Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ардагерлер арасындағы аламан

0 334

        Ардагерлерін  қашанда ардақ тұтқан халықпыз ғой. Зейнет  жасына  жетіп, өскен ұрпаққа өздерінің ұлағатты тәлім- тәрбиесін  беріп жүрген  аға буын өкілдерінің  әлі де  берері көп. Олардың  алдағы уақытта да қайнаған өмірдің  бел ортасында жүруін мақсат тұтқан аудан әкімдігі 63 жастан асқан ардагерлер арасында спорттың бес түрінен жарыс ұйымдастырды.

Дене шынықтыру және спорт кешенінде  өткен ардагерлер арасындағы аламанның  ашылу салтанатына арнайы  келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Еркінбек Солтыбаев ағамыз:

– Таластықтар  әртүрлі  деңгейдегі  игі бастамалардың ұйытқы болуымен ерекшеленіп келеді. Бүгінгі  бәсекені де  соның  бір парасы деп қабылдағанымыз жөн. Жарысқа қатысушылар арасында ақсақалды қарияларды да көптеп көріп отырмын. Өмірдің ағымынан шетқақпай көрмей, оның  ортасында белсенді түрде атсалысуы бұл кісілердің  әлі де болса ат үстінде екенін айқын аңғартады, – деп жарысқа  қатысушыларға деген игі    тілегін жеткізді.

Ұлы Отан  соғысының 77 жылдығына орай өткізіліп отырған аталмыш шарада аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов те спортшыларға  сәттілік тіледі.

Алды 80-нен асқан, кейінгілері зейнетке енді  шыққан Қаратау қаласы мен ауылдық округтерден  келген  қатысушылар спорттың 5 түрінен-асық ату, үстел теннисі, дартс, дойбы  және қол күресінен жарыс көрігін қыздырды.

Бұл  бәсекелер барысында жанкүйерлердің қарасы да көп көрінді. Қарияларының  қасынан табылған ауыл әкімдері де оларға барынша қолдау танытып жатты.

Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер толық анықталды.

Жарысты  қорытындылаған аудан әкімі Қанатбек Мәдібек  барлық қатысушыларға  көрсеткен белсенділігі мен шеберліктері үшін рахмет айтып, мұндай  бұқаралық сипат алған бәсекенің алдағы  уақытта да өзінің жалғасын   табатынын жеткізді.

Сонымен, асық атудан  Берікқара  ауылдық  округінің өкілі Пансатбек  Абаев  ешкімге дес бермесе, қол күресінен үшаралдық   Қуаныш Бөпетаевқа тең келер бәсекелес табылмады.

Дойбыдан бұл саланың  белгілі  маманы  қаратаулық Берік Пшанов топ жарса,үстел теннисі бойынша барлық жүлде  қаратаулықтарға  бұйырды. Ал, дартс спортынан Қаратау қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Арыстан Байходжаев мергендігімен көзге түсті.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге  дипломдар, медальдар  және жеке номинациялар бойынша да спортшыларға бас демеуші Мәди  Болысбеков тағайындаған сый –сияпаттар табыс етілді.

Яғни, бұл жерде  жеңіліс тапқан жан болған жоқ.

Ардагерлер арасындағы аламан Қаратау қаласының атшабарында өткен  50 жастан асқанқардың көкпар сайысына ұласты. Бабаларымыздан қалған асыл мұраның бірігейі саналатын көкпар ауданымызда кеңінен етек жайып, ерекше қарқында дамып келеді. Ұлттық спорттың бұл түрінен ардагерлердің де қалыс қалмауы қуантады.

Сайысқа қатысушы көкпаршылар білек күші мен ат құлағында ойнайтын шеберлігін сарапқа салды. Сайысты тамашалауға Қаратау халқы көп жиналды.

Аталмыш жарысқа аудан әкімі Қанатбек Мәдібек қатысты. Аудан басшысы қариялармен кездесіп, жарысқа қатысушы ардагер көкпаршыларға сәттілік тіледі. Одан бөлек, ауданымыздың ат спорт түрінің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарды «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапаттады.

Бұл көкпарға демеушілікті аудан тұрғындары мен көкпар жаңашырлары атынан 700 000 теңгедей жиналып, әр салымға 30 000 теңгеден табысталды.

Ауданда бұқаралық спортты дамыту назардан тыс қалған емес. Ардагерлер арасында  да осы  бұқаралық спортты дамыту мақсатында түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізіп тұру бүгінде жақсы үрдіске айналды.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.