Үздіктер ұлықталды! Облыс баспасөзінің қара шаңырағы қуанышқа кенелді. Баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясын аламанда ат оздырып, шашасына шаң жұқтырмай жүзден жүйрік шыққан «Aq jol» газеті жеңіп алды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Биыл төртінші рет өткен байқау барысының ерекшелігі сол, әділ қазылар алқасының құрамында беделді қайраткерлер, зиялы қауым өкілдері және танымал қазақстандық журналистермен бірге британдық журналист Нил Уотсон мен публицист, израильдік медиаменеджер Эмиль Шлеймович те үміткерлердің дүниелерін сараптауға атсалысқан. Оның үстіне сайыста баспасөздің баһадүрі Шерхан Мұртаза атындағы арнайы номинация тағайындалыпты.
Бұл байқау Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен жалғасын тапты. Жаңалықтың жаршысы бола білген облыс басылымының абыройы асқақтап, сый-құрметке бөленуі – аймақтың мақтанышы. 100 жылға жуық уақыт тарихы бар облыстық басылымда бұл күнде бақилық болған жазушылар Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбай, Мақұлбек Рысдәулеттің ерен еңбегінің қолтаңбасы қалған.
Сондай-ақ татулығы мен бірлігі жарасқан ұжымды қаламы қарымды қаламгерлер Баттал Жаңабаев, Елен Әлімжан, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иемберді, Көсемәлі Сәттібайұлы және Қуат Әуесбай да басқарған. Бүгінде «Aulieatа-media» ЖШС-нің директоры, белгілі журналист Нұрбек Бекен, бас редакторы Оралхан Дәуіт тізгінін алған газет тынымсыз еңбекқорлығы мен тың идея һәм жаңашылдығының арқасында әлі де алар асуының асқақ екенін дәлелдеуде.
«Aq jol» газетінің рес-публика бойынша ең үздік атануы Жамбыл облысының рухын асқақтатып, қалам құдіретімен халықтың ой-тілегін, мұң-мұқтажын жеткізіп жүрген ақжолдық әріптестеріміздің журналистикадағы мәртебесін көтеріп тастады. Танытар тағылымы мен талғамы ерен, жазары тың, қалам қуаты қарымды ақжолдық әріптестеріміз осал еместіктерін осылай танытып тас-тады. Құттықтаймыз!