Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Армандағы Америка»: Қазақстандықтар блогерлер жарнама жасаған компанияның алдап кеткенін мәлімдеді

0 253

Қазақстандықтар әлеуметтік желідегі танымал адамдардың жарнамасына сеніп, қыруар қаржысын АҚШ-қа жіберуге уәде берген Hastala Visa компаниясына салған,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Hastala Visa компаниясы барлық құжатты рәсімдеп, үш-төрт айдың ішінде АҚШ-қа жібереміз деп айтқан. Соның ішінде виза рәсімдеу, әуежайдан күтіп алу, тіпті, орналастыру іс-шаралары да бар. Танымал адамдар әлеуметтік желі арқылы жарнама жасапты. Соған сенген адамдар ақшаны әкеліп, сала берген. Шарасыз күйде қалғандар енді не істерлерін білмей жүр.

«Бізге келісімшартты әкеліп көрсетті. Оқыдық. Ал үшінші күні қоңырау шалып, «бөліп төлеу бар, тездетіп келіңдер, бүгін соңғы күн» деп бізді шақырып алды. Мен толық сомасын төледім, 850 мың теңге», – дейді Альмира Сарқұлова.

Оның айтуынша, компания өкілдері банктен есепшот ашуға уәде берген. Бірақ ол жалған болып шықты. Жәбірленушілер оны қыркүйек айында ғана білді.

Ал Қаракөз Жиенбаева Шымкентте жүріп, осы уақытқа дейін ештеңе білмеген.

«Мен ондай ешнәрсе естіген жоқпын. Осында келіп, біліп жатырмыз. Шымкент қаласынан бүгін таңертең келдік. Келсек, осындай болып жатыр. Басында адамдардың пікірін оқып, барғандардың видеосын көріп, шынымен де, солай деп ойлағанмын. Соның бәрін Instagram-нан көрдім», – дейді Жиенбаева.

Компания өкілдері қыркүйектің ортасынан бастап қоңырауға жауап бермей жүр.

Қалалық полиция департаменті бұл іс бойынша екі адам ұсталғанын мәлімдеді.

“Қылмыстық Кодекстің 90 бабына сәйкес қылмыстық іс жүргізілу үстінде. Қылмыстық іс аясында 40 азамат арыздарын ресми түрде түсірген болатын. Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі азамат ұсталып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде”, – дейді Алматы қалалық полиция департаменті.

Ал компания өкілдері ақша салғандарға бейнеүндеу жолдапты. Онда ер адам полицияға арыз түсірмеуді сұрайды.

«Ақшаны қайтарсын десеңіздер, өтінеміз, арыз жазбаңыздар. Қаласаңыз, жаза беруге болады. Бірақ онда бәрі созылып кетеді «, – дейді ол.

Енді жәбір көргендер адвокат жалдап, соттың көмегіне жүгінетіндерін айтады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.