Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аппақ келіннің афро-америкалық әкесі қазақтармен «құда» болуға дайын

0 187

Salem social media түсірген “Аппақ келін” веб-сериалындағы Лияның әкесі Филипп Зунграна қазақтармен құда болуға дайын, деп хабарлайды Экспресс К

Филипп «Аппақ келін» веб-сериалы арқылы қазақтың салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрпымен жақсы танысқан. Жақында сериалдың екінші маусымының түсірілім жұмыстары аяқталды. Онда Филипп құданың рөлін сомдайды.

Өткен маусымда афро-америкалық Лияны келін қылып түсірген Қамажай оны шетелге жібермей қояды. Ұлы мен келінін өз үйінде алып қалу үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Енесі келінін бар болмысымен қабылдап, тату-тәтті өмір сүре бастайды. Енді сериалдың екінші маусымында Лияның енесі Қамажай АҚШ-тан келетін құда-құдағиларын асыға күтпек.

© SSM
© SSM

Филипп Зунгрананың айтуынша, ол сериалға бірінші рет түскен. Филипп — өмірде актриса Фатима Кулибалидың өкіл әкесі.

 

«Маған түсірілім жұмыстары қиын болды. Өйткені осындай тығыз жұмыс кестесімен бұрын-соңды жұмыс істеп көрмегенмін. Сериал түсіру үшін бірнеше ай кетеді деп ойламадым. Әдетте экранда бәрі әдемі болып көрінетін еді ғой. Қазір бәріне үйрендім. Сериал арқылы қазақ халқының мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен етене таныстым. Кейде отырып өз елімнің салт-дәстүрімен салыстырамын. Ұқсастық бар. Мәселен, үлкендерді құрметтеу және қалың мал беру. Екі елде де өзінен жасы үлкен адам сөйлесе оның ақылын тыңдайды. Бізде де қызды тұрмысқа бергенде ата-анасы күйеу жігіттен қалың мал ретінде сиыр, қой немесе алтын сұрайды. Сосын қызды шығарып салып, той жасаймыз. Яғни бізде де құдалық болады деген сөз. Осылардың барлығын көргеннен кейін қазақтармен құда болуға дайын екенімді ұқтым», — дейді Филипп Зунграна.

Лияның америкалық анасын белгілі актриса Светлана Фортуна сомдайды. Ол қазақтың салт-дәстүрін жақсы біледі екен.

 

Сериалдың екінші маусымы осы жылдың қазанында көрерменге жол тартады. «Аппақ келін» комедия жанрындағы ең танымал сериалдардың қатарына енді. Осы уақытқа дейін веб-хикаяны YouTube-те 7 миллион 200 мың адам тамашалаған.

 

Экспресс К бұған дейін «Аппақ келін» өзінің екіқабат екенін жария еткенін жазды. Фатима Кулибали веб-сериалда басты кейіпкер — Лияны сомдайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.