Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанның ең сұлу қызы Димаш Құдайбергеннің сыйлығын аукционға шығарады

0 20  035

«Қазақстан аруы-2022» конкурсының жеңімпазы Томирис Кәкімова Димаш Құдайбергеннің қолы қойылған домбыраны аукционға шығарып, қайырымдылық жасауды шешкен, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Домбырада Димаштың қолтаңбасы бар. 2018 жылы Димаш Құдайберген «Әлем аруы-2023» конкурсы өтетін Мумбайдағы Jio Дүниежүзілік конференция орталығында өнер көрсеткен.

Томирис Кәкімова өз шешімі жайлы Instagram-парақшасында хабарлады.

«Мен «Әлем аруы» байқауы шарасы аясында өткізілетін қайырымдылық аукционға жай ғана музыкалық аспап емес, өзіндік тарихы бар және Димаш Құдайбергеннің қолтаңбасы қойылған, мәдениетіміздің нағыз символы – домбыраны ұсынғанымды мақтан тұтамын. Оның мағынасы терең, өйткені 2018 жылы Димаш Құдайбергеннің дәл сол алаңдағы өнер көрсетуі көрермендердің жүрегінде өшпес із қалдырды және бізді жаңа жетістіктерге шабыттандырды», – деп жазды Томирис.

Аукцион «Әлем аруы» конкурсының аясында болады. Барлық түскен қаражат «Әлем аруы» ұйымдастыруымен жүзеге асырылатын түрлі әлеуметтік және экологиялық жобаларды қолдауға бағытталады. Қайырымдылық аукционына елінің атынан бірдеңе ұсыну – әр конкурс қатысушысының міндеті.

«Біз бәріміз бірге Қазақстанның мақтанышы мен бірегейлігін халықаралық аренада биіктете алатынымызға шын жүректен сенемін. Табыс пен позитивті энергияға қуатталған домбыра біз үшін сәттілік тұмары ғана емес, игі істерге бағытталған бірлескен күш-жігердің құдіретін еске салатын болады. Бұл аукцион қайырымдылық бастамаларға елеулі үлес қосып қана қоймай, әлемдік сахнада ұжымдық табысымызға тағы бір қадам болатынына сенімдімін», – деп жазды Томирис Кәкімова.

«Әлем аруы-2023» конкурсы 2024 жылдың 18 ақпан- 9 наурыз аралығында Үндістанда өтеді. Томирис Кәкімова әлемнің 100-ден аса елінен келген арулармен бақ сынасады.

massaget.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.