге асырылады. Олар: зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер ұсыну және әлеуметтік қызмет көрсету. Қазіргі уақытта облыс орталығында Ұлы Отан соғысының 12 ардагері мен 6 мүгедегі және 2414 тыл еңбеккері бар. Тараз қаласы мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы «Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы» №66-8 шешіміне сәйкес, жергілікті бюджет есебінен 2135 адамға 213 миллион 505 мың теңге әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне байланыс қызметі, коммуналдық шығындарын төлеуге әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Қариялардың денсаулығын жақсарту мақсатында да жобалар қолға алынған. Осылайша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, оларға теңестерілген тұлғаларға, еңбек ардагерлеріне шипажайлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі. Өткен жылы 100 еңбек ардагеріне жолдама беру үшін 22,6 миллион теңге жұмсалса, биыл бұл мақсатқа 26 миллион 384 мың теңге қарастырылып, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, оларға теңестерілген 240 тұлғаға және 100 еңбек ардагеріне жолдама беру үшін мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізілді.
Бұл ретте қарттармен қатар өзге де ардагерлердің, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың да назардан тыс қалмай жатқанын айтып өту керек. Осыған орай ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», «І дәрежелі Даңқты ана», «ІІ дәрежелі Даңқты ана» алқалармен марапатталған көпбалалы аналарға, І топ мүгедектеріне, нашар көретін ІІ топ мүгедектеріне, Ауған соғысының, Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысушыларға және мүгедектеріне, олардың жесірлеріне, сонымен қатар ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдарға қалалық бағыттағы жолаушылар көлігінде жол жүруге өтемақы беріледі.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» №165 бұйрығына сәйкес, стационарлық үлгіде арнаулы әлеуметтік қызметтердің 6 бағыты бойынша қызметтер көрсетіледі. Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бойынша мүгедектер мен қарттарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің есебінде 348 қызмет алушы тіркелген.

Райгүл ТАЛҚАНБАЕВА, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.