Бүгін Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай, Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев ауданның бір топ ардагерлерін қабылдады,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Қабылдауға ауданымыздың дамуына елеулі үлес қосқан, ұзақ жылдар әр салада басшылық қызметте болған ауданның Құрметті азаматтары, мемлекеттік қызметтің ардагерлері, жазушы ағаларымыз қатысты.
Аудан басшысы ардагерлерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып,
– Сіздер ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыңыздар.
Ел үшін жасаған еңбектеріңіз еселі.
Ауданымыздағы аудандық ардагерлер кеңесінде 5 мыңнан аса ардагер мүше болса, солардың көшбасшысы, ұйымдастырушысы Өздеріңізсіздер.
Басшылық қызметтерде, қоғамдық жұмыстарда мол тәжірибе жинақтаған Сіздердің әрбір сөздеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз біздің күнделікті жұмысымызда пайдасы зор деп ойлаймын, – деп, ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық тіледі.
Ауданның Құрметті азаматтары Басие Абдрахманов, Алтын Досжанова, Жанат Жұмаділдаев, Жұмашбек Әділбеков, Байтуған Рыспанов, Серік Аппазов, Шынайдар Ералиев, журналист, жазушы Бергентай Нұрмаханов және мемлекеттік қызметтің ардагері Мағия Тоқсанбаева аудан басшысына ақ батасын беріп, алғыстарын білдіріп, ой-пікірлерімен бөлісті.
Ауданның мәдениет үйінің қызметкерлері ардагерлерге арнап жырдан шашу шашты.
Жиын соңында аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы ардагерлерге құттықтау хаттар мен сый-сыяпаттар табыс етті.